Батыс Алашорданың біз білмейтін кейіпкері

Медет Тілепов

Қайыржан ХАСАНОВ, өлкетанушы, Орал қаласы

 

 

Зерттеуші-ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» атты романының «Тез» деген үшінші тарауы «Бостандықтың аятты жасыл туын тіккен...» (Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов және...) («Жұлдыз» журналы, №8, 2011 жыл. 142-161 беттер) деп аталады.

Осы тарауда: «Қашан біздің өлкеміз казактардан тазарғанша, біз олармен соғыса береміз. Соғыс аяқталғаннан кейін қай жерге бар десеңдер де, біз мақұл көреміз. Тек сіздерден Орал майданын тезірек жоюларыңызды өтінеміз... Сондай-ақ біз қолға түсіріп, Орынбордағы Кирревкомның қарауына жіберілген қару-жарақ қызыл әскерді жасақтауға жұмсалуын өтінеміз. Төраға - Ж.Досмұхамедов, мүшелер – Т. Медетов, (астын сызған - Қ.Х.) Т.Тұрмағамбетов», - деп жеделхат жолдады» деген жолдар бар.

 

Тілеп Медетов деген кім?

Медетов Тілеп Ығылманұлы 1883 жылы туған. Ол - Ығылманның бесінші баласы (Жұмағали, Сүлеймен, Кемал, Сары, Тілепі, Жанғали).

Кейіпкеріміздің ата-тегін жіктесек, Кіші жүздің ішіндегі Байұлының алаша руынан болады. Алашаның - Қарабурасы, Қарабурадан – Әйтілес, Божан. Әйтілестен – Өтес, Өтестен – Шолан. Шоланнан – Құрманқұл. Құрманқұлдан – Медет, Ықылас, Бисенбай. Медеттен – Ығылман. Ығылманнан – Жұмағали, Сүлеймен, Кемал, Сары, Тілеп, Жанғали.

Тілеп ауыл молдасынан білім алғаннан кейін Күйік қаласындағы (Илецк) екі жылдық орыс-қырғыз (қазақ - Қ.Х.) мектебінде оқып, оны үздік бітіреді. 1904-1912 жылдар аралығында сегізжылдық мектепті тәмамдаған. Кейін екі жылдай Орынбор қаласындағы мектеп семинариясында білім алады.

Тілеп қандай білімді әрі шаруаға икемді болғанымен, ұзақ уақыт екі қолға бір жұмыс таба алмайды. Сол себепті Ойылға барып, мировой судьяның тілмашы болуға ұйғарады. Осы кезден бастап Тілеп қызметте өсе бастаған екен.

Ол Алашорда тұсында Жымпитыда қаржы бөлімінің бастығы болған. Алашорда үкіметінің мүшесі болған Тілеп – Жанша Досмұхамбетовтің сенімді жолдастарының бірі. 

Батыс Алашорда Ойыл уәлаяты құрылғанда, Тілеп Жымпитыда қалған. Содан біздің аталарымыз 1929-1930 жылдары кәмпескіленген. Тілеп Кеңес үкіметінің саясатынан қорқып, өз келешегін ойлаған. Оның тұтқындалмай, аман қалуының бір себебі – Алашордалықтардан іргесін аулақ ұстауы болса керек.

Құпия шешімдерден Тілеп атамыз өзінің және 1893 жылғы інісі Жанғалидың «халық жауы» атанғанын естігенде, жер ауыстыруымыз керек деп шешкен. Содан елден көшіп, Ресейдің Челябі деген жеріне дейін барған. Сол жақта 1939 жылы бір жылдай ракпен ауырып, 1940 жылы қайтыс болады. Тілептен – Бақи (Абдолбақи) мен Мұтал (Құрманғали).

Ығылманнан тараған Жұмағали, Сүлеймен, Кемалдар шаруа адам болса, серілігі бар Сары ұрыстарға жиі қатысқан, пысық жан екен. Кемал, Сары 1921 жылы аштықтан өлсе, Жұмағали халфе 1938 жылы Златоуст қаласында кісі қолынан қаза тапқан.

Ығылман атамыз інілері Өзектен көшіп кеткен Балғожа, Жасқожалар күн көрсетпеген соң аталықтар тайпасы, Өтеулі бөлімін паналап, Ворошилов (қазіргі Үшағаш) деген жерге келіп, сегіз жыл отырған. Алайда кенжеғара Ақшолақ Сарығожин, Жұмағалидың атасы Қарасай деген билер Ығылманға: «Біз мәңгілік емеспіз. Сұрағандарға айта беретін өтірігіміз де таусылды. Өтеулі сендерге күн көрсетпес. Ең дұрысы сендер бұл жерден көшіңдер», - дейді.

Осы ақыл-кеңесті құп алған аталар Божандардан жер алып, бұрынғы 4-ферма, Қытайы, Сарықұмақты жайлаған. Елдегі аласапыран басылғанша, сонда тұрған.

Жанғали қарт та Електе 1910-1916 жылдары алты жыл оқыған. Сол заманына қарағанда, сауаты едәуір болған.

Айта кетерлігі, Өтестен туған Түркебай би болған дейді. Түркебайдың Сейіл деген баласы батыр екен. Оны Алаша руы хан деп сайлаған. Медет атамыз оның бас уәзірі, писарь болыпты.

Сейілдің ұлы Амандықты 9 жасында Адайдың 18 жасар қызына үйлендірген. Ханның баласы ғой, ерке, тентек болыпты. Ойына не келсе, соны жасап, бір орыс подполковникті өлтірген. Бұл жағдайды Ақшолақтың әкесі Сарығожа Кенжеғарин губернаторға жеткізеді. Сөйтіп, Орынбордан келген карательный (жазалаушы) отряд Сейілді тұтқынға алады. Қарабура ауылдарының көбін шапқан. Соның салдарынан көп кісі Бесқалаға қашып кетіпті. Ол Хиуа облысы, Қоңырат, Жиделібай, Шымбай, Қойжері, Хиуа қалалары. Сонда жүргенде Медет, Амандық, тағы екі кісі бір өзбектің дүкеніне кіреді. Төртеуі кіргенде дүкеннің едені сықырлапты. Сонда дүкенші өзбек: «Апыр-ай, жүз кісі кіргенде сықырламаған еді, мына еден төртеуі кіргенде сына жаздады. Мыналар қандай көрікті?!» - депті. Содан көп ұзамай төртеуі де көз тиіп қайтыс болыпты.

Советтің солақай саясатынан туған жерден үдере көшіп, орыс сағалап жүрген қазақтар 1956 жылдары, өмірден Сталин мен Берия өткен соң Ресейдің Башқұртстан, Орынбор жағын паналап жүргендер оңашада бас қосыпты.

- Бұлай туған жерден жырақ жүре беруге болмас. Түбі елге қайтуымыз керек. Алайда біздің қазақ шаш ал десе, бас алады ғой. Елде кешегі кәмпеске уақытындағы жандайшаптар әлі де бар. Олар бізді құшақ жая қарсы ала ма? Сондықтан байырғы ата қонысымызға бармай, жақын маңға көшіп барғанымыз жөн болар, - десіпті. 1958-1959 жылдары кешегі кәмпескіленгендер әлі Қаратөбеде болғандықтан, олар Шыңғырлау, Бөрлі, Теректі аудандарында тұрақтайды.

1961 жылы ең соңғы көш келді. Олар Жұмағалидың ұлдары – Дүйсен, Мұзафар, Ермек еді. Сосын Бірғалидың жақындары еді. Жұмағалидың балалары Аққозы совхозында «Жұмағали базы» деген әкелерінің мекеніне барып қоныстанады. Совхозда көп жыл адал еңбек етіп, соның арқасында елге сыйлы болды.

Дүйсен ағай өте момын, азырақ жасқаншақтау, шаруаға қырағы еді. Ал Мұзафар ағай - қарапайым, шаруа адам. Қызы Зұлайха шопандық еңбегі үшін орден, медалдармен марапатталды. Сонымен қатар Қаратөбе аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болды.

Ермек ағай да қарапайым шаруа, қазақы, өте әділ кісі болатын. Осы еңбекқорлығының арқасында Қазақстан мен Ресейдің талай марапатына ие болды.

Автордан: Қаратөбе ауданының «Аққозы» совхозында аға шопан болған Ермек Жұмағалиев ағамен талай кездесіп, әңгімелескен едім. Ол қаракөл қойын өсіруден бірнеше дүркін аудан чемпионы болды.

 

Бөлісу: 
Дополнительные фотографии: