Садақада ысырап жасамайық

Қазіргі таңда жаназа кезінде қайтыс болған адамның рухына Құран бағыштап ас беру бәсекеге айналып барады. Тіпті өзгелерден қалмас үшін несие алып, қонақасыны мейрамханаға жасайтын отандастар көбейгені алаңдатады.

Жуырда Батыс Қазақстан облыстық мешітінің бастамасымен «Салт-дәстүріміздегі діни рәсімдерді жаңғырту» атты дөңгелек үстел өтті. Онда өмірден өткен жанның садақасы, қонақасын беру, орамал тарату, қабір басына белгі орнату мәселелері қаралды. Жиында ҚМДБ бойынша БҚО-ның өкіл имамы Руслан Сұлтанов ортақ садақа мәзірін ұсынды. Оның ішіне нан, бауырсақ, талқан, құрма, кәмпит, күлше, өрік-мейіз, қаймақ, шай, ет тағамдары кіреді. Шараға қатысушылар жаназа дастарқаны мәзіріне ұсынылған тағамдарды бірауыздан қолдады. Осыны жерлестеріміз де қош алып, қолдаса игі болар еді.

Жалпы ысырап жасаудың түрі көп. Мәселен: уақыт, еңбек, қуат, су, жастық шақ сияқты нәрселерді пайдалы орында жұмсамау ысырапшылдыққа жатады. Егер дүниедегі барлық адамдардың босқа өткізген уақыты, қуаты және еңбегі есептелетін болса, дүниеде аштық және жоқшылық ішінде қиналып жатқан миллиондаған адамның мұқтаждығын кетіретін қажетті өнімдер өндіруге болар еді.

Ысыраптың көлемі қанша болса да, зияны үлкен, себебі кіші деп саналған нәрселерді біріктірген кезде үлкен сандар шығады. Минутына он тамшы су жіберетін краннан айына 170 литр су далаға кетеді екен. Ал Алланың алдында судың да сұрауы бар емес пе?! Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала Ағраф сүресінің 31-аятында: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер! Аллаһу та’ала ысырап еткендерді әлбетте жақсы көрмейді» десе, Исра сүресінде «Ысырап етпе! Ысырап еткендер - шайтанның бауырлары» деген қатаң ескерту бар.

Біле білсеңіз, садақа беруде де ысырап бар. Пайғамбарымыз с.ғ.с. кезінде Сабит бин Қайс деген сахаба бір мезетте 500 ағаштағы құрмалардың барлығын садақаға беріп, үйі үшін ешнәрсе қалдырмағанында «Барлығын бермеңдер» деген аят түскен болатын. Демек қарызынан көп мал-мүлкі болмаған, бала-шағасын қажеттілігін қамтамасыз ететін мал-мүлкінен артығы болмаған немесе қиыншылыққа төзе алмай тұрып, өзі мұқтаж адамның садақа беруі ысырап екен.

Қазір тойдағы ысырапты тыйдырудан бұрын, садақа жасаудағы астамшылдықты тоқтату керек сияқты. Себебі бұның нәтижесі қолда бар берекеге зиян. Расымен де «садақа жасау байдың барын шашады, жоқтың артын ашады» демекші, құдайы асты тоймен шатастырмайық!!!

 

Наурыз ҰБАЕВ,
Тәжиден Батырұлы мешітінің найб имамы, теолог

Орал қаласы
(Сурет интернеттен алынды)

Бөлісу: