Тәуелсіздіктің жолында құрбан болған жастардың рухына арналады

Шынайы тарихи оқиғаға негізделген, ұлттық рухты оятатын жаңа тарихи роман жарық көрді. Көптен күткеніміз. Сең қозғалғандай. Бұрыңғы кеңес заманының салқын саясатынан ада, тәуелсіздікке адал қызмет ететін жаңа буын қалыптасып келеді. Бұлар мұзжарғыштар іспеттес. Міне, бүгінгі романның авторы осылардың бел ортасынан. Ақиқатты арқау еткен шығарманың құнды болатындығы уақытпен дәлелденген. "DANAqaz" журналының алғашқы нөмірін шығарғанда мақсатымызды көрсете алатын, мазмұнын ашатын салмақты тақырып іздегенбіз. Сонда Жаңабек Жақсығалиевтің осы Ғұбайдолла Әнес туралы жазған мақаласын таңдағанбыз. Енді Мұнайдар Балмолданың "Он төрт" тарихи романы халыққа жол тартты. Бұл кітаптың шығуына аз-кем тоқталсам.

Биыл 12 наурыз күні Мұнайдар Балмолда "Фэйсбук" парақшасына "ҚАЙРАН ҒҰБАЙДОЛЛА" атауымен пост жазды. Онда "Қазақ халқын қорғаушылар одағы" туралы әдеби, тарихи повесть жазуды қолға алатындығын айта келіп, былай дейді: "...Жазып шығамын-ау, бірақ кітап қылып басуға шамам жетпейтінін сеземін... Әзірге оны ойлап та жатқаным шамалы, егер оны ойласам, онда қолым жүрмей қалуы кәдік, сондықтан бар есіл-дертім осы повесте болып отыр... қазір, 83-ші параққа жетіппін... Алла деп...". Осы жазбаны оқығандар арасында "Мұнайдар аға, алаңсыз жазыңыз. Қолдау болады!" - деп қуаттаған. Міне, Мұнайдар ағамыз шабыттанып  жазып, повесіміз романға айналды. Уәдеге сай кітап болып шығуы ұйымдастырылды. Нағыз ұлттық рухты көтеретін, халқына адал қызмет етудің үлгісін көрсететін, шындыққа жазылған, әр үйде кітап сөресінің төрінен орын алуға әбден лайық кітап. Бұл әдеби шығарма қайғыға толы қасіретті тарихымызды жаңа буынның санасына сіңіртудің керемет тәсілі болмақ. Алыңыздар, оқыңыздар, оқытыңыздар!

Ақбай Баржыұлы

Бөлісу: