Жолсапар

Жолсапар

 

Жаңылсын Аманқұлқызы,

БҚМУ 4-курс студенті

 

Америка әсерлері

 

Адам әрбір күнін, әрбір сағатын мақсатсыз өткізбеуі керек. Уақыт бізбен санаспайды, тез өтіп кетеді. Сондықтан өмірдің әрбір сәтін, әсіресе жастар, бір күндік қызықтармен ғана қор қылмай, өмірдің іссіз, мазмұнсыз бос болмауын қадағалау керек. «Уақыт бар ғой» деп бүгінгі ісіңді ертеңге қалдырма. Өмірдің ұзақ екені рас, бірақ ол біреу ғана. Мен үш жыл уақытымның зая кеткеніне әлі де өкінемін. Сондықтан да айтарым «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, ағылшын тілін үйренуге кеңес беремін. Себебі, қазіргі дамыған заманда шет елге шығу үшін тіл керек, магистратура оқу үшін де тіл керек, беделді жерге жұмысқа тұру үшін де ағылшын тілін талап етеді.

Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде «Work and travel» атты бағдарламаны естіген едім. Қызықтым. Армандадым. Бірақ мақсат қоймадым, мүмкін желкенің қыры жібермеген шығар. Әбден үшінші курсқа келгенде ғана баруға шешім қабылдадым. Бұл ойыма үйдегілер де түсіністікпен қарады.

Айта кетейін, бұл бағдарламаға қатысу үшін жалпы ағылшын тілін түсініп, диалог құрып сөйлесе білуің керек. Ешқандай да тестті, я болмаса деңгейді қажет етпейді. Мен 2015 жылы қыркүйек айынан сәуір айына дейін Орал қаласында ағылшын курсын оқыдым. Ол үшін өкінбеймін, өйткені көп нәрсе үйрендім. Бірақ, АҚШ елшілігі қызметкерімен сұхбат кезінде бағы жанып, ешқандай курссыз-ақ виза алғандарды кездестірдім. Иә, бақ шаба ма, әлде бап шаба ма деген осы.

«Work and travel» туралы қосымша мәлімет: аталмыш бағдарламаға қатысу үшін агенттіктер көмектеседі, яғни шет елдегі жұмыс орның, тұрғын үйің, медициналық сақтандыруың, елшіліктегі сұхбаттасуыңды жүзеге асырады. IEC немесе ЦМО (Центр международного обмена – Халықаралық айырбас орталықтары) агенттіктері маған көп көмектесті және де басқа жандарға да ұсынарым осы.

Әр адамның өмірі белгіленген бір жолмен өтеді. Менің өмірім күн сайын, жыл сайын қайталанатын бір күйбең тіршілікпен өтетін. Жасым 20-ға келсе де Орал қаласынан, тіпті өз ауылымнан жырақ шығып көрмеппін. Бірақ осы қой жылы менің өміріме ерекше тартуын алып келгендей. Жазғы емтихандарымды сәтті аяқтап, Астанаға жол тарттым. Іштей толқу үстінде болдым. Елордада Кристофер есімді АҚШ елшілігі қызметкерімен сұхбат ойлағанымнан да керемет өтті. «Мақсатыма жетуге санаулы уақыт қалғанда бәрі құр болады ма?!» деген қорқынышым күшті еді. Себебі, алдыңда Америка азаматы, өз тілінде бұлбұлдай сайрап отыр. Ең бірінші қадамым – сұхбат бойы іштегі үрейді жасырып, көтеріңкі көңілде болдым. Менің білімім екінші деңгей болатын, соған қарамастан қойған сұрақтың бір-екі сөзін қағып, шамамен жауап бердім. Ол жымиған жүзбен: «you are visa approved» деген кезде қуанышымда шек болмады. Сол қуанышымды көп суытпай, шетел асып кете бардым.

Вена қаласы арқылы ұшқан болатынмын. Венада жалғыз едім, ешкім танымайтын елге келгенімде қатты састым. Әркімге бір барып: «Do you speak russian?» деп орысша сөйлейтін адам іздей бастадым. Содан Албанияның қызымен танысып, мән-жай сұрасып, соның қасынан бір елі шықпадым. Абыржығаным сонша, тіпті әлгі қыздың есімін сұрауға да ұмытып кетіппін. Кейін рейсті күту аймағында отырған кезде бір жан таныс секілді көрінді. Кейін төлқұжатынан танып: «Вы из Казахстана?» десем, ол кісі: «Да» дейді. Мен қайтадан: «Қазақша сөйлейсіз бе?» - деппін, ол: «Иә» деп күлді. Менің қуанышымда шек болмады. Астанадан БҰҰ конференциясына бара жатқан Гүлмира есімді қазақ қызы екен. Маған жол көрсетіп, көп көмектесті. Ол кісіге айтар алғысым шексіз.

«Сұрай-сұрай Мекеге де барасың» дейді ғой қазақ. АҚШ-тың әйгілі президенті Джон Кеннеди туып-өскен Массачусетс штатының Хаянис қаласына, яғни жұмыс орныма да жеттім-ау. Мұнда мені өз достарым қарсы алды!

Оқиға былай болған: «Work and travel» бағдарламасына бірге қатысып, Астанада іріктеуден бірге өткен 11 қазақ едік қой. Арасында Елордада оқитын кластастарым да бар еді. Оларға жұмыс орнына Америкадан растау қағаз тез келіп, менен бір ай бұрын аттанып кетті. Жалғыз өзім бір ай кешірек болса да, арманыма жеткеніме қатты қуандым!

Достарым бір ай ішінде сол ортаға әбден үйреніп алыпты. Америкадағы 11 қазақ хикаясы сол күннен басталды.

Жұмыс орным «Dockside» мейрамханасы еді. Мейрамхана иелері және қызметкерлері Ямайка елінен келген афроамерикандықтар екен. Бәрі өте мейірімді еді. 3 ай ішінде мені қатты еркелетіп, оларға тіпті қатты бауыр басып қалдым десем артық болмайды.

Бір байқағаным, АҚШ елінің тұрғындары мейірімді, жылы шырайлы, өте қарапайым, танымаса да амандасып, ерекше көңіл-күй сыйлайды. Сонымен қатар, сол жердің тамаша табиғаты, әдемі көріністері көздің жауын алады. Әсіресе теңіз көрмеген маған Атлант мұхиты ерекше әсер етті. Осыншама керемет көріністерді өз көзіммен көремін деп ойламаппын.

Мақтана айтатын бір оқиға – банктегі кездесу болды. Құрбым екеуміз кезекте тұрғанда алпысты алқымдаса да заманауи киінген бір әже бізге жақындап: «Вы из Киргизии?» деп сөзге тартты. Шетелде жүргенде өзің білетін тілде сөйлеген жан көрсең, қуанасың. Біз: «Нет, мы из Казахстана» деп, содан әңгіме жалғасын тапты.

Бұл – Барбара есімді грек азаматшасы екен. Совет үкіметі кезінде Кавказ жерінде дүниеге келіп, кейін Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Ильичёвка ауылына қоныс аударылған. (Өкінішке қарай, бұл ауыл қазір Өзбекстанға өтіп кеткен – Ж.А.) 14 жасына дейін қазақ жерінде өсіп, қазақ мектебінде білім алған. Бойжеткен шағында ата-анасымен өз ата-жұртына қоныс аударып, сол жақтан Америка азаматына тұрмысқа шығады. 1979 жылдан бері жоғарыда аталған қалада тұрады екен. Әр жыл сайын қырғыз, қазақ елдерінен келген студенттерді үйіне қонаққа шақырып, қолынан келген бар көмегін аямайтын көрінеді. Бізге де 3 ай көлемінде бар ақылын айтып, тәттісін алдымызға тосып, туған әжемізден кем болмады.

Біздің негізгі міндетіміз – 3 ай бойы жұмыс жасау еді. Соңғы қыркүйек айы саяхаттауға берілді. Біздің алғашқы саяхатымыз штатымыздың орталығы Бостон қаласынан басталды. Әлемдегі озық университеттерінде болдық. Айта кетейін, Джон Гарвард атындағы алып оқу орны мен «MIT» Массачусетс техникалық университеттерін аралап, ерекше әсер алдық. Кешқұрым АҚШ елінің астанасы саналатын Вашингтонга қарай сапарымызды жалғастырдық. Ол қала өзінің ерекше тарихи ғимараттарымен ерекшеленеді. Ұлттық-дүниетанымдық тарихи мұражайы, Американдық үндістердің ұлттық мұражайы, Авиациялық ұлттық мұражай және ұлттық хайуанаттар бағын тамашаладық. АҚШ-та мұражай да, зообақ та тегін екен. Суретке түсіруге де ешкім тиым салмайды.

Біздің саяхатымыз туристер көп жиналатын Ниагара сарқырамасымен жалғасты. АҚШ пен Канаданы бөліп жатқан Ниагара өзеніне барып, әлемдегі ең биік сарқырамалардың бірінен өзгеше әсер алып қайттық. Ол жерге жыл сайын мыңдаған турист келіп, табиғаттың осы бір сыйын өз көзімен көреді. Өз басым су үстіндегі кемпірқосақты бұрын-соңды көрмеппін. Мен үшін бұл таңғажайып көрініс болды.

Саяхатымыздың соңғы нүктесі – әлемнің әйгілі қалаларының бірі Нью-Йорк шаһары еді. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған миллиондаған адамға күн-түні лық толы көшелері, аспанмен таласқан биік ғимараттары, алып лед-экрандар көздің жауын алады. Ұйықтамайтын қала ұлан-асыр ұлылығымен тәнті етті...

Осылайша АҚШ-тағы үш айым үш күндей болмай өтіп кетті. Қазір Ақ Жайық жағасындағы Оралыма оралып, оқуымды жалғастырып жатырмын. Менің алыс сапарым – ең алдымен Алланың, одан кейін әкемнің арқасында мүмкін болды. Әпке-бауырларымнің қолдауы мені жігерлендірді. Оларға да мың сан рахмет!

Бөлісу: