Мәдениет

Мәдениет

Өнермен бірге өрлейміз...

 

Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығы – ең алғаш 1952 жылы «Халық шығармашылығы үйі» болып іргетасы қаланған, алпыс жылдан астам тарихы бар ұжым. Ол облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде өткізілетін мәдени шараларға мұрындық болып келеді. Орталықтың негізі жұмыс бағыты – аудандық және ауылдық мәдениет ошақтарымен ұдайы байланыста болып, әдістемелік, методикалық көмек көрсету, яғни Батыс Қазақстан облысы аумағындағы 282 клуб мекемесінің қызметін одан әрі дамыту, өнерін өркендету, халықтық ұжымдардың шығармашылығын қалыптастыру, ұлттық өнерді қайта жаңғырту,сондай-ақ ұлттық ән-күй, биіміздің желісін үзбей, халқымыздың асыл мұрасы ретінде бағалап, оларды кейінгі ұрпаққа жеткізу.

Халық шығармашылығы орталығы өңірге белгілі әнші, жыршы, термеші тұлғалардың есімдерін дәріптеп, халық жадында жаңғыруына, сонымен қатар қаламы қарымды, дарабоз дарынды жазушылармен, қиялы жүйрік, ойы озық, ақиық ақындарымыздың мерейлі кештерін ұйымдастырып, ақындар айтысы мен түрлі деңгейдегі жазба ақындар мүшәйрасын жоспарлы түрде өткізіп, өлке мәдениетінің өркендеуіне, мемлекеттік тапсырыспен өткізілетін мәдени шаралардан бөлек түрлі бағыттағы мерекелік кештердің ұйымдастырылуына ұдайы белсенділік танытып, сүбелі үлес қосып келеді. Облыста оздырылған көптеген шаралар - осының жарқын көрінісі.

Өмірін өнерге арнаған дара тұлға, Қазақстан Республикасының Халық артисі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, әнші-сазгер Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен»ән фестивалінің 2000 жылы алғаш тұсауы кесілсе, қазіргі таңда халықаралық деңгейге жетті. Ескендір әндері Жайық көгінде қалықтап, жүзден жүйріктер анықталып жүр.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның «Жайықтан ұшқан аққу-жыр» сазды-әдеби кеші республикалық деңгейде ұйымдастырылып, шараға Астана мен Алматы қаласынан елімізге танымал бір топ зиялы тұлғалар қатысты. Кештің бір ерекшелігі – ақынның сөз маржаны, тылсым тұнған ой кәусары, жүректі жарып шыққан сыры шығармаларының топтамасы арқылы берілді, жүргізушілер емес, прологтер сөйледі.

Ақындар қашан да ұлттың байлығы. Жайық жерінде елеулі еңбегі мен өнерімен елін қуантып жүрген «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ұлағатты ұстаз, ақын Дариға Мұштанованың шығармашылығына арналған «Жүрек үні», Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Ертай Бимұхановтың «Өлеңмен қалдыр оңаша» және ақын, ғалым-ұстаз, тәлімгер-педагог, «Ақберен» жас ақындар мектебінің жетекшісі Талап Таймасұлының «Дөңгеленген дүние» поэзиялық кештері ерекше сипатқа толы болып, жаңашылдық пен ұрпақтар сабақтастығы да бой көтерді. Ал Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, қоғам қайраткері, ақын Айсұлу Қадырбаеваның «Барып қайт, балам, ауылға» шығармашылық кеші рухқа тәрбиелер, санаға салмақты ой салар кеш түрінде өтті.

2015 жыл қазақ тарихында мерейлі жыл болса, Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығы да шығармашылық жұмыстарды жиі ұйымдастырды. Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Тарлан» сыйлығының иегері, ақын Қадыр Мырза Әлидің 80 жылдығы аясында ақын ескерткіші мен мәдениет және өнер орталығы ашылып, дүбірлі өнер мерекесінде «Өлмес өлең» республикалық жыр мүшәйрасы қорытыланды. Оған еліміздің өзге өңірлерінен де ақындар бақ сынап, үміт үкіледі. Сондай-ақ Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Бөкейорда ауданы Хан ордасы ауылында күллі Алашқа «Тарихы терең Қазақ елі» республикалық ақындар айтысы өткізілді.

Халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен тәлімі мен тағылымы мол кештері мен түрлі шаралар көп. Мәдени демалыс ұйымдастырып қана қоймай, аудандық, ауылдық әдіскерлер арасында семинар-практикумдар, айтыс ақындары мен жас жазба ақындар, әнші-термеші, жыршылардың алқа кеңестерімен жұмыс, түрлі байқау фестивальдерін өткізуді де дағдыға айналдырып келеді. Талабы таудай жастар мен жасөспірім, бүлдіршіндердің өнерге қанат қағуына ықпал етеді. Атап айтсақ: «Балдәурен» балалар шығармашылығы және «Дала дарындары» шығармашыл жастар фестивальдері облыста дәстүрлі өткізіліп, өнер көкжиегінде жаңаша есімдер көптеп танылып жатыр. Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығы жастардың шабытын шыңдап, болашақта үлкен сахнада көрінуіне, ел абыройын асқақтатуына жол ашады. Орталық жанынан құрылған халықтық «Ақжайық» және үлгілі «Қызғалдақтар» би ансамбльдерінің орны бір өлек. Тек шығармашылық орталықтың ғана емес, Ақжайық атырабының мақтанышына айналған би ансамбльдері республикада, басқа да мемлекеттерде болып жатқан байқауларда өзгелерден оза шығып, топ жаруда.

Деген бар мәдениет пен өнер егіз,

Ән, күй тыңдап, рақатқа бөленеміз.

Ақындар жырын айтып, биші билеп,

Жүрген сәтте өркендейміз көгереміз.

Өнердің осындай әр түрін бір арнаға тоғыстырар Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығының атқарар жұмысы әлі алда. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» сөзін қанат еткен халық шығармашылығы орталығы алда да талай асудан асып, толағай табысқа кенелетініне сенім мол.

Медхат Қамбетов,

Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы

орталығы директоры 

Бөлісу: