Музей қорындағы «Қырық мысал»

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында ақын, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының әйгілі «Қырық мысал» кітабының түпнұсқасы сақтаулы тұр.

Қазақ ССР еңбек сіңірген мұғалімі, Ақ Жайық өңіріне танымал өлкетанушы Қыйыс Жұбаншалиев ағамыздан қалған бұл қымбат жәдігерді музейге оның қызы Света Жұбаншәлиева тапсырған екен. Кітаптан өзге ұстаздың өзі тұтынған заттары мен фотосуреттері, құжаттары мен марапаттары, оқыған кітаптары мен журналдары сақтаулы.

Ахмет Байтұрсынұлының орыстың әйгілі мысалшы ақыны И.А.Крыловтан аударған өлеңдері енген «Қырық мысал» жинағы алғаш рет 1909 жылы жарық көрген. Кейін бірнеше рет басылған. Музей қорындағы – 1922 жылы Қазан қаласында басылған нұсқасы.

Кітап сарғайып, ескірген, сыртқы мұқабасы жоқ. Кітап «Замандастарыма» атты өлеңмен басталады. Кейін «Аққу, шортан, һәм шаян», «Шымшық пен көгершін», «Ат пен есек», т.б. мысал өлеңдері кірген.

Бір-екі ауыз осы кітапты сақтаушы Қыйыс ағамызға тоқталайық. Ол кісі 1920 жылы Орал облысы Зеленов ауданының Переметный ауылында туған. Осы жерде еңбек жолын бастап, Шыңғырлау, Тасқала аудандарында мұғалім, мектеп директоры қызметтерін атқарады. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұстаз өлкетану жұмысымен шұғылданып, Шыңғырлау ауданының «Отрадный» ауылында мектеп директоры болып тұрған кезде, 1955 жылы мектеп музейінің негізін қалаған. Мектеп оқушыларының өлкетану жұмысына қызығушылығын оятып, оқушылармен көптеген саяхат жасап, өңір тарихы мен табиғатына қатысты жәдігерлерді жинақтап, мектеп музейін қалыптастырған. Музей сол кезде өлке тарихы, нумизматика, Ұлы Отан соғысы, өңірдің табиғаты, мектеп өмірі сияқты бөлімдерден тұрған, жалпы музей қорында 1500-ға жуық жәдігер жинақталған. Ұстаз Қ.Жұбаншалиев негізін қалаған музей өз уақытында талай буынды туған жерін сүйіп шығуына ықпал еткені сөзсіз.

Іңкәр ОРАЗОВА,
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі
ғылыми-әдістемелік бөлімі меңгерушісі

Бөлісу: 
Дополнительные фотографии: