Редактор бағаны

Армысыз, ағайын!

 

Жаз – журналистер үшін аяқтағы тұсау шешіліп, даланы кезіп көсіліп көп жүретін, жұмыстың жүретін айы. Өтіп бара жатқан жаз да біз үшін солай болды.

 

Батыс Қазақстан облысында соңғы жылдары қарқын алған эпиграфикалық зерттеу жұмыстары бүгінде барынша жүйелі, барынша көлемді сипат алған. Жаздың жарқын күндерін пайдаланып, бірнеше экспедиция ұйымдастырдық. Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының мамандарының қатысуымен Бөкей Ордасындағы Хан зираты кешенді зерттеуден өтті. Ақжайық ауданында бастамашыл маман, біздің журналдың тұрақты авторларының бірі Жәнібек Әбілпейісовтың ұйымдастыруымен бірнеше көне қорым зерттелді. Одан бөлек Жәнібек, Жаңақала, Қаратөбе, Сырым, Шыңғырлау аудандарында да кең көлемді жұмыстар жүріп жатқанынан хабардармыз.

Журналымыздың осы санында белгілі Сүгір жырау Мырзалыұлының құлпытасы табылғанын айтып, сүйіншілеп отырмыз. Алдағы нөмірде Сүгір жыраудың өмірі мен қызметіне, шығармашылық мұрасына жеке тоқталмақпыз.

Батыс Қазақстан өңіріндегі қазақ баспасөзінің даму тарихы да әрқашан оң назарымызда болғанынан оқырмандарымыз хабардар ғой. 2017 жылдың шілде айында облыстық басылымдардың бір ғасырлық мерейтойы келе жатыр. «Жайық Пресс» ЖШС осы датаға орай кешенді шаралар жоспарын жасады. Сонымен бірге күллі қазаққа ортақ тұлға, ағартушы, ақын Ғұмар Қараштың барынша толық шығармалар жинағы дайындалу үстінде.

Ақ Жайық өңіріндегі әдеби-мәдени жаңалықтар, оң бастамалар да әрдайым «DANAkaz» журналының назарында. Жақында дүниеге келген «Біздің елдің жігіттері» атты серияның тарихы, «Оралбек батыр» кітабынан үзінділер беру де жоспарымызда тұр. Бұйырса, журналымыздың алдағы сандарының сыртқы сапасы да, ішкі мазмұны да биіктей түсері анық. Бірге болайық!

Бөлісу: