Отбасы

Отбасы

Тектілік тағылымы

 

Әкем аңшы адам еді. Үш-төрт жасар күнімде үй алдындағы көмір қораның ішінде қызылынан көрі ақшыл түсі басымдау, ірілігі ерекше бір түлкі жатты. «Енді оны не істейді?» деп сұраймын үлкендерден. «Емші Зәру апаға береді, емге қолданады» дейді.

Бірінші сыныпқа барғанымда анам үстіме жаңа көйлек кигізіп жатып: «Зәру апа берді, киіп жүрсең жақсы боларсың, ауырмассың» деп ырымдағаны да есімде.

 

Өсе келе ауылдасымыз Зәру апайдың Қаратөбе халқына кең танымал Едіге ишанның Раушан есімді қызынан туған жиені екенін білдік. Ол кісіге емшілік, сынықшылық қасиет анасының жағынан келген екен. Біздің жанұядан әрқайсымыз қандай да бір дене мүшемізді оқыс ауыртып Зәру апаның алдына барғанымызда, сол бір жанның киелі алақанының шипасы бойымызға талай мәрте дарыды. Ал оның жолдасы Оспан ағай – Алаша руының ішінде әрісін айтқанда Шотқара Шүрет батырдың, берісін айтқанда арқалы ізші Құлмұқан деген кісінің ұрпағы екен. Біздің үй мен Оспан ағайдың жанұясы туысқан адамдардай араласып, ерекше сыйласып тұрдық. Әкем ол кісілерді қонаққа шақыра қалса, әңгіме тыңдасын деп бізді де дастарханға бірге отырғызушы еді.

Мен мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түскен жылы әкем дүние салды. Бір жылдан кейін уақыттың ағымымен Оспан ағайдың жанұясы Орал қаласындағы Деркөл кентіне көшіп келді. Ол кісілердің шаңырағына амандаса барған сайын жаныма сезілетін жылылықтан «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген қазақтың қанатты сөзі еріксіз ойға оралады. Зәру апаның көрген тәрбиесі, жанұясы, әсіресе анасы Раушан Едігеқызы туралы әңгімелерінің бірқатарын қаз қалпында қағаз бетіне түсірген едім. Ол төмендегіше өрілді.

 

«Әуелі айтсаң Алланы айт»

Әкем Құдабай Аққолқа ауыл советінде болыс болған. Кейін ол жер Қаратөбе совхозы атанған. Әкем болыстықтан қалғасын Тұзтөбеге қарай көшіп кетеді. Ол жақта дүниеге Ағытай есімді ағам көрініп, тоғыз жасында қайтыс болыпты. Ағам ауырып, жаны қысылған сәтте мамам мойнына бұршақ салып, қыблаға қарап «Баламның жаны қалып, адам болып кеткей» деп жалбарынған екен. Сол кезде ағам басын көпшіктен жұлып алып:

- Әуелі айтсаң Алланы айт,

Ақ қалам жайған молданы айт.

Бәрін айт та бірін айт,

Кітап пенен құранды айт.

Елге барып өлмеген,

Елді барып көрмеген,

Біздей сорлы мұңдыны айт, - деп тақылдап сала беріпті.

Осы сәтте мамам «А, Құдай! Құлынымның жанын қинама, ақ сүтімді кештім» деп мойнындағы тас бұршақты қиып келіп жібергенде ағамның жаны жай тауып, жүре беріпті. Сонда қабіршілер «Бұл бала Құдекеңнің маңдайына қайдан сыйсын, қабірді бір қазғанда екі қаздық. Маңдайға сыятын да бала емес қой, айтып жатқан сөзі анау» депті. Сөйтсе, тоғыз жасар бала ұзын болып, қабірге сыймай, қайта қазған екен. Содан кейін ата-анам Құдайдан «Бір соқыр қыз болса да бергейсің» деп мені тілеп алған екен. Ұлға да, қызға да зәру болғандықтан есімімді Зәру қойыпты.

 

Әке хаты

Жігерленде Әкемнің Сыпайы есімді жалғыз апасы сынықшы болды. Аруағының иесі – жылан. Хабары бар адамдар сынық сипайтын адам табылмағанда Сыпайы апаның мәйітіне түнеп, ауруынан жазылып кетеді екен. Әкем де қасиетсіз емес, болыс болған кісі. Заманында мамамның қалыңмалына бес жиырма беріпті. Әкемді «көке» дейтінмін. Бірде көкем ауырып, Оралдың ауруханасына түседі. Қаратөбеде Ісләмғали деген дәрігер болды. Ол кісі көкемнің құрдасы болатын. Ісләмғали аға мамама келіп: «Оралға жүргелі жатырмын, Құдабайға не айтасың?» дейді. Мамам сәлемдеме салып жібереді. Көкем ауруханаға түскен соң, үйде мамам да сырқаттанып жазылған екен. Ісләмғали аға үй-ішінің амандығын жеткізіп, сәлемдемені табыстағанда көкем табан астында былай деп хат жазып жіберіпті:

- Қарағым, айналайын, Зәруім-ай,

Зәруді туып берген аруым-ай.

Зәружан бір жаста «Көке» деп тілі шығып,

Сүйетін, тұмауыма дәруім-ай.

Раушан, Құдай қосқан қосағым-ай,

Тіліңді алмады ма, Досағың-ай.

Бұрын соң мен барда ауырған жоқ едің,

Ауырды деп, мына Ісләмғалидан естіп,

Жалғыздық еске түсіп, босадым-ай.

Зәружанның он бес теңге ақша ілгек,

Тамағында жарқылдайды-ау,

Көкесі сүйерінде жақындайды-ау.

Нағашың сенің киелі,

Киелінің жиені,

Әр адам да сенен жақсы болады деп дәмелі,

Көкең саған дұрыстықты мақұлдайды-ау,

Жақсы болғайсың

Бұл жерде «Досақ» деген – ру аты. Біздің руымыз – Ақсары ысықтың ішінде Досақ. Досақ батырдың зираты Жігерлен жақта.

 

«Жақсы бала – ит, жаман бала - бит»

Бір күні Оспан ағаң үйде жоқ, қасымызда балалар бар, үпір-шүпір болып шай ішіп отыр едік. Мамам: «Мен саған бір зат айтайын, соны шеше алсаң – басыңда бірдеңе бар, шеше алмасаң – «дундуксың» деді. «Айта ғой» деп едім, «Жақсы бала – ит, жаман бала – бит», ол не деген сөз?» деді. Кішкенеден соң: «Бірталай уақыт өтті ғой, шеше алмасаң айт» деді асықтырып. «Мама, «Жаман бала – бит» деген – ұл болсын, қыз болсын битке теңеп отырсыз ғой, ол өз тәніңнен шығып алып өзіңді жейді екен. Ал ұл мен қыздың ең жақсысының қадірі ата-анаға жақсы иттей ғана болғаны. Ит үйіңді қориды ғой» деп едім, мамам шайтабағын қоя салып, орнынан ұшып тұра келіп: «Оу, құлыным, басыңда бар екен ғой бірдеңе, сендей қыз берген Құдайға мың шүкір!» деп маңдайымнан сүйді. Оған мен мәз болдым.

 

Ишарат

Мамам бір демалыс күні үлкен табаны отқа қойып, қорғасын құйды. Сосын мені шақырып алып «Мынаның шешуін тап» деді. Бір жағында үбірлеп балалар тұр, енді бір жағында мәйіт. Суыған қорғасынды өзінің ескілеу орамалына орап, «Жоғалтып алма, бір жерге алып қой» деді. «Кешікпей сендермен қоштасамын» дегені екен ғой.

Үлкен ұлым Қанатты он үшке толтыратын тұста Оспан Оралға кеткелі жатыр еді, мамам «Әке-шешенің борышы – баланың мүшел жасын беру және сүндетке отырғызу. Ал ерінің борышы - әйел адамның бір тамаққа зейіні ауса, сол тамағын тауып беру. Қанатты бауырыма бастым, ол менің балам. Сонда да үй иесі ер азамат бар ғой, Оспаннан рұқсат сұрайын, Қанатжанды он үшке толтырайын деп едім» деді. Оспанға айтып еді, «Әже, менен несін сұрайсың, Құдайға шүкір, қора толған қойларың бар. Бетіңе қарағанын жық та, мүшелді бере бер. Үйде қажетті дүниелер бар шығар, болмаса ертең қалаға барған көліктен беріп жіберемін» деді. Сөйтіп Оспан кеткесін мамам маған: «Қағаз бен қалам алып, қасыма отыр» деді. «Мен асығыспын, өлең бе әлде кітап жаздырғалы жатырсың ба?» деп әзілдедім». «Асықпа, отыр, жаз» деді.

 

- Он үш жас мүшеліне толды Қанат,

Бақытты өмір сүргей сау-саламат.

Он үшке толғанына той жасаймын,

Қызықты қуанышқа бой жасаймын, - деп төкті ғой.

«Соңына кім деп жазайын?» деп едім, «Зәру» деп айтайын деп пе едің? «Мамасы Раушан» деп жаз» деді.

Содан жұмысқа кетіп бара жатып: «Мына өлең керім, бірақ «Қызықты қуанышқа бой жасаймын» дегені несі екен, осы мамам неге сонша қиналып жүр екен?» деп ойландым. Тіке сұрауға қорқамын ба екен, әйтеуір бата алмаймын. Сөйтіп мамам 1970 жылдың маусым – пішен айының жиырмасы күні Қанатты он үшке толтырды, өзі 1971 жылы ақпанның үшінде қайтып, бесі күні жерге түсті.

 

Өсиет

Мамам дүние саларда ұзақ ауырып жатпады. Төрт күн өтіп, бесінші күні мені қасына шақырып алды. «Зәружан, мен кетейін деп жатырмын, сен қаласың. Есіңді білгелі өлім көрмеген едің. Әкең сегіз жасыңда қайтыс болды. Қызымсың әрі ұлымсың, қала берді шалымсың. Бір өзің үш орында болдың. Сенен көп үміт етем. Үмітімді ақтап та келе жатырсың. Балаларды жақсылап бақ. Төркінің жоқ, дымың жоқ. Маған көрсеткен жақсылықтарыңды ұл-қыздарың саған да көрсетсін, осы ұл-қыздардан ашсын бағыңды. Жан алқымға келгенде сені тапсырып, аманаттап кететін ешкім болмай, бір Құдайға, нағашы атаңның аруағына, сосын мына балаларға тапсырып жатырмын» деп балаларды қасына жыйып: «Қолдарыңды жайыңдар, жалғызымды тапсырайын» деп батасын берді. Сонда Қанат алты, Әсия төрт, Бақытым екі оқиды, қалғаны мектепке әлі барған жоқ. Олар түсінбей: «Мамам қайда кетейін деп жатыр?» деп сұрайды. «Алланың аманатын иншалла тапсырармын. Ешкімді қорқытпаспын, үркітпеспін» деп мынадай өсиет айтты: «Зәружан, ақ мамаң, иншалла, түнек болады. Мамаңның басына қобдиша қой». Сөйтіп жайнамазын бүктеп, ішіне таспихын салып, қолыма ұстатты. Сол таспих бүгінде Алматыдағы Әсия апаңның қолында. Мамам көзі тірісінде бес уақыт намазын, отыз күн оразасын бір де бір қалдырған жоқ еді.

Ақпанның үші күні түс қайта үйге кассир Мұқан ағай келді. «Апамның хәл-жағдайын білейін, сосын Қаратөбеге жол шығып тұр, барсам ба, бармасам ба, соны сұрағалы келдім» деді. Мамам: «Мұқан, Қаратөбеге кетпе, кетсең тез кел» деді. Мұқан ағай Қаратөбеге бармай қалды. Жолдасым Оспан екеуі кіріп-шығып, ақырын, сыбырласып сөйлесіп жүрген, бір мезгілде екеуі де жоқ болып кетті. «Оспан қайда кетті?» деді мамам. «Білмеймін» деп едім, «Жүгір, олар дүкеннің қасында тұр. Біреуден ат шана сұрап алып, Сегізсайға жүргелі жатыр, жіберме. Мен Қанатым ер жетсе, үйлендіріп, бөлек шығарып, соның қолында Әсия мен Бақытты қасыма алып, бірге тұрмақ едім. Оған Құдай жеткізбейді. Сандықтың ішіндегі Қанатыма деп жинағаным өзіме жетеді. Ештеңе іздемесін» деді. Үстіме қалың киімімді іле сала Оспанды іздеп жүгіріп келемін. Айтқандай дүкеннің алдында ат шана тұр. Оспан дүкенге кіріп кеткен, Мұқан ағай шанада отыр. Дүниенің жоқ кезі, дүкенге қызыл ала жапырақты екі тай мақпал келген, Оспан соның бір тайын ақшасын төлеп алып қойып жатыр екен. «Бір керек заттарды алып келу үшін Сегізсайға барып келеміз» дейді және. Кейін білдім, шүлемге тарататын бет орамалдар әкелмекші екен. Мен мамамның айтуымен оларды Сегізсайға жібермедім. Үйге келгесін мамам: «Зәружан, көк сандықты аш та, үш метрдей бедерсіз ақ мата әкел» деді. Сандықты ашсам, жібек, атлас секілді өңкей қымбат маталарға лық толып тұр. Ішінен өзі айтқандай бір жайын матаны тауып алып келдім. Оны үшке бөлгізді. Бір бөлігін менің басыма салды, екіншісін өзінің басына салып, үшіншісін «көз көретін жерге қой, соңыра алас-қапас болады, таба алмай қаларсың» деді. Кейін ойласам, қайтқан кісінің бетіне ақ мата жабады екен ғой, соны әзірлеп қойып жатқаны екен. Өзім мамамның қызымын әрі ұлымын, тұрмысқа шыққаныммен ақ орамал тартпай жүр едім, соны өз қолынан салғаны екен. Сосын маған айтпай, Әсияға: «Әсияжан, мен үйде болмаймын. Мынау жинаған ақшаны Зәружан екеуің бір қиналғанда жұмсарсыңдар. Бірақ әзірге Зәруге берме, оның қолына тисе шашып жібереді» деп газетке оралған ақша ұстатыпты.

«Зәружан, Оспан екеуіңе мені ишан әкемнің басына, болмаса Қаратөбеге қартымның қасына апарып қойыңдар, силикаттан мәйіт көтеріңдер десем де мүмкіндіктерің жетеді. Бірақ мен сендерді қинамаймын. Маған құранша жасаңдар. Үй тастан ғана үйімді көтеріңдер. Оны да кіндіктен жоғарылатпаңдар, құлақ шығармаңдар. Бұл – бір, екінші – суретімді қоймаңдар. Енді қалғанын өзің білесің ғой, көке. Қызым да, ұлым да, қартым да – өзіңсің. Молда рұқсат етсе, жерге тапсырарда бірге барып, қолыңнан топырақ сал. Рұқсат етпесе бармай ақ қой» деді. Молдадан сұрап едім, «Бар, бірақ жылама» деді. Барып топырақ салдым.

 

Түс

Мамам ауырып жатып қалғасын, бір күннен кейін түс көрдім. Бөлмесіне электр шамның үлкен түрін салдырып қоятын. «Тіріде жарық көріп жатайын, өлген соң бәрібір қара жерге кіресің» деп күндіз де, түнде де әлгі жарықты сөндірмейтін. Түсімде сол шам ортаға түсті де, теріп алуға да келмей быт-шыт болды. Таңертең жұмысқа шығарда: «Мама, лампочка ортаға түсіп сынып қалса не болады? Жинап алуға да келген жоқ» деп едім, «Қай жақтың жарығы? Жасырмай айтшы маған» деді. Мен: «Білмеймін, әйтеуір бір жақтікі» деп жұмысқа кеттім. Барып мамамның аурулығына байланысты демалыс сұрап өтініш жаздым. Үйге келіп, мама жақты ақтап едім, «Ой, рақат-ай, құлыным, Зәружан, мамам ақ балшықтың иісін иіскесін деп жатсың ау, шіркін, ақ балшықтың иісі қандай!» деп тұшырқанып жатты. Сонда маған түсімде: «Шешеңнің жарығы бітеді» деп аян беріп тұр екен ғой. Мен болсам «Тұмауы асқынып, қызу көтеріліп сандырақтап жатыр-ау» деп ойлап жүрмін.

 

Қоштасу

Мамам қайтатын уақытын сағатына дейін айтып жатты. Күн бұрқасындау еді. Оспан сырттан мал жайғап келіп, мені сенеге шақырып алды да, есікті жауып қойып: «Әжемнің сиыры туды» деді. Үлкен ақ шап сиыр еді. Мен: «Мамамның ақ адал, байырғы малы ғой, сүтін ішсе ішер, ішпесе ауызына жақсам да...» деген оймен сиырды саууға шыққалы жатыр едім, мамам шақырып алды. «Зәружан, немене, Ақшап туды дей ме?» деді. Соны қайдан біліп жатыр екен?.. Мен бұзауды әлі көргенім жоқ еді. Мамам: «Бұзаудың түр түсін айтып берейін бе? Күрең қасқа, ақ иық, еркек бұзау болар» деді. Ей, Алла, барсам, дәл сондай бұзау екен! Тәлтіректеп келіп енесінің бауырына жабысады. Бірақ сиыр бұзауының бауырында тұрғанына қарамастан бір емес, үш рет мөңіреді. Соны көңіліме алдым да, Оспанға «Қарабай ұқсап айналаңды тықырлай бермей, ананы ұршы, неге мөңірейді?» дедім. Ол: «Әй, Зәру, мал болса да бірдеңе сезіп тұр ғой» деді. Көзімнің жасын сығып алып үйге келдім.

«Жылама, көкем, босама, жылағанның көкесі түнгі сағат он екіде» деді мамам. Түнгі сағат он екіде «Лә иләй илолла, Мұхаммед расулолла, Бисмилләй рахман рахим, Ағузу биллә минәш шәйтан ражим. Зәружан, біттім...» деп ақтық сөзін айтты. Сол сәтте түзеліп жатты да, қоштасып жүре берді...

 

Сағыныш

Оспан ағаң екеуміз үлкейдік. Қанша дегенмен жас ұлғайғанда ел-жұртыңды тастап, қалаға қарай көшіп келу ілкіде оңай болған жоқ. Қаратөбеде өзіммен бірге оқыған Жаңыл, Кенжетай, Мәреш деген үш қыз бар еді. Олар да үлкейді ғой. Өткенді еске алып, туған жерді сағынғанда Жаңылға жазғаным:

 

Бұл хатты сізге арнап жаздым, Жаңыл,

Қаламмен көп сәлемді жаздым, Жаңыл.

Ардақты анаңызға сәлем бердім,

Алланың салғанына көне бердім.

Кемдігүн жазылғаны осы шығар,

Бұйырғанын Уральск дәмін тердім.

Ел, халық, сұрағанға сәлем дерсің,

Достарың Уральскіде аман дерсің.

Көз көріп, қол алысып, көріскенше,

Денсаулық Жаппар Ием өзі берсін!

Денсаулық, баршамыз да есен-аман,

Қолға алып, баршаңызға сәлем жазған.

Ардақты ойнап өскен достарына,

Сәлемді Зәру берді, алыс жолдан.

Бірталай ел Қаратөбеден Уральскіде,

Аманбыз, әзірге көп келекеден.

Құрбыммен өзім қатар ойнап-күліп,

Жүремін азды-көпті берекемен.

 

Жиі-жиі хат жазсам,

Сағынғанның белгісі.

Аз да болса шер ашсақ,

Көтеру көңіл желісі.

Жаңыл менен Мәреш-ау,

Аларсың менің хатымды.

Кенжетайға сәлем деп,

Көрсетерсің фотомды...»

 

 

P.S. Бұл Зәру апа айтқан әңгімелердің бар болғаны бір үзігі, бір арнасы ғана. Оның анам айтатын еді деген өлең жолдарынан Раушан әжей Әбубәкір Кердерінің көптеген өлең-қиссаларын жатқа айтқаны да аңғарылады.

Бүгінде Оспан аға мен Зәру апа Қанат, Әсия, Бақыт, Берік, Қайырболат, Света, Ботагөз есімді ұл-қыздарынан немере-жиен, шөбере сүйіп, шаңырақ шаттығына бөленіп отырған қадірлі ата мен ардақты ана. Шаңырақтың шаттығы шалқи бергей!

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ

Бөлісу: