Туризмге бет бұрған Баку

Біздің болашағымыз - білімде. Сондықтан қазіргі жас ұрпақты саналы білімге жетелеу үшін көршілес мемлекеттермен қарым-қатынас ұстап, ондағы білім беру жолдарын көріп, түсіну мақсатында Баку қаласындағы «CLOBAL CAREER INSTITUTE» стажировкадан өттік. Стажировканың негізгі мақсаты: білім беру жолдарындағы жаңашылдық деңгейлерін бақылап көру, бакалавр, магистратура, докторантураның негізгі бағдарламаларын, ондағы өзгерістерін айқындау болатын.

Баку қаласына 26-31 наурыз айы аралығында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің 6 оқытушысы «Тарих» мамандығы бойынша - Р.Л.Абдрахманова, Д.Д.Сүлейменова, «Қазақ тілі»мамандығынан – М.Әжіғалиев; Педагогика мамандығынан - Р.С.Кенжекова; Қаржы мамандығынан – Г.Құрманова; магистратура бойынша - А.Б. Бакиев стажировкаға келдік. Баку қаласында бізді CLOBAL CAREER INSTITUTE-ның директоры - Orhan Hasanoglu, директордың орынбасары Anar Hasanovтар өте жылы қарсылап, төрт жұлдызды HILTON қонақ үйіне орналастырды. Ертеңіне қаламен таныстырды.

Жалпы Әзербайжан Республикасының астанасы өте әдемі қала екен, көшелері тап-таза, адамдары өте мейірбан, Қазақстан Республикасына, қазақ халқына деген ықыласы ерекше, бізді бауыр санайды. Арғы атамыз Түрік елі деген түсінікте.

Осы сапар барысында біз Әзербайжан қаласындағы Туризм университетінде болдық. Бұл университет 2006 жылы ашылған. Бастапқыда университетте 1 ғана факультет болған, 3 мамандық, 2 кафедра жұмыс жасаған. Туризм мамандығы бойынша бірнеше тілде факультеттер бар екен. Атап айтсақ: ағылшын, әзербайжан, түрік және орыс тілдерінде. Ағылшын тілі 6 кредиттік жүйеде оқытылады және «Турист клуб» жұмыс жасайды, онда студенттер өз еріктерімен қатынасады. Осы университетте туристерге сервис көрсетудің барлық бағыты оқытылады және студенттер өз еріктерімен тәжірибе жинақтау мақсатында қосымша жұмыс жасайды екен. Кітапханалары әр корпуста бірнешеу, жатақханаларда барлық жағдай жасалған. Бұл оқу орны мемлекеттік болып саналады. Бүгінгі таңда осы оқу орнында бакалавриатта – 1710, магистратурада – 143 адам оқыса, 38 адам докторант және диссертант болып білім алуда. Студенттердің 749-ы мемлекеттік бюджет арқылы, 762-сі келісім-шарт бойынша ақылы оқитындар екен.

Осы оқу орнында Ресейден, Түркиядан, Африка елдерінен, Германиядан, Ұлыбританиядан, Италиядан, Латвиядан, Франциядан, Болгариядан т.б. жерлерден студенттер келіп оқиды. 40-тан астам мамандық бойынша магистратура 16 мамандық бойынша докторантура жұмыс жасайды. Магистратура күндізгі және кешкі болып бөлінеді, кешкі магистратура ақылы, оның сабағы 18:30 сағатта басталады, тілі  -ағылшын, түрік, азербайжан, орыс. Бұл оқу орнында Әзербайжан Республикасында бұрынғы білім беру жүйесі бойынша Ғылыми Кеңес сақталған, онда асперантура және докторантура бойынша ғылыми диссертациялар қорғалады.

Студенттер практиканы Түркияда, Грекияда, Солтүстік Кипрде, Америкада, Украинада, Израилде, Португалияда және т.б. жерлерде өтеді. Студенттердің ғылыми қоғамы және студенттік кәсіподақ ұйымы жұмыс жасайды.

Әзербайжан Республикасында туризм бағыты өте жақсы дамыған. Сондықтан студенттер осы мамандықты таңдап, туризмнің әр түрлі бағыттарында жұмыс жасауда.

Жалпы Әзербайжан мемлекетінің жер көлемі Қазақстаннан көп кіші болғанымен тарихына ерекше көңіл бөледі екен. Өте ерте кездегі қола дәуірінде жерленген адамдардың басы батысқа немесе оңтүстік-батысқа қаратылған. Ерте қола дәуірінде креминация (мәйітті өртеу) басым болған. Адамдар отқа табынған, тасқа суреттер салған, онда жабайы бұқа бейнеленген. Ол молшылық, құдіреттілік пен күшті білдіретін символ. Сонымен қатар тоқыма өнерінде қос өркешті бактриан түйесі бейнеленген. Ол ирандықтарда күн күркіреуінің құдайы. Бұлар ирандықтардың қасиетті кітабы «Авестада» берілген. Біз бұларды Баку қаласындағы «Отты қала» экскурсиясында көрдік. Олар да құрбандық шалған, бірақ құрбандыққа жеміс-жидекті, соның ішінде анарды тастаған екен.

Байқап отырсақ, біздің ежелгі салт-дәстүрімізде ұқсастық өте көп. Ошақ, от – қазақ халқында да өте қасиетті деп саналған. Бакуде осы «Отты қалаға» индиялық үндістер өте көп келеді екен. Олар осы жерді қасиетті мекен деп табынып, кейбіреулері осында жатып, өздерінің ақырет күнін күткен.

Біз тағы бір тарихи жер – «Ширван шахтың» сарайында болдық. Бұл орта ғасыр ескерткіші. Тағы бір тамашалаған «Cala қала» да орта ғасыр ескерткіші екен. Өте тамаша, аспан астындағы ашық мұражай.

Байқағанымыз, Бакуде барлық жер ерекше өте таза, жоғарғы деңгейде қызмет көрсетіледі. Барлық жерде әртүрлі тілде түсіндіретін экскурсоводтары бар. Олар өз елінің өткен тарихын аса құрметтеп, әдемілеп жеткізіп бере алады. Әзербайжан халқы шетінен патриот, мемлекетінің болашағы – оның өткен тарихында деп түсінеді.

Келесі күні біз Әзербайжанның экономика университетінде болдық. Экономиканы – әзірбайжандар «дәулет» деп атайды. Университет өте үлкен. Бұнда 18 мың студент оқиды, төрт факультет 4 тілде – ағылшын, түрік, әзербайжан, орыс тілдерінде оқытады. Мұнда 160-тан астам ғылым докторы мен кандидаттары сабақ береді. Халықаралық магистратура, докторантуралар бар. Ең көп студент ағылшын, түрік, азербайжан факультеттерінде. Студенттер 4 курста негізінен практикадан өтеді. Магистратураға түсетін дайын топтары бар. Экономика университетінде шетелден келген студенттер өте көп, олар негізінен ағылшын тілінде оқиды. Біз «Халықаралық басқару жүйесі» атты 2 курстағы бизнес мамандығының дәріс сабағына қатыстық. Бұларда 1 потокта 68 студент, семинарда 2-3 топқа бөлінеді. Сабақ берген экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Эльдар Олжа би. Дәріс түрік тілінде өтті. Оқытушының компьютері аудиторияда тұр, оқытушының дәрістері компютерге толық салынған, оны интерактивті тақтадан студенттер толық көріп отыр. Студенттер сабаққа толық қатысып, өз пікірлерін ортаға салып, сұрақтарын қойып отырды.

Жалпы қорыта айтсам, көршілес мемлекет астанасы Бакуде оқу орындарының көбі мемлекеттік болып келеді екен. Әлемдік рынокта мұнай бағасының түсуі ел экономикасына әсер етіп, мемлекет енді туризмге көңіл бөлуге қажеттілік туғанын түсініп отыр. Жастар жалпы болашақ білімде екенін толық түсінген, бәрі оқуға түсуге, түскендері жақсы білім алуға құштар екенін көрдік. Бакудегі оқу орындары Европа елдерімен толық қарым-қатынаста, олар өзара студент алмасып, оқытушыларды да алмастырып отырады.

Біздің біліміміз де ешкімнен кем емес, дегенмен үйренетін нәрселер баршылық. Сондықтан тәжірибе алмасып, ой бөлісіп отыру қажет-ақ.

Бакуге барған іс-сапарымыздың қаражатын төлеген құрылтайшымыз – Ләззат Тұяқбайқызы Рысбековаға зор алғысымызды білдіреміз.

Дәметкен СҮЛЕЙМЕНОВА,
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының кандидаты

Бөлісу: 
Дополнительные фотографии: