«Димаш ағам сияқты әнші болғым келеді»

Ержан МАКСИМ, Орал қаласындағы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының оқушысы, жас әнші:

Жуырда Ержан Максим Италияның Сан-Ремо қаласындағы жас орындаушылардың халықаралық фестивалінде жеңімпаз атанып, жұртшылықты қуантты. Өнерлі өрен үлкен оркестрдің сүйемелдеуімен сол елдің тілінде ән салды. Енді ол Витебскіде өтетін халықаралық «Славян базары» байқауында өнер көрсетпек.

9 жасар өнерпаздың қоржынындағы жүлделер:

2016 жылғы желтоқсанда Ригада өткен жас орындаушылардың бесінші «Riga Symphony 2016» халықаралық фестивалінде үш мәрте жүлдегері;

Жеті жасында Мәскеуде өткен «Бегущая по волнам» фестивалінің бас жүлдесі;

2016 жылы Алматыда өткен халықаралық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауының жеңімпазы;

2016 жылы қыркүйекте Грузияның Батуми қаласында «Дельфин Фэст» байқауының бас жүлдесі;

2017 жылы мамырда «Дарын-2017» қалалық үздік оқушылар шеруінде «Алтын дауыс» аталымы бойынша марапатталды.

Ербол Нұғыманов, Ержан Максимнің әкесі:

Италияның Сан-Ремо қаласында өткен байқауға қатысу жоспарда бар болатын. Былтыр естеріңізде болса, Ержан халықаралық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауының жеңімпазы атанып, «Славян базарына» жолдама алды. «Бозторғайдың» ұйымдастырушысы Қарлығаш Әбдікәрімова бізге әрі қарай жұмыстану қажеттігін айтты. Ержан бұған дейін Алматы, Астана және көршілес Ресейдің Мәскеу қаласында өнер көрсетіп жүрді. Бізде ендігі мақсат – Еуропа сахнасында ән айту, тәжірибе алмасу болды. Мақсатымызға жеттік. Қарлығаш Әбдікәрімова Италияға бірге барып, зор қолдау көрсетті. Батыс Қазақстан облысының басшысы Алтай Көлгіновке ерекше алғысымызды білдіреміз. Берсең – балаға бер деген халықпыз ғой, ендігі байқауға қолдау танытамын деген азаматтар болса екен деймін...

- Сәлем, Ержан! Алдымен, Италиядан әкелген жүлдеңмен құттықтаймыз! Әманда ел мерейін асыра бер дейміз. Көңіл-күйің қалай? Сан-Ремо қаласы ұнады ма?

- Рахмет! Жағдайым жақсы. Көңіл-күйім де көтеріңкі. Сан-Ремода бір аптадай болыппыз. Әрине, қала өте ұнады. Мен қатысқан фестивальде 15 елден 30-ға жуық қатысушы бақ сынады. Барлығы керемет өтті. Қазір төртінші сыныпты ойдағыдай тәмамдадым. Әнді де айтып, сабағымды да қатар алып жүрмін. Байқаулар болып, сабақтан қалатын кездер болады. Ондай жағдайда қосымша дайындаламын. Жазғы демалыс басталды. Ақтау қаласына бармақпын. Сонымен қатар тамыз айында Астанада демалмақпын.

- Жас орындаушылардың фестивалі қалай өтті?

- Конкурс барысында қобалжыдым. Нешінші орын аламын деген ой маза бермеді. Сайыс қорытындысын өздерінің тілінде хабарлағандықтан, өзімнің жеңіп шыққанымды білмедім. Алайда өзім іштей үміттендім... Шет тілінде ән салу қиынға соқты. Сол үшін арнайы маманнан дәріс алдым. Жалпы ән айтуды 3-4 жасымнан бастадым. Алғаш Қайрат Нұртастың өлеңдерін айтатын едім. Әкем менің талабымды байқап, Жастар Мәдениет үйіне апарды. Жетекшім болып Дария Бақытова бекітілді. Қазіргі күнге дейін сол үйірмеге қатысып жүрмін. Болашақта Димаш ағам сияқты әнші болғым келеді.

- Ержан, сенің қолында сиқырлы таяқша болса, не істер едің?

- Егер де сондай сиқырлы таяқшам болса, кішкентай кезіме қайта оралар едім. Армансыз ойнап, қайтадан балабақшаға барғым келеді (күлді).

Латвия еліне барған уақытта сайысқа қатысушылармен түрлі қызықты ойын-сауық орталықтарына барғаным есімде қалыпты. Қазіргі кезде олармен тек әлеуметтік желі арқылы байланысып отырамын. Бір-бірімізге өзіміздің жаңалықтарымызды айтып, жетістіктерімізбен бөлісіп отырамыз. Осы орайда әркез мені қолдап, қолпаштап жүрген жандарға айтар алғыс айтқым келеді. Оларға өмірдегі барлық жақсылықтарды тілеймін.

Дария Бақытова, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының солисі,
Ержанның ұстазы:«Ержан «Славян базарында» «Назқоңыр» әнін орындайды»

- Қазір менің тобымда жас таланттар жетерлік. Жалпы сахнаға шыққан уақытта әр балада қобалжу болатыны рас. Ата-анасын көрермендер залына жіберіп, өзім Ержанды алып қалып, жұмыстанатын едім. Кейін сахнаға үйренді. Өзі тартымды, сахнаға дайын тұрған бала ғой. Алты жасында «Балдәуренге» қатысты. Содан кейін республикалық байқауларға шыға бастады. Роза Рымбаева, Майра Ілиясова сияқты өнер жұлдыздарының алдында өнер көрсетіп, жақсы бағасын да алды. Ержанмен аптасына бір-ақ рет жүздесеміз. Қазір «Славян базарында» орындайтын «Назқоңыр» әніне өңдеу жасалып, сол әнге дайындалып жатырмыз. Сонымен қатар итальян тіліндегі шығарманы орындамақ. Айтулы өнер додасы шілде айында Витебскте өтеді. Осы байқауда 2015 жылы Димаш Құдайберген елдің атынан шығып, жұлдызы жанды. Әр баладан үлкен үміт күтетінім рас. Бала кезінен қасында жүргендіктен, өз перзентіңдей уайымдайсың. Әрқашан биіктерден көрінгенін қалаймын. Өзінің асқақ арманына жетсе екен деп тілеймін!

Мұнайдар Балмолда, ақын: «Балалар әндеріне сөз жазуға саналы түрде келдім»

- Қазір ел көлемінде балалар әндеріне аса мән берілмейді. Балалар ән байқауларына қатысқысы келеді, көрінгісі келеді. Бірақ әндер өз деңгейінде болмағасын, үлкендердің әндерін орындап жатады. Кезінде тым жақсы балалар әндері жазылды. Қазір ақындар балалар тақырыбына бара бермейді. Сондықтан мен бұл тақырыпқа саналы түрде келдім. «Берсең, балаға бер» деген қазақтың мәтелі бар. Балаларға базарлық жасап, әндер жаза бастадым. Қазір бұл бағытта 35-тей әнім бар. Әнге сөз жазғанда сөзіне, ұйқасына мән беремін. Сөзі жеңіл болса деймін. Баланың айтатын білімін ескеріп, күрделі сөз болмаса екен және бала тез жаттап алатындай болса деймін. Думан Байтілеуов деген композитормен тығыз байланыстамыз. Ол «Балаларға арналған әндер» атты жинақ шығарды. Сол жинақтағы әннің жартысынан көбі - менің сөзіме жазылған әндер. Ержан Максим де арнайы шығармашылық кешіне патриоттық бағыттағы ән жаздыртты. Мектептер, балабақшалар әнұран жазуға ұсыныс білдіреді. Мысалы, Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің әнұраны әдемі шықты. Тіпті Отан туралы әнде де баланың психологиясы ескеріліп, балаға тән тәтті сөздер арқылы жетуі керек.

 

Бетті дайындаған Зейнұр НЫҒМЕТЖАН,
Ж.Досмұхамедов атындағы
педагогикалық колледжінің I курс студенті

 

Жазира БИСЕКЕНОВА,
Ж.Досмұхамедов атындағы
педагогикалық колледжінің I курс студенті

 

Бөлісу: