Құлпытас сырын ашайық!

Құлпытас кілтін ашайық!

 

ЖАНАЛЫ ҚОРЫМЫНДАҒЫ КӨНЕ ҚҰЛПЫТАСТАР

 

Атырау облысы Махамбет ауданында төре-сұлтандардың, оның ішінде Нұралы хан ұрпақтары жерленген Жаналы аталатын көне қорым бар. Қорым Жайық өзенінің сол жағалауындағы Алға ауылынан солтүстік-батысқа қарай 21 км жердегі шағын төбеде орналасқан. Қорымның уақыты ХVІІІ-ХІХ ғасырды қамтиды.

Алғаш рет 2005 жылы бұл қорымға тарих ғылымдарының докторы С.Әжіғалиев бастаған Батыс Қазақстандық кешенді этноархеологиялық экспедициясы зерттеулер жүргізген болатын. Алайда, бұл экспедициялық топ аталмыш қауымда Нұралы ханның ұрпақтары жерленгені туралы ғана жалпылама атап өтеді.

Осыған орай, 2013 жылы Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының маманы, марқұм Ринат Өтеуғалиев алғаш рет ондағы құлпытастардағы төте араб жазуларын оқып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көпшілік назарына ұсынды. Кейін Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының басшысы Нұрлан Құлбаев та толықтыру жасап, қайта қарап шықты.

Көлемі 100 х150 метр болатын қорымның аумағында неолит дәуіріндегі тас құрал жаңқалары мен орта ғасырлық керамика бөліктерінің кездесуіне қарап бұл жер ежелден елді-мекен болғандығын болжауға болады. Қорымда жалпы саны 23 құлпытас бар. Олардың бірқатары сынған, кейбіреулерінің жазулары табиғи эрозияға ұшыраған. Алайда жазулар мен ою өрнектердің 70 % пайызы жақсы сақталған. Құлпытастардың барлығының да эпиграфикалық жазулары араб графикасымен қашалған. Биіктіктері 1,30-1,90 метр аралығындағы, құмды-әктасты блоктардан өңделген құлпытастардың жасалу әдісі жазық бедерлі қашау және ойып қашау тәсілдерімен жасалған. Қорымның ортаңғы бөлігінде бірнеше мазарлардың құландысының орны байқалады.

Алға селосының бұрынғы әкімі Сайын Нұрғалиевтің айтуы бойынша кезінде казактар Сарайшық қаласына соңғы рет шабуыл жасағанда төре-сұлтандар Жайықтың Самар бетінен Бұқар жақ бетіне қоныс аударып, осы аумақта тұрақтанған. Осы жерге осыдан бірнеше жыл бұрын кезінде Жылыой аудандық атқару комитетінің төрағасы және Қызылқоға аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы (1985-1991 жж.), Қызылқоға ауданының әкімі (1991-1994 жж.), Атырау облысы әкімінің орынбасары (1994-2001 жж.), марқұм Есенгелді Нұршаев арнайы келіп, бұл төре-сұлтандардың қауымы екенін айтып, бірақ нақты кімдер жатқанын анықтай алмаған.

Шындығында солай. Мамандар құлпытастарды оқу барысында қорымдағы жерленген адамдардың басым бөлігі төре-сұлтандар екенін дәлелдеді және оның ішінде қожа руының да өкілдерінің есімдері барын анықтады. Сонымен қатар, бір құлпытас Ысық руының адамына арналғаны белгілі болды.

Енді аталмыш қауымдағы мүк басқан құлпытастарда анық сақталған жазуларға тоқтала кетейік. Мысалы: сырты әдемі оюмен өрнектеліп, әспеттелген құлпытаста «Нұралы ханның немересі Әбілғазы сұлтанның ұлы Сейдәлі сұлтан 44 жасында 1845 жылы опат болды. Бұл тасты қалдырған інісі Нұржан сұлтан» - деп жазылса, келесі бірінде «Нұралы ханның ұлы Әбілғазы ханның халалы (адал әйелі) Қарабай сұлтанның қызы Айымжан 61 жасында 1845 жылда опат болды» - делінген. Бұл аймақтағы Қарабай елді-мекені осы Қарабай сұлтанның есімімен байланысты болуы мүмкін.

Және бір құлпытаста «Нұралы ханның ұлы Арыслан сұлтанның немересі Тұнғали сұлтанның ұлы Дүйсемғали 33 жасында 1848 жылы 3 дәлуде опат болды. Бұл тасты қойған інісі Құсалы (немесе Қосалы)» -деп қашалып жазылса, әрі қарай «Табылды сұлтан ұлы Дүйсәлі (Досалы) 32 жасында 1835 жылы опат болды» - деп жазылған. Оған қоса, тағы бір құлпытаста «Абдулғазы сұлтан Пірәлі (Шералы) ханұлы 64 жасында 1835 жылы опат болды» - деп, енді бірінде Қырғыз-Қазақ Кіші жүз байұлының азаматы Абдурахманқожа Ахмедқожаұлы 53 жасында 1235 жылы (хижра бойынша) бақилық болғаны белгілі болып отыр.

Тағы бір құлпытаста «Әлмархум әлмағфур. Кіші жүз Беріш руғының сұлтаны Бабалы бин Жаналы опат болды 27 жасында 1236-ншы жылда (хижра), бұл тасты істетті марқұмның анасы Әнемхан, Ақтан қойды» деген жазу оқылды. Қорымның «Жаналы» аталуы осы құлпытаста жазылған сұлтанның есімімен байланысты екені айдан анық.

Бір өкініштісі қорымда табиғат салдарынан көрінер-көрінбес болып, оқу мүмкін емес құлпытастар жетіп артылады. Соның бірі – алдыңғы беті өте әдеміленіп, аса шеберлікпен жасалған, алыстан мен мұндалап тұратын әп-әсем құлпытас. Ондағы «ханым опат», оң жағында «хан», сол жағында «һәлә» деген сөздерінен басқасы көрінбейді. Бұл сөздерге және әсемдікпен салынған гүлдің суретіне қарап «Әйел адамның құлпытасы» деп топшылауға болады.

Осындай табиғи бүлінуге ұшыраған келесі құлпытастардың мазмұны төмендегіше тарқатылады:

1) ...? әл мархум әл мағфур. Сұлтан Өзбекалы Нұралы хан ұғлы ...? 79 йашында ...? амалдың алтыншы күні ...? өлді 1251-нші санда, ...? бу тасыны йаздырды ұғлы Мырзалы? (1832);

2) Ағызу білләхи мінеш шайтани ражим, бісімілләхиррахманирахим, лә иләха иллаллах. Қожа руғының Мәлім ...?;

3) ...? қожа Абдурахман ұғлы уфат болды 51 йашында 1866 жылда;

4) ...? әлмархум әлмағфур. Қожа руғының Мәлім тайфасының ...мухамет Абдурахман ұғлы уфат болды 69 йашында 1898 жылда;

5) Ағызу білләхи мінеш шайтани ражим, бісімілләхиррахманирахим, лә иләха иллаллах. Қожа руғының Мәлімнің тайфасы Жұмыр Абдурахман ...?;

6) Ысық руғының Ораз тайфасының Андур? Бәсен ұғлы уфат 68 йашында ...? 1844 йылда, бу тасыны ...?;

7) ...? Қожа Абдімухамед ...?;

8) Арқар руғы Қожа аймағының марқұм Абдурахман Жұмыр қызы Тәнім 19 йашында уфат 1852 йылда ...?;

9) Шеркеш ішінде ...? руғының Нүрке Қарабай ұғлы уфат 80 йашында 1853 йылда ...? басында, бу тасыны қылдырды ұғлы Бисенбі мырза (Төре таңба басылған).

Қорыта келе, мұнайлы өлкенің аумағында тағылымды тарихқа толы осындай ескерткіштер жетерлік. Оларды зерттеу және анықтау ісінде Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекцияның мамандары тыңғылықты жұмыстар атқаруда.

Жаналы қорымындағы құлпытастардың біразы тарихта аты қалған төре-сұлтандардың ұрпағы. Алайда, олардың кім болғаны, қандай ізгілікті істер атқарғаны белгісіз. Сондықтан, оларды зерттеу тарихшыларымыздың назарынан тыс қалмауы тиіс.

Фархад БАЙДӘУЛЕТОВ ,

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекция басшысының орынбасары

Бөлісу: