Бостандықтың жасыл туы

(Алашорда үкіметінің құрылғанына -100 жыл)

Мұқат Қайыржанұлы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектебінің жоғары санатты тарих пәні мұғалімі, Жымпиты селосы, Батыс Қазақстан

Алаш туы астында,

Күн сөнгенше сөнбейміз.

Енді ешкімнің алашты,

Қорлығына бермейміз!

(Сұлтанмахмұт Торайғыров «Алаш ұраны», 1917 ж)

Биылғы 2017 жыл ел тәуелсіздігі тарихындағы айтулы жылдың бірі болмақ.

Тарихи құжаттардан белгілі, 1917 жылдың 13 желтоқсаны – екінші жалпықазақ съезінің аяқталып, қазақ даласының түкпір-түкпірінен келген съезд делегаттарының тарқаған күні. Ал, Алаш қайраткерлерінің жекелеген естеліктері мен құжаттары Алашорда үкіметінің құрылған күні деп желтоқсанның он екісін көрсетеді. Ал, съезд делегаты, математик Әлімхан Ермековтің мақаласы үкіметтің жасақталған уақыты мен автономия туралы қуанышты хабардың қай сағаттарда айтылғанын нақтылай түседі: «Декабрьдің 12-күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты Алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді… Жасасын Алаш автономиясы!» [«Сарыарқа» газеті, 22 қаңтар, 1918 жыл.]

Кез-келген тәуелсіз мемлекеттің елдігін дәлелдейтін өзінің туы, елтаңбасы мен әнұраны болады.Сол кезеңдегі газет беттерінде жарияланған мақалаларды оқи отырып, Алашорда үкіметінің ұранын бір ауыздан, «Жасасын Алаш автономиясы!» болған деп айтуға болады.

Ал, Алашорда үкіметінің туына келер болсақ, күні бүгінде ғалымдар арасында кейбір қайшылықтар бар. Олардың бірі Алашорда туының түсі – қызыл, екіншілері – ақ, ал енді біреулері – жасыл түсті болғандығын алға тартады. Солардың ішінде, қолда бар нақты мәліметтерге сәйкес Алашорда үкіметінің екі түсті туы болған.

Оның біріншісі, Семейдегі Алашорда үкіметінің шығыс бөлігінде – ақ түсті ту болған. Азамат соғысы кезінде 1918 жылдың 18 маусымында тал түсте Алашорда басшылары мен әскери отряды Семей қаласына келіп кірді. Әскери жасақтың саны 500 адам және олармен бірге орыс офицер-инструкторлары бар болатын. Семейде шығатын кадеттік «Свободная речь» газетінің жазуынша, келесі күні кешкі сағат 6-да Никольский шіркеуі маңындағы алаңға Алашорда әскері сапқа тұрғызылды. Уақытша Сібір үкіметінің Алашордамен одақтастығы негізінде әскерге болысуға келген офицерлері тарапынан сәлемдесу рәсімі өткізілді. Бұл кездесуге Әлихан Бөкейхановтың келуіне орай, Хамит Тоқтамышевтың бұйрығымен атты әскер «Алла» деп ұран салады. Алаш атты әскерінің ақ түсті желбіреген туында «Жасасын Бүкілресейлік және Сібірлік құрылтай жиналысы», «Жасасын Отанның адал ұлдары!», «Алла Жар!» деген жазу кестеленген еді. Тарихшы Сейітқали Дүйсеновтың айтуынша, ортасында сонымен бірге киіз үйдің суреті болған. Бұл ту туралы ақпараттардың аз болуына орай, әлі де болса зерттеуді қажет етеді.[«Алашорда әскері туралы не білеміз?», 5.05.2014 ж. Tonykok.kz]

Екіншісі, біздің Сырым ауданындағы Алашорда мұражайында тұрған жасыл түсті ту. Бұл тудың қойылуына себеп болған, С.Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабындағы «Алаш туының жыртылуы» тақырыбында суреттелген оқиға негізге алынған. 1925 жылдың сәуірінде Кеңестердің астананы Орынбордан Қызылордаға көшіру туралы 5-ші съезі өтеді. Жиынның аты «Коммунистер съезі» болғанымен, оның «Алашорда» съезіне айналып кеткенін С.Мұқанов, С.Сейфуллин сияқты жазушылар «тісін басып» отырып суреттейді.

Бірін-бірі толықтыратын «Өмір мектебі» мен «Тар жол тайғақ кешудегі» суреттеулерге қарағанда, съездің сахнасындағы президиум столының артына желбірете ілінген тулар болған. Сол тулардың арасында Алаштың жасыл туы да қойылған. С.Мұқанов жазады: « Угар (Мұқатай Жәнібеков) мені клубтың ішіне алып кіріп сахнаға таянды да: - Оқы, ананы, - деді президиумға даярланған столдың сырт жағына ілінген көп туларды нұсқап:

- Әне бір, жиегін оқамен көмкеріп, шашақпен безегенжасыл тудың бетіндегі жазуды оқы!

Жасыл туға көзімді тіксем: тозыңқыраған шұға, бетіне араб әрпімен: «Лә иләһа илла-алла, Мұхамәдүн Рәсул алла» деп, оны айнала, «Жасасын Алаш автономиясы!» және «Алаштың Ойылдағы атты әскер полкі» деп жазылған!.. Осындай ту советтік съездің сахнасына, советтік тулардың арасына қайдан ілінуі көзі көрмеген адамның ақылына сыймайтын нәрсе...»[С.Мұқанов «Өмір мектебі», Үшінші кітап «Жазушы баспасы», Алматы-1970 ж.]

Сәкен Сейфулиннің осы съезден соң қазақ ұлтшылдарына қарсы күресі баяндалған коммунистік сәлеммен Сталинге жазылған 11 беттен тұратын хаты табылды.

С.Сейфуллин Қазақ халқының тарихында үлкен маңызға ие болған 5-і кеңестер съезінің маңызын төмендетіп: «Сипаттама үшін мына бір кішкентай оқиғаға үлкен маңыз беріп келтіремін. Ақмешіт (Перовск) қаласында 5-і Бүкілқазақтың съезі ашылды. ...Съезд ашылғаннан кейін екінші немесе үшінші күні маған бір жолдас: - Мәжіліс өтіп жатқан залдың ортасындағы қызыл тулардың жанында Құраннан аят жазылған Досмұхамедов басқарған батыс «Алашорданың» жасыл туы қойылыпты, - деді. Мен алғашында сенбедім, бірақ қызыл тулардың ортасында жасыл тудың тұрғаны есіме түсті. Кейбір жолдастар реніш білдірді. «Алашорданың» туы орынынан алынды. Кейін: «Бір орыс қызметкері білместікпен іліп қойыпты», - деп түсінік берілді. Құрылтайдың техникалық жағын жоғары білімді адамдар басқарды емес пе»,– деп мағлұмат берді»,-деп жазады. [ҚР ПМ. 811-қор, т-24, іс-243. пп 7-17 С.Сейфуллиннің Сталинге хатынан, 9-10 бет]

Пойызбен Орынборға қайтып келе жатқанда бұрынғы «алашордашыл», кейін Оқу комиссариатында қызмет атқарып жүрген қарт учитель Елдос Омаров Сәкенге: «Түптегенде, бізше (яғни, алашордаша) болып шықты. Съезд біздің алашордалық жасыл тудың саясында ашылды» деген екен.

1917 жылы сәуірде өткен 1-Орал облысы қазақ съезін ұйымдастырушылардың бірі Әбдірахман Әйтиев Алаш әскері туралы өз естелігінде: «...Жиналыста Халел Досмұхамедов Жаһаншаны Ойыл Уәлаятының ханы етіп сайлады. Европаша айтқанда, Премьер Министр және Әскери Министр қызметіне сайланды. Осы жиналыста ол Діни Басқарма құрып, оның басына Хаирша Ахметжановты қойды. Діни адамдардың ықпалымен оның мемлекеттік жалауындағы Мұхамед пайғамбардың жасыл түсті, жарты аймен безендірілген белгісі – көп нәрседен хабар береді. Онда діни символ ретінде жазылған «Құдай біреу, Мұхаммед - оның өкілі» деген жазу бар. Бұл жалаудың Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің архивінде сақталған. [«Қазақ ұлт азаттық қозғалысы» 7-кітап, 42,44 бет]

Белгілітарихшы, Тұрсын Жұртбай «Ұраным – Алаш!..» кітабында1917 жылы 19-22 сәуір аралығында өткен Орал қазақтарының І құрылтайында Халел Досмұхамедов:

«Біздің мақсатымыз – ел билігін халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта өз тағдырын өз қолына алуы тиіс. Біз тапқа, жікке бөлінбейміз, біртұтас халық ретінде болашақ үшін күресеміз. Жайық өңірін мекендеген басқа ұлттармен достық одақ құрып, олардың өзара араздасуына жол бермеуіміз керек, өйткені бұл – заман тудырған біздің тағдырымыз. Қазір желбіреп тұрған бостандықтың жасыл туы – бәрімізді бірлікке, бауырластыққа шақырады. Қазақтың қара шаңырағы бәріне де пана бола алады...», – деп сөйлегенде төрде тұрған «Құран» аяты жазылған жасыл Ту – осы Ту еді. [«Бостандықтың аятты жасыл туын тіккен...» (Түрме әфсанасы). Екінші кітап,. «Ел-Шежіре», АЛМАТЫ 2010]

Тудың кейінгі тағдыры туралы С.Мұқанов: «Осы туды маған көрсеткен Угар (Мұқатай) Жәнібеков, мен «неге бұлай?» деп сұрап үлгірмей, сахнаға қарғып шығып, жұлқып түсірем дегенде, ілінген тулардың бәрін жығып алды. Оған қарамастан, Угар Алаш туын бөліп алды да, бір шетін табанына басып тұрып, дарылдата кеп жыртты... Сол күні кешке ашылған съезге Угар қатысқан жоқ. ...Бірер жылдан кейін Угар қайтыс болды деген хабар естідік.»

Жоғарыдағы мәліметтерді қарай отырып, мынадай қорытынды жасауға болады:

  1. Алашорданың батыс бөлімшесінің жасыл түсті туы болған деп анық айтуға болады;
  2. Жасыл түсті ту - Алашорда үкіметі құрылуының алдында 1917 жылдың сәуірінде өткен Орал қазақтарының 1-съезінде қабылданған;
  3. Тудың жасыл түсті болуы ол Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) бейбіт түсті туы негізінде алынған және қосымша жарты ай белгісі де болуы қажет;
  4. Алғашында «Ойыл уәлаяты» аталған Алашорданың батыс бөлімшесі діни, ұлттық, әрі хандық идеологияны білдіретін ерекше мемлекеттік бірлестік болды деуге негіз бар.

Алаштың арманы болған тәуелсіздікке қол жеткізген бүгінгі қазақ елінің туы енді ешқашан еңкеймесін.

 

 

Бөлісу: