Білімімді елімнің пайдасына жұмсаймын!

Аида МЫРЗАБОЛАТОВА, Қытайдағы Цзянсу технологиялық университетінің студенті:  Орал қаласындағы №44 жалпы орта білім беретін мектептің түлегі. Бос уақытында кітап оқығанды ұнатады. Бірнеше шет тілін меңгерген.

- Аида, шетелде, соның ішінде Қытайда білім алу туралы ой қалай келді?

- Шетелде білім алу туралы 8 сыныптан армандадым. Ел көріп, жер көріп саяхаттағанды бала кезімнен ұнататынмын. Таңдау оңайға түскен жоқ, әрине, әр елдің өз ерекшелігі бар дегендей, көп ойлана келе мен Қытайда оқуды таңдадым. Ата-анамның да, менің де ойымыз бір жерден шығып, жоғарғы оқуды Қытайда оқитын болып шешім қабылдадық. Караша айында керек деген құжаттарды дайындап, оқуға тапсырдым.

- Тіл үйрену оңай болды ма?

- Сабақ ағылшын тілінде өтеді. Ағылшын тілін мектеп кезінен меңгере бастадым. Түрлі курстарға қатыстым. «Білім – инемен құдық қазғандай» демекші, әрине, тіл үйрену оңай болған жоқ. Тілімді жаттықтырып, ағылшын тілінде көптеген кітаптар оқыдым. Қазір қытай тілін де үйреніп жатырмын. Қытай тілі – оңай тіл емес. Қиындықтар да болды. Қытай сөздерін үйреніп, қазір сол сөздерді күнделікті өмірде қолданып, тілімді жаттықтырудамын.

- Шетелде оқуға ата-анаңыз қарсы болмады ма?

- Ата-анам қарсы болмады, бірақ әр ата-ана өз баласын шетелге жалғыз жібергісі келмейді деп ойлаймын. Маған қолдау көрсетіп, сенім артқаны үшін оларға алғысым шексіз. Ата-анамның үмітін ақтауға тырысамын.

- Қытайға алғаш барғандағы әсеріңіз қандай болды?

- Алғаш рет келгенде қобалжу болды, толқу болды сонымен қатар үлкен жауапкершілікті сезіндім. Жаңа әлем көргендей болдық. Біз үшін бәрі жаңа болды: тілі, ауа-райы, мәдениеті, тамағы, салт-дәстүрі, дiнi.

- Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

- Сабақтан тыс уақытта қытай тілін үйренемін, кітапханаға барып үй жұмысымды жасаймын, сабаққа дайындаламын. Кейде достарыммен бірге қалаға шығып қыдырамыз. Театрға барғанды жақсы көремін. Соңғы кездері қытай мәдениетін, музыкасын зерттеуге көп көңіл бөліп жүрмін.

- Қытайда қазақ жастары кездесіп тұрасыздар ма?

- Иә, қазақ жастары жиі-жиі кездестіріп тұрамыз. Кейде бір-бірімізді қонаққа шақырамыз. Туған жерден алыста жүргендіктен, осында оқып жүрген қазақ жастары бір үйдің баласындай татумыз. Бір-бірімізге қол ұшын беріп, демеу боламыз. Тәуелсіздік күні, наурыз сияқты мерекелерді бірігіп атап өтеміз. Спорттық бәсекелерге қатысып тұрамыз.

- Өзіңіз білім алып жатырған университет туралы айтып өтсеңіз. Білім беру жүйесі қандай?

- Қытайда Жоғарғы оқу орындарына көп көңіл бөлінеді. Жоғарғы оқу орнына түсерде талапкерлер тестілеуден өтеді және жазбаша емтихан тапсырады. Оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, шілденің басында аяқталады. Цзянсу технологиялық университеті Қытайдағы үздік жоғарғы оқу орындарының қатарында. Университет оқуға керекті барлық құралдармен жабдықталған. Әр семестрдің соңында Finals деп аталатын емтихан тапсырамыз.

- Бұл оқу орнының біздің университеттерден қандай айырмашылығы бар?

- Айырмашылықтар өте көп. Ең басты айырмашылығы – тіл үйрету. Барлық студенттер міндетті түрде қытай тілін білуі тиіс. Бұл үшін шетелдіктерге арналған тіл үйрену курстары бар. Студенттердің білімін бағалау да өзгеше. Қорытынды бағаның 50%-ы үй жұмысының орындалуы және сабаққа қатысумыз ал қалған 50%-ы емтихан нәтижесінен тұрады.

- Қалай ойлайсың, шет елде білім алғанның артықшылығы қандай?

- Басты артықшылық бұл – білімнің сапасында. Мұнда сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалған.

- Қытайда студенттер үшін қандай жеңілдіктер жасалған?

- Қытай халқы спортқа қатты көңіл бөледі екен. Тегін баскетбол алаңдары, бассейндер, футбол алаңдары, спорт залдар өте көп. Студенттерге көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Студенттерге арналған арнайы сауда орталығы бар. Өзге елден келген студенттерге берілген жатақхана қытай студенттерінің жатақханасынан әлдеқайда жақсы. Біздің жатақханада бір бөлмеде 2 адам болса, оларда 4-6 адам турады.

- Аида, алға қойған жоспарыңыз қандай?

- Менің қазіргі уақытта алға қойған мақсатым – осы оқу орнын үздік бітіру, жақсы маман иесі атанып, ата-анамның үмітін ақтау. Мүмкіндік болса басқа да елдердің салт-дастүрін, тілін меңгеріп, тәжірибе алмасып, бар жиған-терген білімімді өз елімнің пайдасына жұмсағым келеді.

- Сұхбатыңызға рахмет. Білімді, білікті маман иесі болып ел игілігіне қызмет етуге тілекшіміз.

Әңгімелескен Динара ЕСЕНӘЛИНА

«DQ»

Бөлісу: