Мәселе

Мәселе

 

 

Білім ордасына емес, букмекерлік кеңсеге...

 

Меңдібек Лұқпанов,

журнал тілшісі

 

Бүгінде Қазақстанның кез келген қаласында қаптап кеткен «Интернет клуб», «Букмекерлік кеңсе» «PlayStation» сияқты жарнамасы жалпақ жұртты өзіне шақырған ғимараттарды Сіз де көріп жүрген шығарсыз?!. Мүмкін кейбіріне кіріп, бәс тігіп те көрдіңіз?! Тіпті, балаңыз соның ішінде жүрген болуы мүмкін... Айналасын арбап, құрдым құдыққа тартып жатқан осы құбылыстың айналасындағы сан сұраққа біз жауап іздеп көрейік.

 

Ойыны осылмаған ойын автоматтары

«Әр үстелде және әр үйде - компьютер» идеясын іске асырушы Билл Гейтс кейіннен «жастардың уақытын ұрлап жатырмын» деп өкінген екен. Себебі, қазіргі уақытта компьютер мен ойын автоматтарына жіпсіз байланған жастар өте көп. Статистикаға сүйенсек, елімізде әрбір бесінші адам айына 2000 теңге бәс тігуге дайын екен. Бұл – әр отбасында бір адам құмар ойынның қызығына батуға әзір деген сөз. Әрине, кісі шошырлық мәлімет. Сыртында «интернет-клуб» деп жазылған мұндай ойын автоматтары Орал қаласында да аттап бассаң алдыңнан шығады. Аты интернет-клуб болғанымен, ішінде тек ұтыспен ойын ойнататын «қой терісін жамылған қасқырлар» емін-еркін бизнесін жүргізіп отыр. Ол жерге келген адамға қойылатын қарапайым ереже – егер ұтысқа ойнамайтын болсаңыз, сізді клуб ішіне кіргізбейді. Ешкім ешкімді қыстамайды, қайта жаны ашып, «кассадағы ақшаны қалай тауысамыз» деген қағидамен жүреді. Егер сенің ақшаң болса, сен үшін ойнап беру олар үшін де түкте емес. «Кемедегінің жаны бір» демеуші ме еді бабамыз. Осылайша заңға да пысқырмай, ойын бизнесін жүргізіп жатыр. Ол аз десеңіз, ұзынқұлақтан естуімізше, кез келген қалада жасырын казино орындары да бар көрінеді. Жел сөз деп сенгіміз келмесе де, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны» анық. Мұндай ойын ордаларына заңмен тыйым салынғаны белгілі.

 

Әлемдегі ахуал

Әлемнің бүкіл елінде ойын бизнесі салықтық және бақылау органдарындың қатаң қадағалауында. Салық салудан жалтару және заңсыз ойын бизнесін жүргізу мүмкіндігі тұрақты түрде азайып келеді. Алайда салық пен белгілі бір тыйымнан ойын автоматтарының жағдайы нашарламасы белгілі. Бұл орайда ұрпақ тәрбиесі, оның ертеңі жөнінде сөз қозғаудың өзі артық. Көзге көрінбейтін кеселден кім тұтылып, кім құтылып жүргені де бізге беймәлім. Салық салу арқылы оны бизнес ретінде тануға жол ашып отырғандаймыз. Осы бір кеселден әлемнің әлі арылмай келе жатқаны қынжылтады. АҚШ-та лицензиялау жүйесі қатаң түрде бақыланатынын атап өткен жөн, оның басты мақсаты орынсыз бәсекелестікке жол бермеу.

Эстонияда лицензия бағасы 120 мыңнан 1 млн. еуроға дейін өсірілді, Латвияда ойын мекемелері орналасқан жерден тыс жерде оларды жарнамалауға рұқсат жоқ. Мексикада, Сауд Арабиясында, тағы басқа мұсылман елдерінде ойын бизнесіне мүлде тыйым салынған.

1997 жылы Түркия үкіметі казино индустриясын мүлдем жою туралы шешім қабылдады. Кейінірек кей жерде туристерге ғана арналған казино қызметі мақұлданды. Қытайда ойын бизнесін жүргізуге Макао ерекше аумағынан басқа жерде тыйым салынған, бұл тәртіпті бұзғандарға үлкен көлемде айыппұл, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Литвада барлық лицензияны құмар ойындарын қадағалау жөніндегі комиссия береді. Алайда, ойын кәсіпорнын ресімдеу тәртібі тек қана лицензия алумен бітпейді. Мысалы, тотализаторды немесе бәс тігуді ұйымдастыруға лицензиясы бар нысан Қадағалау жөніндегі комиссия ойын регламентін бекіткеннен кейін ғана ойын қызметін жүзеге асыра алады. Құмар ойындарын және бәс тігуді ұйымдастыратын нысандар басқа шаруашылық-коммерциялық қызметпен айналысу құқығынан айырылады, ал олар жалға алған мекемелер тек қана құмар ойындарын ұйымдастыру үшін қолданыла алады. Литвада казиноларға, бинго салондарына және ойын автоматтары залдарына қойылатын басты талаптың бірі – жеке кірісі бар бөлек үй-жайдың болуы. Сонымен бірге, казиноларда, бинго салондарында орналасқан жабдықтар ойынның үздіксіз процесін жазып алады, тұрақты жарықтандырылады және ойын барысын үздіксіз жұмыс істейтін цифрлы бейнекамераға түсіріледі. Талап бойынша бейнетүсірілімнің цифрлы жүйесі әрбір үстелге орнатылуы керек.

Венгрияда да заңнама өте қатал. Мұнда шетелде ұйымдастырылатын құмар ойындарына делдалдық қатысу, оларды ұйымдастыру, жүзеге асыру және шетелдегі құмар ойындарын жарнамалау, насихаттауға рұқсат етілмейді.

Ресей де ойын бизнесін заңсыз ұйымдастыру үшін қылмыстың арнайы құрамын енгізуді қарастырып жатыр. Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының қарауына букмекерлік кеңсенің (тотализатордың) ставка қабылдау жеріне салық салу туралы тиісті заң жобасы ұсынылды.

...Соңғы кезде құмар ойындарының жаңа даму кезеңі – интернет казино шықты. Осылайша, Сіз кез келген жерде жүріп-ақ ойын автоматтарына немесе казиноға «кіре аласыз»...

 

Заң не дейді?

ҚР «Ойын бизнесі туралы» заңының 11-бабында «казино мен ойын автоматтары залдары Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Шортанды ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуға жатады» деп көрсетілген. Сонымен қатар осы заңда ойын мекемелерін тұрғын үй қорына жататын ғимараттарға орналастыруға тыйым салынатындығы да айтылған. Алайда көпқабатты тұрғын үйлердің астынан ойын ордаларын ашып, ойына келгенін істеп, заңды белінен басып жүргендер де бар. Осы ойын автоматтары кесірінен қаншама қылмыс орын алып жатқанын біле тұра білмеу кімге пайда, кімге зиян?! Әрине, мұндай ойын ордаларын байқамай қалу да мүмкін емес. Осы ойын автоматтарының өңірімізде қанша екені де белгісіз. Себебі қаланың кез-келген жерінде әп-сәтте-ақ ашыла салынады. Ешқандай күрделі құрылыстың да қажеті шамалы. Тек ойын автоматтары болса болғаны. Соның тұрақты «клиенттері де» қазақтың қара балалары болып отыр. Баяғы қазақылық пен қолды мезгілінен кеш сермеу болғалы тұр.

 

Медицина не дейді?

Ешқандай жарақат белгісі түспей-ақ ешқандай дәрінің күші жетпейтін де науқасқа шалдығуға болады. «Ауру» деп аяныш танытпай, «дерт» деп дөп басқан жөн болар. Ойынқұмарлықты медицинада «лудомания» деп атайды. Бүгінгі күні тәуелділігі жағынан нашақорлықпен тең дәрежеге қойылып отырған лудоманиямен көбіне жастар «ауырады». Бұл дерттің Қазақстанда таралуы, тәуелділердің нақты саны жөнінде мәлімет жоқ. Себебі бұл – қарқыны күннен күнге өсіп келе жатқан қоғамның қауіпті дерті.

Лудомания дертінің деңгейі маскүнемдік және нашақорлықпен теңестіріледі. Аталған екі дерттен айырмашылығы – ауру белгісі біразға дейін байқалмайды. Дерттің алғашқы белгісі – құмар ойыншының көңіл-күйі болмайды. Ойыннан ұтылғанда өзін тастап жібереді. Бұдан кейін, ойынға тәуелді адамның өмірінде ең ауыр кезең басталады. Ол жас болса, ата-анасының қалтасынан, ересек адамдар отбасынан, жұмысынан ақша ұрлауды бастайды. Құмарлықтың соңы дертке ұласады. Қарыз бен өтірік – оның серігіне айналады. Диспансерге «лудомания» дертімен өз еркімен емделуге келетіндер аз. Туған-туыстарының көмегімен алып келгенде нарколог, психотерапевт, психолог-дәрігердің бірлескен көмегімен ғана емдейді. Науқас диспансерде стационарлық ем алады. Дәрігерлер олармен жеке сөйлеседі, тренингтер өткізеді, отбасылық, топтық терапия жүргізеді.

Лудоманияның «гэмблинг» деген тағы бір атауы бар. Жалпы, бұл ауру үш деңгейден тұрады.

Бірінші, жеңіл түрінде адам өз-өзін басқара алады. Олар – әлі ойынқұмарлыққа толық берілмегендер.

Екінші, орташа түрінде адамдар уақытының көп бөлігін ойынқұмарлыққа арнайды.

Үшінші, ауыр түрінде бұлар түгелдей уақытын сонда өткізеді. Олардың бүкіл санасы ойынға ауып, одан шыға алмай қалады. Мұндайлар психикалық әлсіздік кесірінен өз-өзіне қол жұмсауға да дайын тұрады екен.

Көбіне лудоманияға шалдығатындар – бірдеңеден ләззат алғысы келетіндер немесе сүйіспеншіліктен жұрдай адамдар. Мұндай адамдардың алдында ешқандай мақсат болмайды.

 

Зардап шегуші не дейді?

 

Бақтыбайдың әңгімесі

(Аты-жөні өзгертілді)

Мен мұндай жағдайға түсерімді еш ойламаппын. Бәрі басқаша болу керек еді. Кімді кінәларымды да білмеймін?! Мен мектеп бітіргесін арнайы білім алмадым. Атырау, Орал қалаларында құрылыс нысандарын салумен айналыстым. Бастапқыда табысымның біраз бөлігін ата-анама салып жіберетінмін. Күндердің күні достарыммен бірге букмекерлік кеңсеге барып қызықтап жүрдім. Әрине, оның зиян екенін біліп, тартынып жүрдім. Бірде аяқ астынан ақшадан тарылып, қалтамдағы 5 мың теңгелік ақшамды салып ойнағанымда, үстіне ақша қосып, 17 мың «көтеріп» алдым. Қиналып жүрген кезім, қатты қуанып, керек-жарағымды алдым. Содан не керек? Сәл ақшадан тарықсам, букмекерлік кеңсе жаққа жақындап жүрдім. Қолым жақсы жүріп тұрды. Кейіннен үйдің түрін ұмыта бастадым. Ауылға бармай, тапқан табысымды ойынға жұмсадым, тіпті жұмысымды бастамай жатып алдын ала ақша алып та ойнап жүрдім. Арты не боларын сезсем де қол үзе алмадым. Телефонымды, бар мүлкімді сатып, ақшасын соған жұмсадым. (Өз атымда ешқандай жылжымайтын мүлік болмады, болса, одан да айырылатын едім) Ата-анамнан қарыз да алдым. Өзімнің тұрақты жұмысым болмағасын несие ала алмадым. Туыстарыма өтініш жасап, алып беруін талай мәрте өтінгем. «Неге?» деп сұраса, «бизнес бастаймын, мал сатумен айналысамын» деп өтірік айтатынмын. Бәріне қарыз, бәріне өтірікші болдым. Жүйкем қатты жұқарып, жындана жаздадым. Бірде ретін шығарып, несие де алғам, оны да ойынға тігіп жібердім. Өзімнің мүсәпір күйге түскенімді сезбеппін-ау. Ақыры істің соңы қылмыс жасауыма әкеліп соқты. Алған несиемді жабу үшін қорқытып ақша талап етуге бардым. Ол ісім жүзе аспай, тұтылып, темір торға қамалдым. Жазамды өтеп шықтым. Өз-өзіме қол жұмсауға да барып көрдім, бата алмадым. Қатты өкінемін. Сөзбен қалай жеткізу керектігін де білмей отырмын.

Түрмеде жатқанымда тағдырластарым көп кездесті. Көбі студент, жас балалар. Ата-анасы берген оқу ақысын ойынға тігіп жіберіп, «ақының орының толтырамыз» ұрлық жасаған... адам тонаған...

Қатты қиналдым. Қазір ақыл тоқтатып, саналы болып отырғаным күлкілі шығар, алайда шын сөзім, ондай ойынханалар – адам жолайтын жер емес! Оларды сен еш уақытта ұта алмайсың, сені олар тақырға отырғызады!

Қазіргі таңда отбасылымын, балам бар. Олардың ертеңіне қатты алаңдаймын. Көшелерде, дүкендерде ойын автоматтарын көрсем, көзіме жас келеді. Өкініштің жасы ғой, өкініштің...

 

Біз не дейміз?

Ойын автоматтары- қоғамның тілсіз жауындай, қатерлі дертіндей. Үкіметтің салғыртығы, заңның осалдығы, ата-ананың аңғалдығы, ойын автоматтарының мықтылығы, қоғамның соқырлығы – бүгін де жастарымыздың бұрыш-бұрыш пен жертөледе, дүкендер мен ойын орталықтарында таңын атырып, күнін батырып жүруіне себепші болып отыр. Сұрақ көп, жауап жоқ. Маскүнем мен нашақордың қатарын толықтырып жүрген жастарымызға кім жауапты?! Ашынған ана, бетімен кеткен бала кімді болмасын ойландыруы тиіс. Кез-келген уақытта заңды алға тартып, түбіне жететін әкімшілік пен құқық қорғау қызметкерлері неге осындайға келгенде тілін тістеген баладай үнсіз қалады. Бақтыбайдың бағы ашылып, дер кезінде тәубесіне келді, ал Құдайын ұмытып, автоматтың құлы болғандар қаншама?! Ақ параққа емес, автоматқа, білім ордасына емес, букмекерлік кеңсеге, пәтеріне емес, «PlayStation» ішіне түнеп жүргендерді кім тоқтатады?!. Біздің сіздің сұрақтар осылай өрби береді ал, жауабын кім беретіні белгісіз. Осы орайда Абай хәкімнің осы бір шумағы жастарды ойландырып ой салса игі:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім...

 

P.S.

Соңғы екі жылда Батыс Қазақстан облысында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін 26 қылмыстық іс көтерілген» деп хабарлайды Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.

БҚО прокуратурасының бөлім прокуроры Медет Әміралиновтың айтуына қарағанда, 2015-2016 жылдары БҚО аймағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген ақпарат 34 мәрте тіркелген. Тексеріс ойын автоматтары көбіне кафе, сауда орталықтары мен дүкендерде заңсыз орнатылатынын көрсетті. Арнайы лицензия алмай тұрып ашылған 6 букмекер кеңсе анықталды. 2015 жылы Орал қаласында астыртын казино жабылды. Мәметова көшесінде жалға алған пәтерінде ақша тігіп покер ойнайтын құмар үйін ашқан Ғаббасов деген азамат сотталған. Оның дүние-мүлкі тәркіленіп, бір жылға бас бостандығы шектелген екен.

Прокурордың айтуынша, 2015-2016 жылдары ойын бизнесін заңсыз ұйымдастырушыларға қарсы 26 қылмыстық іс көтеріліп, сотқа жіберілген. Құқық қорғаушылар 126 ойын автоматы мен лотерея терминалын, сондай-ақ 3 млн. теңге қаржы тәркілепті. Сонымен бірге интернет желісінде ашылған 12 казино сайтты жабу туралы шағым сотқа жолданып, 8 сайт жабылған, тағы 4 іс қаралу үстінде дейді Медет Әміралинов.

Бөлісу: