Мәдениет

Мәдениет

Көші түзу көне кітапхана

 

Нұрлыгүл Аяпқызы,

Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім жетекшісі,

Орал қаласы

 

Кітапхана адамның қажетті ілім мен ғылымды игеріп, қалыптасуына мүмкіндік беретін, ештеңемен айырбастауға болмайтын, телегей-теңіз, шалқар қазына ғой.

Ақпараттық қоғамның қалыптасуына байланысты болып жатқан қуатты мәдени өзгерістер біздің өміріміздегі кітапхананың алар орыны мен маңызын қайта қарап, жаңаша ойластыруға итермелейді. Әрине бүгінгі кітапхана – мыңдаған кітаптан қайысып тұрған сөрелер жиынтығы емес, ол сонымен қатар заманның талабына сай әр түрлі электрондық ресурстардан да тұрады. Кітапхана қоры – ғылым мен өндірістің, саясат пен экономиканың, мәдениет пен білімнің бойына өмірлік нәр беретін өміріміздің құрамдас бөлігі. Бүгінде Батыс Қазақстан облыс кітапханалары өз оқырмандарына білім бұлағынан емін-еркін сусындауға барлық жағынан керемет техникалық мүмкіндік беріп отыр.

Батыс Қазақстан облысында еліміздің ақпараттық қорының үлкен жиынтығын иеленген мемлекеттік жүйеге қарасты 396 кітапхана жұмыс істейді. Бұлар біздің шын мәніндегі баға жетпес мәдени байлығымыз, ұлттық қазынамыз. Қазіргі кезде облыс кітапханаларының кітап қорын толықтыру жағдайы елеулі өзгерістерге ұшырады. Біз соңғы 5 жылды салыстырмалы талдау барысында жыл сайынғы облыс кітапханаларының кітап қоры, соның ішінде қазақ тіліндегі кітап қоры өсіп келе жатқанын байқаймыз.

Аймақтың кітапханалық жүйесінің қазіргі жағдайы негізгі көрсеткіштердің тұрақтылығымен, кітапханалардың компьютерлендірілуіне күш салу, жаңа ақпараттық технологиялардың енгізілуімен ақпараттық және сервистік қызмет көрсетуді дамытумен сипатталады.

Біздің оқырмандарымыз бір нәрсені жадынан шығармау керек. Ол заман ағымына сай ақпараттық технология өмірімізге дендеп енгенімен, тек кітап қана ақпараттық мәдениеттің алтын қазығы болып қала беретіндігі. Себебі адамзат ойының бар асылы – кітапта екендігін кім-кімде мойындайды. Кітаптан қаншама шалқар дүние аласың. Алайда кез-келген ақпаратқа ие болу – адамның мәдени деңгейін, білік, білімін көтеруге баспалдақ бола бермейді. Кітап оқу мәдениеті, оны жүйелі меңгеру, міне, осы ғана жоғары мәдениеттіліктің жарқын үлгісі бола алады.

Кітапхана – біздің күнделікті өміріміздің ажырамас жанды бөлігі. Оның еліміздің және әр адамның тағдырында алатын орыны орасан. Әсіресе, мәдениет тарихындағы өркениеттің жаңаша бетбұрыс сәтінде жазу және кітап дәуірінен бұқаралық ақпараттық мәдениетке алмасу кезеңінде тұрғанымызда бұл айрықша сезіледі. Жаһандану мен ақпараттандырудың қазіргі таңдағы үрдістері еңбектің интеллектуалдық сыйымдылығын көтеруге итермелейді. Мұндай жағдайда адамдар арасындағы қарым-қатынас пен қоғамның тұрақты даму үрдісінде ақпарат пен білімнің маңызды ролі арта түседі. Қазіргі кезде кітап қоры бай, жаңа ақпараттық технологиялармен жабдықталған, Интернет жүйесіне қосылған ауылдағы ақпарат орталықтары – модельді кітапханалар саны 28-ге жетті. Заман талабына орай кітапханалардың компьютерлік технологиясыз, электрондық мәліметтер базасынсыз жұмыс жүргізуі өте қиын.

Кітапханаларды ақпараттандыру – кітапханалық саясат пен тұрғындардың ақпараттық сұраныстарын қамтамасыз етудің тиімді әдісі болып табылады. Облыс кітапханаларының компьютерлік паркі 468 компьютерді құрайды.

Кітапхана – бабаларымыздың ғасырлар бойы жинаған қазынасының алтын сандығы. Сондықтан оны қоғам дамуын айқындаушы деп атауға да болады. Өйткені, адамзаттың жүріп өткен жолдарында бұрынғының ұлы ойшылдары кітапхананы тарих пен мәдениеттің баға жетпес ескерткіштерін, ұлттың өткенін сақтаушы рухани қазынаның ошағына тектен-тек баламаған ғой. Бұдан шығатын қорытынды – кітапхананы қамқорлап отыру, оның жұмысын дамыта беру – жалпыға бірдей, мемлекеттік, бүкілхалықтық іс болып қала береді.

Біз алдыңғы толқын ата-бабаларымыздан жинақталып қалған, бүгінгі толқын замандастарымыздың қолымен құрылған осынау интеллектуалдық байлықты шашау шығармай сақтауды, кәдеге жаратуды көздейміз. Қазіргі таңда қоғамдағы өзекті мәселелер: дін, ұлттық тәрбие, толеранттылыққа тәрбиелеу, салауатты өмір салты, отбасы құндылықтары т.б. тақырыптарға арналған түрлі шаралардың жас буын үшін баға жетпес тәрбиелік мәні зор. Осы мақсатта облыс кітапханалары, онда еңбек ететін кітапханашылармыз тынымсыз ізденіспен, үлкен қажыр қайратпен, абыроймен орындап жүргенін баса айтқым келеді. Олардың осынау келешектің керегіне бағытталған баянды істеріне табыс тілеймін.

Батыс Қазақстан облысындағы барлық кітапхананың басты әдістемелік орталығы – Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы. Бұл – Қазақстандағы тарихы бай, көне кітапханалардың бірі. Біздің кітапханамыз 1871 жылы 24 қазанда ашылып, биыл 145 жасқа толып отыр.

Жаңа ақпараттық технологияларды дамыту, өлкетану ресурстарын құру, әлеуметтік және халықаралық әріптестікті дамыту бағытында маңызды жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі кезде Ж.Молдағалиев атындағы ОӘҒК-да «Аудан кітапханалары», «Өлкетану-Аймақ» корпоративтік каталогтау, «Оқитын қала», Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясындағы қазақ ақын жазушыларының шығармаларын насихаттауға бағытталған «Оқы да биіктен көрін» жобасы, «Қадыр оқулары», «Жұбан оқулары» жобалары нәтижелі жүзеге асырылуда. Жаңа технологияларды пайдалана отырып, сирек және өлкеге қатысты құнды 2311 әдебиет сандық ресурсқа көшіріліп, өлке тарихына қатысты сирек кездесетін құнды жәдігерлер сандық форматқа ауыстырылуда. Кітапхана пайдаланушыларына Интернет қызметі тегін ұсынылады.

Ж.Молдағалиев атындағы әмбебап ғылыми кітапхана көпшілікке арналғандықтан оның есігі оқырмандарға әркез ашық. Оның кітап қазынасын, электрондық құжаттарын кітапхана пайдаланушыларына ұсынуды зор мәртебе деп білеміз. Біздің кітапханамызда ұлттық құндылықтар, елге қызмет ету, Отанды сүю, адалдық, жанұяның бірлігі мәселелерін көтеретін қаламгерлер шығармаларының негізінде тәрбиелік мәні зор шаралар, жаңа жобалар жалғасын таба береді.

Отандық мәдениетіміз бен ғылымымызды дамытуға өзіндік үлес қосып келе жатқан кітапхана алдағы уақытта да осынау қасиетті міндетін атқара беретіндігіне, оқырмандардан үзілмейтіндігіне сеніміз мол.

 

Бөлісу: