Қазақ құлпытастары ислам мұрасына айналады

Алматы қаласында«Арал-Каспий өңірінiң мұсылмандық мұрасы» атты халықаралық жоба бойынша ғылыми семинар өтті. Оны Ислам әріптестiк ұйымы жанындағы Исламдық тарих, мәдениет және өнерді зерттеу ғылыми орталығы (IRCICA) ұйымдастырды.

Семинарға IRCICA халықаралық ұйымының бас директоры Халит Ерен, Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігі Ғылым комитетінің Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Әбсаттар Дербiсәлi, исламтанушы, профессор Әшiрбек Мүминов қатысты. Сондай-ақ осы жиынға Орал қаласынан «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин, журналист Қазыбек Қабжан, тарихшы Жәнібек Исмурзин, өлкетанушылар Айболат Құрымбаев пен Мұратбек Жахатовтар арнайы шақырылған екен.

- Батыс Қазақстан өлкесі – тарихи, мәдени жәдігерлерге өте бай өңір. Бұрын бұл қазынаны тек жергілікті өлкетанушылар өз күштерімен зерттеп келген еді. 2015 жылы бұл іске Шығыстану институтының ғалымдары назар аударып, үш жылдық жоба бойынша біраз жұмыс атқарды. Енді, міне, бұл жәдігерлерге әлемдік деңгейдегі ғалымдар қызығып жатыр. Бүгінгі «Арал-Каспий өңірінің мұсылмандық мұрасы» атты семинар халықаралық тың жобаның тұсаукесері десе де болады, - деді профессор Әшірбек Мүминов.

Бәрі осылай басталған

Қазақ әліпбиінің бірнеше мәрте ауысуы – Ресей империясы бастаған отарлау саясатының совет кезеңіндегі жалғасы болғандығын ғалымдар әлдеқашан айтып қойған. Соның ең үлкен қасіреті – ата-бабамыздың зиратында тұрған араб жазулы құлпытастарды оқи алмай қалдық. Атамыздан қалған хатты оқи алмадық. Бұдан асқан қасірет бар ма?!

Батыс Қазақстан облысының бір топ белсенді азаматы осыдан біраз жыл бұрын өңірде өте жиі кездесетін араб жазулы ескерткіштерді халыққа таныстыра бастаған. Алғашқы саны 2012 жылы шыққан «DANAkaz» тарихи-танымдық журналының алғашқы санынан-ақ «Құлпытас кілтін ашайық» атты айдар ұйымдастырылып, көптеген құлпытас мәтіні оқылды. Олардың ішінде Кіші жүздің билеушісі Есім Нұралыұлы, Ішкі орда ханы Жәңгір Бөкейұлы, Дәуқара, Науша, Сатай батырлар, Есенгелді бай Жанмырзаұлы, Әлжан сардар Есіргемесұлы секілді есімі белгілі көптеген тарихи тұлғалар да бар еді.

2014 жылы Орал қаласында алғаш рет 50 құлпытас мәтіні мен суреті жинақталған шағын жинақ жарық көрді. Қызықты қараңыз, дәл осы жинақтың тұсаукесеріне Алматы қаласынан облысқа іссапармен келген Әшірбек Мүминов бастаған бір топ шығыстанушы ғалым тап келді. Әшірбек Құрбанұлы сол кезде-ақ бұл істің болашағы зор екендігін, тіпті халықаралық деңгейде қызығушылық тудыратынын айтқан болатын. Және осы іске көмектесуге уәде берген.

Сөйтіп, көп кешікпей Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жасаған «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы ретінде (Батыс Қазақстан облысының эпиграфикалық ескерткіштері негізінде)» атты жоба Қазақстан Үкіметі тарапынан қолдау тауып, 2015-2017 жылдар аралығына бекітілді. Айта кетерлік жәйт, Шығыстану институтының жетекші маманы, тарих ғылымдарының кандидаты, танымал шығыстанушы Айтжан Нұрманованың жетекшілігімен жасалған бұл жоба 2014 жылы қазақ ғалымдары тарапынан үкіметке ұсынылған 4 мың (!) жобаның ішінен бірінші орын алған! Маңыздылығы, өзектілігі, сонылығы секілді сипаттарын тексеретін үш сатылы комиссия (оның құрамында шетелдік ғалымдар да бар) бұл жобаға бірауыздан дауыс беріп, мүмкін болған 36 ұпайдың 35-ін алған екен.

Ғалымдар бұл жобаға жоғарыда айтылған батысқазақстандық азаматтарды да қатыстырды. Сөйтіп, облыстың он екі ауданындағы эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеу, көне қорымдар мен ол жердегі араб жазулы ескерткіштердің саны мен сапасын анықтау, фотофиксация, мәтінмен жұмыс секілді жұмыстар жүйелі жүзеге аса бастады. Соның ішінде тарихи мағлұматы мол кешендерге ерекше көңіл бөлінді. Бүгінде ИРСИКА-ның назары түсіп отырғаны – дәл осындай нысандар.

Бір жылда – үш кітап

Осы жерде ИРСИКА ұйымы туралы айта кетейік. Ислам әріптестiк ұйымы жанындағы Исламдық тарих, мәдениет және өнерді зерттеу ғылыми орталығы ретінде 1976 жылы құрылған IRCICA-ны «мұсылман елдерінің ЮНЕСКО-сы» десе де болады. Бұл ұйымға 57 мемлекет, соның ішінде Қазақстан да мүше.

- Қазақстан Республикасы – біздің ұйымның ең белсенді мүшелерінің бірі. Сіздің Президентіңіз Нұрсұлтан Назарбаев – Ислам елдерінің ынтымақтастығына, мәдени қатынастардың дамуына ерекше көңіл бөлетін сұңғыла адам. Байырғы қазақ жерінде Ислам мәдениеті ескерткіштері көп екеніне біздің көзіміз жетіп отыр. Сондықтан жергілікті ғалымдармен бірлесе жұмыс істеп, халықаралық деңгейде бірнеше жинақ шығаруға ниет еттік, - деді бізге Халит Ерен.

- Бұл шын мәнінде ерекше оқиға, өйткені бұған дейін қазақ жеріндегі бұл жәдігерлер туралы әлемде мәлімет болмаған, тың дүниелер. Сондықтан бұған ең алдымен ислам елдері ерекше қызығушылық білдіріп отыр. Жапония ғалымдары да назар аударуда. Бұйырса алдағы бір жыл ішінде үш кітап жарық көрмек. Оның біріншісі – Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы аумағында жатқан Мәулімберді діни-ағарту орталығы хақында, екінші кітап – Кіші жүздің билеушісі болған Жантөре хан Айшуақұлы жерленген «Хан зиратына» (Теректі ауданында) арналады. Ал 2017 жылдың соңы, 2018 жылдың басында дайындалатын үшінші кітап – Бөкей ордасының соңғы билеушісі Жәңгір хан Бөкейұлы жерленген «Хан зираты» кешені туралы болмақ, - дейді Әшірбек Мүминов.

Айта кету керек, бұл жинақтар ең алдымен ағылшын тілінде дайындалмақ. Жобаның жалпы жетекшісі болып Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Нұрманова бекітілді. Оның ішінде Мәулімберді қорымы бойынша – Жантас Сафуллин, Жантөре хан зираты бойынша – Қазыбек Қабжан, Бөкей ордасы бойынша – Айболат Құрымбаев жетекшілік етеді. Бұл жобаға сондай-ақ белгиялық ғалым, Oxford университетінің профессоры доктор Нил Робинсон, түркиялық профессор Халит Ерен, Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университеті Дінтану кафедрасының доценті Рузия Камаровалар да қатысады.

- Біздің болашақ жоба шеңберінде шығатын кітаптар әлемдік ғылымды дамытуға үлкен үлес қосады деген сенімдемін. Сонымен қатар біздің рухани тарихымыздағы көптеген ескіріп қалған қағидаларды қайта қарастыруға тура келеді. Өйткені осыған дейін өз тарихымызды шеттегі деректерге, орыс архивтеріне сүйене зерттеп келсек, бірінші рет жергілікті деректерге мән беріп жатырмыз. Бұл кітаптар халықаралық стандарт деңгейінде шығатын болады, - дейді Әшірбек Құрбанұлы.

Бұл кітаптардың негізін құлпытастар, олардың мәтіні құрағанымен, архивтік деректер, тұлғалар мен оқиғалар туралы нақты құжаттарға ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ фольклор және генеологиялық деректер тұтас қамтылады.Аталған қорымдардың картасы жасалып, аты-жөні кездесетін тұлғалардың тізім-каталогы құрастырылады. Осылайша ел мен жердің тәуелсіздігін қорғаған би-батырлар, хандар, сондай-ақ білім таратқан мұсылман ғалымдары, медресе ашқан мударистар туралы жаңа деректер ғылыми айналымға қосылады.

Осы жоба ойдағыдай жүзеге асса, ИРСИКА бұл бағыттағы әріптестікті одан әрі жалғастыратынын Халит Ерен мырза айтып отыр. Шынында да алда тұрған жұмыс көп. Қазіргі болжам деректер бойынша Батыс Қазақстан облысы аумағында ғана 30 мыңдай араб жазулы құлпытас бар. Жылдан жылға табиғи және сыртқы әсерден қирап, жойылып бара жатқан бұл құнды ескерткіштерді шұғыл зерттеп, ғылыми айналымға қосу – кезек күттірмейтін міндеттің бірі болса керек.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Орал-Алматы
Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ

Бөлісу: