Эпиграфика

Эпиграфика

Хан зираты құпиясын ашты                              

 

Ақ Жайық өңіріне арнайы іссапармен келген Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары Бөкей Ордасы ауданындағы «Хан зираты» қорымынан 526 араб жазулы құлпытасты оқып, хатқа түсірді.

Бұл жайында «Жайық Пресс» ЖШС-ның конференц-залында өткен «Қазақстанның араб жазуындағы эпиграфикасын зерттеудің өзекті мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік семинарда кеңірек мәлім болды.

- Құлпытастарды зерттеу бағытындағы жұмысымызды осыдан үш жыл бұрын бастаған болатынбыз. Алғашында өз күшімізбен елу құлпытастан тұратын жинақты даярлап, оны жұртшылыққа таныстырар сәтте өңірімізге Әшірбек Құрбанұлы бастаған ғалымдар тобы келген еді. Сол сапарда ғалымдар біздің көрсетуіміз бойынша жергілікті мамандарға түсініксіз болған күрделі жазбалы құлпытастардың мәтіндерін оқып, сырын ашты. Олар өлкеміздегі көне құлпытастарды нақты жобалар арқылы ғылыми тұрғыдан зерттеудің маңызы аса жоғары екенін мәлімдеген болатын. Нәтижесінде ғалымдардың тікелей бастамасымен және министрліктің қолдауымен «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы ретінде (Батыс Қазақстан облысының эпиграфиялық ескерткіштері негізінде)» атты ғылыми жоба жасақталды. Қазіргі уақытта жұмыс мерзімі үш жылға белгіленген жобаның уақыт жағынан қақ ортасына келдік. Осы жиында аталмыш жоба аясында атқарылған істер қорытындыланбақшы, - деді семинардың модераторы, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин жиынды ашқан кіріспе сөзінде.

Семинар барысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі дінтану кафедрасының меңгерушісі, профессор, тарих ғылымдарының кандидаты Әшірбек Муминов қазақ даласындағы араб жазулы эпиграфиялық ескерткіштерді зерттеудің өзектілігіне тоқталды. Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері Айтжан Нұрманова «Хан зиратында» жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесі туралы баяндаса, жиынға қатысқан жергілікті өлкетанушылар мен тарихшы ғалымдар да тақырыпқа байланысты көкейдегі ой-пікірлерін ортаға салды.

Әшірбек Құрбанұлы қазақ құлпытастарын зерттеудің халықаралық маңызы мен әлемдік ғылымнан алатын орны ерекше дейді. Оның айтуынша осы бағытта атқарылып жатқан істер жергілікті деңгейдегі жұмыс емес, әлемдік тұрғыда зор маңызға ие зерттеу болып табылады.

- Бізге дейін араб эпиграфикасын зерттеу бойынша көптеген ғалымдар жұмыс жасаған. Өткен ғасырда дүниежүзілік шығыстану ғылымында француздардың орны үлкен еді. Олардың араб эпиграфиясын зерттеген еңбектері 1931 жылдан бастап шыға бастаған. Бұл бағыттағы жұмыстар Каирдегі Француз институтының басшылығымен басталған. Оны алғаш болып Макс Ламбершн деген ғалым қолға алған. Қазіргі уақытта оның оқушысы Людвиг Калюс және танымал француз профессоры Жан Руи Баки Громон секілді көптеген ғалымдар осы жұмыста бас қосып, әлемде ислам діні пайда болғаннан кейінгі ең ескі ескерткіштерден бастап хронологиялық тәртіпте хижри жыл есебінің бірінші жылынан басталатын араб жазуларын жариялап келеді. Бұл тұрғыда алғашында тек қана араб әлеміне мән берілсе, кейін иран, сондай-ақ жер шарындағы өзге де аймақтарға ден қойыла бастады. Ол жарияланған жазулардың маңызы әлем цивилизациясы тарихы үшін өте зор. Соңғы кезде аталмыш бағыттағы зерттеу жұмыстарында кейбір аймақтардың мүлде қамтылмағаны мәлім болып отыр. Осыған дейін араб жазуларының байлығы жағынан иран жері бірінші орында деп есептеліп келген болатын. Бірақ кейінгі мәліметтерде орталық Азия одан кем түспейді деген пікір айтыла бастады. Бірде француз институтында Қазақстаннан бірде-бір құлпытас немесе өзге эпиграфикалық жазу туралы жарияланым да, әлемдегі ғылымның бұл жайында хабары да жоқ екені туралы мәселе көтерілді. Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысының өзінде 50-60 мың эпиграфикалық жазу бар деген болжам айтылып отыр. Осы тұрғыдан алып қарасақ жер жүзіндегі ислам цивилизациясының зерттелуі толық емес деген қорытындыға келеміз. Сондықтан маман ретінде бұл жұмысқа барлық ғалымдар атсалысуымыз қажет екендігін айтар едім. Елімізде архитектуралық ескерткіштерді зерттеу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылған. Оған бізге дейінгі зерттеушілер Малбағар Меңдіқұлов, Серік Әжіғалиевтің кітаптарын мысал ретінде келтіруге болады. Олар ескерткішті зерттегенімен, ондағы жазуларға көп мән бермеген. Бірақ соның өзі біздің болашақта істейтін жұмыстарымызға негіз болады. Жалпы орталық Азиядағы құлпытастардың тарихы терең. Материалдық жағынан қарастырсақ 10 ғасырға жататын Самарқандтан табылған тас күйдірілген кірпіштен жасалған. Одан кейінгі Қараханилар кезінде қайрақтастар қолданыла бастады. Қазір Айтжан Шаймерденқызымен бірлесіп 10-14 ғасырдағы ғұламалардың қабірстаны болған Самарқанд қаласындағы чакардизаның жазуларын басылымға дайындап жатырмыз. Құлпытастар тек қана қайтыс болған адамдардың құрметіне қойылған емес. Ол сол кездегі қоғамда үстем болған идеологияның ұстанымдарын жеткізу функциясын да атқарған. Қазақ құлпытастарына қатысты айтар болсақ араб жазулы эпиграфика немесе құлпытастар ислам орталықтарынан шыққан дәстүрлі мәдиенетті біздің жерімізге әкелді десек, екіншіден оны ғұн, көк түріктері және одан кейінгі қазақ хандары заманынан келе жатқан төл дәстүріміздің де жалғасы ретінде қарастыруға болады. Бүгінде біз ескерткіштерге құлпытас, сандықтас деп өзіміз ат берудеміз. Ал ондағы мәтіндерді өз қолдарымен жазған адамдар қалай атады? Олар балбал деген сөзді қолданған екен. Бөкей Ордасы ауданына қарасты «Хан зиратындағы» құлпытастарда осындай терминнің кездесетінін күні кеше ғана ондағы зерттеу жұмыстарына қатысып келген Айтжан әріптесіміз мәлімдеп отыр. Бұл көне ғұн, түрік заманынан келген дәстүрдің бүгінге дейін жеткенін көрсетеді. Сондықтан 19-20 ғасыр құлпытастарына берідегі ескерткіштер деп немқұрайлылық танытуға болмайды. Одан бұрынғы заманның тастары жойылып кеткенімен, қазіргі бар ескерткіштерді ескі бір дәстүрдің жалғасы ретінде қарауымыз керек. Қазақ құлпытастарының функциясы көп болған. Мен солардың екі-үшеуін ғана атап өтейін. Біріншіден, мемлекеттік шекара белгісі ретінде қызмет атқарған. Ондағы таңбаларға қарай отырып, қазақ мемлекетінің территориясы қай жерлерге дейін созылғанын анықтауға болады. Тарихта отырықшылық мәдениетке көбірек мән беріліп жүр. Ал көшпелі қоғамға назарымыз аз ауады. Құлпытастағы ру, тайпа, ауыл, бөлім аттарының жазылуында үлкен мақсат болған. Ол сол кездегі қоғамның ішіндегі ынтымақ, бірліктің болуын, бір-біріне ағайын, жанкүйер адамдар екенін, орта ғасырлардағы дәстүрлі қоғамда бірлік қандай күшті болғанын көрсеткен. Жуырда Жапония сапарында болғанымызда Токио халықаралық зерттеулер университетінің ұжымымен сөйлестік. Олар отарлық замандағы Қазақстан тарихын зерттеп жатыр екен. Олардың жұмыстары мұрағат құжаттары негізінде жүргізілуде. Мен олардан «Сіздер бір жақты көзқараспен зерттеудесіздер. Құжатқа сенім үлкен. Алайда сол кездегі жағдайды білдіретін қазақ қоғамының ішінен болған ескерткіштеріңіз бар ма?» деп сұрадым. Олар «Біздің жұмысымыз осы жағынан әлсіз» деді. Бізде отарлық кезең болды. Қазіргі біз жасап отырған уақыт постколониалдық кезең. Сол себепті ғылымда стереотиптер толып жатыр. Мәлім мүдделер мақсатында бізге өтірік құндылықтар, жалған ақпараттар беріледі. Өздеріңіз жақсы білетіндей сол негізде жазылып жатқан оқулықтар да бар. Бірақ жаңа Қазақстан тарихын жазу, оны тәуелсіздік кезіндегі тың деректер негізінде қалыптастыруда осы құлпытастар тақырыбын көтерген өте тиімді. Жапон зерттеушілерімен болған сұхбатымыздың соңында олар «Бірігіп жұмыс жасайық, сіздер жинаған материалдардың бір бөлігін шығаруға жәрдемдесейік» деген бағыттағы ұсыныстарын айтты. Меніңше бұл болашағы бар бастамалар деп есептеймін. Себебі тек Қазақстанда емес, өзге батыс елдерінде, Ресейде немесе қиыр шығыс мемлекеттерінде бұл тақырыпқа қызығушылық жоғары. Осындай жобаларға қатысамыз деген ниеттері де бар. Соңғы кезде Көкшетау бетіндегі және Жәңгір хан кешеніндегі құлпытастарды салыстыра зерттеудеміз. Алғашқы табылған аз ғана материалдардың нәтижелері сенсациялық болып шығуда. Жапониядағы сапарымызда дүниежүзілік көлемде мәдени құндылықтарды сақтау, оларды қалпына келтіру, сандық технологияға жазып алып, болашақ ұрпақтарға жеткізу мәселесіне мән бердік. Жапон елінде бұл бағытта үлкен орталықтар жұмыс жасайды. Сөйтіп Жапония ешбір мәдени құндылықтың жоғалып кетуіне жол бермейді. Ал біздің қоғамға қарайтын болсақ, құлпытастар өте тез жойылып барады. Қоршаусыз ескерткіштер мал келіп сүйкенсе сынып кетуде, түрлі табиғи, экологиялық әсерлерден жазулары көмескіленіп жатыр. Сондықтан оларды өте жедел түрде есепке алу керек. Мұндай құндылықтарды сақтаудың ең қолжетімді түрі – оларды жариялау, - дейді профессор.

Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы ретінде (Батыс Қазақстан облысының эпиграфиялық ескерткіштері негізінде)» ғылыми жобасының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Нұрманова зерттеу жұмыстары нәтижесінде белгілі болған аса құнды деректермен бөлісті.

- Құлпытастарды зерттеу жобасының бастамасын 2014 жылы Батыс Қазақстан облысына іссапармен келгенімізде көріп, қолға алған едік. Сол жолы және оған дейінгі жасалған алғашқы жұмыстар институтымыздың басылымына енді. Ол елу бет көлеміндегі мақала болып, шағын каталог ретінде жарияланды. Мысалы Есімхан Нұралыханұлы, Көкшетау маңайынан табылған Уәлихан Абылайханұлы, Жәңгірхан Бөкейханұлы және Түркістанда жерленген хан-сұлтандардың, сондай-ақ, қазақ даласында өмір сүрген би-батырлардың құлпытас деректері қазақ тіліндегі басылым болып шықты. Олардың қатарында Мәтен қожаның, Атыраудағы музейде сақталып тұрған Құрманғазы күйшінің, одан бөлек Мұса Шорманұлының, Оспан Құнанбайұлының құлпытастары бар. Оған көптеген тарихшылар үлкен қызығушылық танытты. Қазіргі уақытта құлпытастар бойынша басылымның жарыққа шыққанын күтіп отырған кісілер өте көп. Жоба аясындағы биылғы экспедициямызға тоқталар болсақ, осыған дейін Бөкей ордасы тарихи музей кешенінің ғылыми бөлім меңгерушісі Гүлмәру Мырзағалиева Жәңгір хан зиратындағы араб қарпімен жазылған 113 құлпытасты оқыған болатын. Бұл жолы біз ол жерден соның сыртындағы тағы 200-дей тасты оқып зерттейміз деп келген болатынбыз. Алайда қазба жұмыстарының арқасында ондағы хатталған құлпытастар саны 526-ға жетті. Мұның өзін соңғы көрсеткіш деп есептемейміз. Өйткені әлі де қазылмаған жерлер қалды. Моншаның іргетасына салынып кеткен құлпытастар да бар екен. Олар да зерттеліп толықтырылады деген ойдамыз. Экспедиция жұмысын жүргізуге Алматыдан Дина Медерова екеуміз келген болатынбыз. Бізге Қазбек Құттымұратұлы, Мұратбек Жахатов, Гүлмәру Самиғоллақызы секілді жергілікті мамандар қол ұшын созды. Бөкей Ордасының музей қызметкерлері де көмілген тастарды күннің 45 градус ыстығында қазып, тазалап беріп зор көмек жасады. Мұндай көмек болмағанда бір аптаның ішінде осынша көлемдегі жұмысты тындыру мүмкін емес еді. Таңғы сағат жетіден кешкі тоғызға дейін қорымның басында жұмыс жүргіздік. Одан шыққан нәтиже де өте маңызды. Мысалы қазып алынған бір құлпытаста хан қасында болған белгілі дін адамының қай жылы имам болғанын, қанша жыл ахундық құрғанынан, қанша жыл өмір сүргені туралы үлкен мәлімет сақталған. Мұндай құлпытастар сирек кездеседі. Оның тағы бір ерекшелігі – әдетте марқұмға тас белгіні ата-анасы, ұл-қызы, бауырлары орнатса, мұнда сол кісінің ықыласынан бір саудагер кісі өз еркімен қойыпты. Құлпытастың жан-жағына сүрелер, ал артқы бетіне кішкене өлең жазылған. Құлпытас топыраққа көміліп қалғандықтан жақсы сақталған. Қорымда Жәңгір ханның өзі және оның әулеті, хан-сұлтандар, олардың әйелдері мен ұл-қыздары жерленген. Сонымен қатар саудагерлердің құлпытастары өте көп. Мұның өзі осы жерде үлкен сауда орталығы болғандығын көрсетеді. Кей тастарда Ішкі ордалық князьдар нәсілінен, төре руы, старшын, қожа, мударис, молда, указной молда, имам, тархан, хан төлеңгіті, дамолла, тәржімашы деген терминдер кездеседі. Бір әйел затының өзіне бірнеше термин қолданған. Мысалы бұрыннан белгілі халалы, зәужасы, оның сыртында мәнкухасы, хатуны деген сөздер бар. Дәрігерлер де жерленген. Олар тәбиб деп кездеседі. Қази, ахундар, тас шеберлеріне де өте көп белгілер орнатылған. Тас жазып тұрушы, тас қашаушы деген кісілердің өздерінің де құлпытастары сақталған. Шағатай тіліндегі мәтіндер өте көп, Парсы тіліндегі өлеңдер жазылған. Сондай-ақ ол қорымға көптеген ру-тайпалардың өкілдері жерленген. Татар саудагерлерінің қай аймақтан келгендігі туралы деректер де бар. Мұның бәрі Жәңгір хан маңайына жиналған кісілердің биографиясын жасақтауда өте маңызды болып есептеледі. Тастағы жазулардан оны қашаушылардың жоғары деңгейдегі білімді адамдар болғаны да аңғарылады, -дейді Айтжан Шаймерденқызы.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

Орал қаласы

 

Бөлісу: