«Болашақ»

«Болашақ»

Нұрлыгүл Есенғалиева,

"Болашақ" халықаралық бағдарламасының түлегі,

№42 «Ақ ниет» гимназиясы математика пәні мұғалімі,

Орал қаласы

 

 

Үш тілді білім берудегі ұстаздық тәжірибе

 

XXI ғасырда әр адам бәсекеге қабілетті тұлға болу тиіс. Бәсекеге қабілетті тұлға деген кім? Бұл – ақпараттық заманда сан түрлі сандық технологиялармен қатар, бірнеше тілді жетік меңгерген тұлға. Шынында, Елбасы өзінің Қазақстан халқына жолдауында үштұғырлы білім беру саясатын енгізу заман талабынан туындаған қажеттілік екенін, болашақ қазақстандық бірнеше тілде еркін сөйлеп, жаза білетін, бәсекеге қабілетті маманға айналу керек екендігін айтқан болатын. Сонымен қатар, өз жолдауында: «Қазақстан халқы бүкiл әлемде үш тiлдi пайдаланатын жоғары бiлiмдi ел ретiнде танылуға тиiс. Қазақ тiлi – мемлекеттiк тiл, орыс тiлi – ұлт аралық қатынас тiлi және ағылшын тiлi – жаһандық экономикаға ойдағыдай кiрiгу тiлi» - деген болатын.

Көптілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашып, әлемдік ғылым құпияларына үңілуге, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі қажеттілік екені сөзсіз дәлелденіп отыр. Бүгінде еліміз дамыған елдер қатарына қосылуы үшін әлемдік аренада өзінің лайықты орнын айқындауында білім жүйесінің алатын орны ерекше.

Отандық білім беру жүйесінің әлемдік стандарттарға сай болуына және үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыруға септігін тигізетін жобалардың бірі - халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша Финляндияның ХАМК қолданбалы университетінде «Жоғары сыныптардағы оқытудың теориясы мен практикасы» атты педагогикалық тағылымдамадан өтіп, алған білімімді тәжірибе жүзінде шыңдаудамын. Тағылымдама барысында Финляндия мектептерінде ағылшын тілінде сабақ беріп, ағылшын тілін білу деңгейін жетілдіріп, тіл емес пәндерді ағылшын тілінде өткізу - CLIL әдісі бойынша тәжірибемді шыңдай түстім.

Бүгінде гимназияда 5-сынып оқушыларына математика пәнінен қазақ балаларына ағылшын тілінде сабақ беріп, өзге елде алған білімімді тәжірибе жүзінде қолданудамын. Сабақта оқушылар терминдерді үйренумен қатар тақырыптық тапсырмаларды орындап, видеоматериалдарды тыңдайды, сондай-ақ, оқушылар математикалық терминдермен қатар күнделікті сөз тіркестерін үйреніп, ағылшын тіліндегі сөздік қоры кеңейеді. Еуропада алған тәжірибемді барынша шеберлікпен пайдалану нәтижесінде оқушылардың тыңдау, сөйлеу, жазу және оқи білу дағдысы артып келеді. Тақырыптық тапсырмаларды Zambak басылымдағы оқулықтардан пайдаланып отырмын, дегенмен өз елімізден отандық кітаптарымыз да басылымға шықса, сапалы білім алуға кепіл болар еді.

Әрине, тіл үйретудің өзіндік қиындықтары болатыны белгілі, соның ішінде уақыттың тапшылығы, сабақ сағаттарының аздығы оқушыларымның пәнді және тілді толыққанды игеруіне кері әсер етеді. Алайда, қиыншылықтарға қарамастан, болашақ ұрпақты үйретуге бар күшімді салудамын.

Егер Қазақстан Республикасының азаматы үш тілді жетік меңгерсе, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруға мүмкіндігі зор болар еді. Ал бәсекеге қабілетті тұлға – бәсекеге қабілетті мемлекеттің кепілі.

«Болашақпен» өткен тағылымдама тек шет тілін шыңдау мүмкіндігін ғана емес, сонымен қатар шетелдік білім беру жүйесімен танысып, әріптестермен тәжірибе алмасудың зор мүмкіндігін берді. Бүгінде маман ретінде, еліміздің азаматтары ана тілінде еркін сөйлеп, басқа тілдерді меңгерген жөн деп ойлаймын. Ана тіліміздің мәртебесі күн сайын жоғарылап, басқа тілдерді меңгеру деңгейіміз арта берсін деп тілеймін!

Бөлісу: