Мерейтой

Мерейтой

100 жылдық тарихы бар оқу орны

 

Қазақстан Республикасы аумағында медициналық білім беретін алғашқы оқу орны қашан, қай жерде ашылғанын білесіз бе? Әрине, ол – бүгінгі Батыс Қазақстан медициналық колледжі. Кәсіби дәрігерлер даярлайтын бұл білім ордасының іргетасы Орал қаласында 1916 жылы қаланған.

Ел аумағында тек 13 жылдан кейін ғана басқа да медициналық оқу мекемелері ашыла бастады. Бұған дейін мамандар Ресейдің Саратов, Воронеж қаласындағы фельдшерлік-акушерлік мектептерінде дайындықтан өтіп, Омбы және Орынбор әскери аурухана курстарында, сондай-ақ Қазан және Саратов университеттерінің медициналық факультеттерінен оқу бітіретін.

Қазақ жерінде өз медицина қызметкерлерін дайындаудың бастауы күрделі эпидемиологиялық жағдайдың қиындығынан және өңірдегі медицина қызметкерлерінің тапшылығы апатынан туындады. Өйткені, ғасырлар бойы Еділ мен Орал арасындағы аудандар обаның табиғи ошағы болды. Бұл індеттің өршуі эпидемия себебін зерттеу және бағалау, қарсы күрес жұмыстарын жүзеге асыру үшін бұл өңірге дәрігерлер мен фельдшерлердің тұрақты келуіне себеп болды. Дәрігерлер оқу орнын қойып, жұмыс орнының өзінде көмекші дайындауды бастады, ал кейбіреулері Қазан, Воронеж қалаларына қысқа мерзімді оқуға жіберілді. Орта буын медицина қызметкерлерінің саны әр жыл сайын 15-20 шақты адаммен толығатын еді. Әрине бұл өте жеткіліксіз болатын.

Орал губерниясында медициналық мектеп ашылуына бастамашы болған – 1912 жылдан бастап оба ошақтарында жұмыс істеп келген саратовтық дәрігер-эпидемиолог, ғалым Григорий Иванович Кольцов болды. Ол сол аймақтағы оба мен тырысқақ ауруларының алдын алу және жою үшін медициналық қызметкерлер саны жеткіліксіз екенін түсінді.

Орал қаласында земстволық фельдшер-акушерлік мектеп 1916 жылы 1 қарашада ашылды. Оқу мерзімі фельдшерлер үшін 3 жыл, фельдшер-акушерлер үшін 4 жыл болды. Белсенді студенттер үшін 250 рубль стипендия берілді. Бұл мектептің директоры болып Г.И.Кольцов тағайындалды.

1923 жылы ВЦИК-тің бұйрығымен Орал қаласындағы фельдшерлік-акушерлік мектеп жабылып, ҚАССР астанасы Орынбор қаласына ауыстырылды. Оның атауы «Қазақ өлкесінің медициналық техникумы» болып өзгертілді.

Техникум медициналық қызметкерлер дайындаумен қатар өзі де жетілді. Оқудың жаңа әдістерін меңгеріп, дәрігер көмекшілерін дайындауда жаңа бағдарламалар құрып, ұлттық дәріс әдісімен семинарлар, зерттеу, зертханалық әдістер жаңартылып, жаңғырып отырды.

Техникумның айырмашылығы - өз түлектерін – медицина қызметкерлерін дәрігердің қол астында емес, өз бетімен жұмыс істеу үшін дайындады, сондықтан оқу мерзімі 3 емес, 4 жылдық болды. Техникум тек Қазақстанда емес, РСФСР-да ерекше беделге ие болды.

1929 жылы тамыз айында астана Қызылорда қаласына көшуіне орай, техникум Орал қаласына қайта көшірілді. 1935 жылы медициналық техникумның атауы фельдшерлік-акушерлік мектеп болып өзгерді. 1939 жылы фельдшерлік-лабораторлық бөлімше ашылды. 1954 жылы фельдшерлік акушерлік мектеп қайтадан медициналық училище болып аталды.

1960 жылы фармацевтік дипломы бар қызметкерлердің тапшылығынан медициналық училищеде фармация бөлімшесі ашылды. Ал 1975 жылы бірінші рет санитарлы фельдшерлік бөлімшеге оқушылар қабылданды. 1989 жылдан бастап орта буын қызметкерлерінің квалификациясын көтеру жұмысы басталды.

1996 жылы 14 маусымда оқу орнының атауы «Батыс Қазақстан медициналық колледжі» болып өзгертілді.

Училище қызметкерлері Ұлы Отан соғысының отты жылдарында майдан шебінде өлім мен өмірдің арасында жатқан жауынгерлерге қалтқысыз көмек көрсетіп, өз міндетін абыроймен атқарды. Ауызбен айтып жеткізіп болмайтын өлшеусіз еңбектерінің арқасында Жеңіс күні бір табан жақындай түсті.

Бүгінде басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам кемде-кем болар. Ол кезде шыбын жанымызға араша іздеп дәрігерге жүгінетініміз рас. Ал, осы ақ халатты абзал жандарға бүгінгі заман талабына сай жаңа ақпараттық технологиялармен дәріс беріп, сан түлекті үлкен өмір айдынына қанаттандырып ұшыратын қасиетті қара шаңырақ бір ғасыр уақыт ішінде 23 мың жас маманды дайындапты.

Училище түлектерінің арасында Қазақ ССР-інің Денсаулық сақтау министрі болған, бірнеше ғылыми кітап авторы Ишанбай Қарақұлов, СССР медициналық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, вирусолог Хамза Жұматов, қазақ қыздарының арасында медицина ғылымдарының докторы, профессор, алғаш рет «балалар психиатры» атағын алған Розалия Илешова секілді майталмандар да бар.

Медициналық білімнің қалыптасуына негіз болған колледж тарихы осындай.

Бүгінгі таңда колледж – ел ішіндегі алдыңғы қатарлы заманауи сұранысқа ие оқу орнының бірі. Колледж түлектері еліміздің барлық өңірінде және шетелдерде абыройлы еңбек етіп жүр. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің 6 мамандық пен біліктілік, денсаулық сақтау қызметкерлерінің жоғары білікті және құзыретті кадрларды даярлайтын негізгі оқу орны болып табылады. Колледж түлектерінің 92-93%-ы тұрақты жұмыспен қамтылса, қалған пайызы шетелдерде қызмет етуде.

Колледждің өзіндік ішкі тәртібі, тәрбиелік шаралары, үйірмелері, оқу жоспарлары - бәрі-бәрі бір жүйемен, білім стандартына сай жоспарланған. Ұлы ойшыл бабамыз Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес,тәрбие берілуі тиіс, онсыз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп айтқандай, жас ұрпаққа берер тәрбиесі мен тағылымы мол ардагерлермен кездесу, «Медицина қызметкерінің этикасы», нашақорлық және шылым шегудің алдын алу апталықтары т.б. салауатты өмір сүруді насихаттайтын іс-шаралар осының нақты дәлелі.

2016 жылы Батыс Қазақстан медициналық колледжі «Жоғары Медициналық мектеп» мәртебесіне ие болды. Бұл – көп жылғы қыруар еңбектің арқасы. Бұл - дәріс беретін ұстаздар қауымының тынымсыз еңбегі. Колледжде білім беру ісін жоғары білікті оқытушылар құрамы жүзеге асырады, олардың көпшілігі жоғары және бірінші санатты. Алматы, Астана, Түркия, Ресей, Финляндия, Испания, АҚШ, Германияда білімін жетілдіріп, тағылымдамадан өткен ұстаздар бар. Жыл сайын оқытушылардың 96%-ы тәжірибе алмасу үшін біліктілігін арттыру курстарына тұрақты барып тұрады. Нәтижесінде колледж оқытушылары соңғы инновациялық технологияларды (дуалды оқыту және кредиттік технология элементтері, симуляциялық оқыту, білім бал-рейтингтік , т.б. студенттердің білімін сынау әдістері, қашықтықтан оқыту элементтерін пайдалану, ретроспективті бағалау ...) оқу процесіне енгізді.

Тап-тұйнақтай ғимарат ауласында аппақ халат киген білімгерлерді көргенде көңілің өсіп бір марқайып қаласың. Адам жанының арашасы атануды жүрегімен қалап, жауапкершілікті мойнына алған жас буынға сәттілік тілейміз.

Жүз жылдық тарихы бар білім ошағын бір мақалаға арқау ету мүмкін емес. Мерейтой қарсаңында Гиппократ антына адал, еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, ғасыр жасаған ұжымға шығармашылықтың шыңына өрлей беріңіздер демекпіз.

Райхан Тасқалиева,

№18 мектеп мұғалімі,

Орал қаласы

Бөлісу: