Жаңа кітап

Жаңа кітап

 

Таласбектің томдары

 

Белгілі жазушы, сценарист, музыкант, домбырашы Таласбек Әсемқұловтың 5 томдық шығармалар жинағы ҚР Мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан жарық көрді.

Көптомдықтың алғашқы кітабына «Талтүс», «Кәрі күйші», «Тәттімбет сері» (аяқталмаған) атты күйшілік туралы романдар енген.

Екінші том прозалық шығармалар мен киноромандардан тұрады. Олардың ішінде «Шымдан», «Кәрі ат», «Атайы», «Арылу», «Үш аяқты ит», «Болмашы әңгіме» сияқты 1980 жылдары жазылған шығармалардан бөлек, ХХІ ғасырдың бергі жағында туған «Біржан сал», «Тұмар падиша», «Бекторының қазынасы», «Шатырда тұратын суретші», «Құнанбай», «Маңғыстау жорығы» атты туындылар да бар.

Бестомдықтың үшінші томына орыс тілінде «Царица Томирис», «Смерть ханского коня», «Биржан сал», («Последний трубадур»), «Жезтырнак», «Приемыш», «Медный город» (аяқталмаған) киноромандары мен «Смирение» әңгімесі кіріпті.

Таласбек ағаның төртінші томы «Сырлы сарын» және «Әдебиет әлемі» атты екі бөлімнен тұрады. Аты айтып тұрғандай, бұл жинақта автордың музыка және әдебиет туралы әр жылдары жазылған мақалалары топтастырылған екен.

Ал бесінші томға автордың мифология, тарих, қоғам жайында әр кезеңде жарияланған мақалалар кірген.

Таласбек Әсемқұлов ағамыздың жан-жақты ғалым, танымы терең тұлға болғандығы осы бестомдықтан анық байқалады. Бірақ автордың артында қалған, жинақталып оқырман қолына жетпеген асыл мұра әлі көп. Болашақта Таласбек Әсемқұловтың мақалалары мен сұхбаттарының жинағын орыс тілінде шығару жоспарланып отыр екен.

Жазушының зайыбы, белгілі мәдениеттанушы Зира Наурызбаеваның айтуынша, бұл томдықтарды дайындауға бес жыл уақыт кеткен.

«Бұл көптомдықты бес жыл бұрын дайындай бастағанбыз. Күйеуімнің қазасынан кейін кітап басып шығару ісіне белсенді кірістік. Бүгінде 9-10 томға жететін материал қолымызда бар, орыс тілінен қазақ тіліне аударылған таңдамалы аудармалары бар. Алдағы жылдары осы материалдарды басып шығаруды көздеп отырмыз», – дейді Наурызбаева.

Таласбек Әсемқұлов 1955 жылдың 1 тамызында Алматы облысында дүниеге келген. Ол домбыраның құлағында ойнайтын шебер, қазақ-орыс тілдерін тең меңгерген қаламгер, «Біржан сал» (2007) және «Құнанбай» (2015) фильмдерінің сценариін жазған, мифологияны зерттеген, әдеби және музыкалық сыншы, орыс тілінен қазақ тіліне аудармашы, музыкалық шебер — домбыра жасайтын өнері де болған. Соңында аса мол әдеби мұра қалдырған Таласбек аға Әсемқұлов 2014 жылдың қыркүйегінде кенеттен қайтыс болған еді.

Көптомдық жинақ 2300 дана тиражбен жарық көрген.

DK

Бөлісу: