Азаттық

Азаттық

1972 жылы Жымпитыда болған дүрбелең

 

Совет үкіметінің даңқы дүркіреп тұрған кезде Алашорда қайраткерлері туралы аудандық газетке естелік мақала жазып, елді шулатқан ақсақал туралы бұрын да еститінбіз. Белгілі өлкетанушы, ардагер журналист ағамыз Қайыржан Хасановтың төмендегі мақаласында даңқты Хасан Дабаров туралы кеңірек баяндалған. 1917-1918 жылдардағы оқиғаларды, Алашорданы, Алаш қайраткерлерін әшкерелеп, жамандап жазғандай болғанымен, аты-жөнін атауға тиым салынған ардақтыларды аудандық газетке шығарып, ел жадында бір жаңғыртып қойғанының өзі ерлік болатын. Советтік цензураның жаны қалмай шошынып, «оқиғаға кінәлілерді» қатаң жазалауы сондықтан.

Айтпақшы, Хасан Дабаров ағамыз сол заманда сирек кездесетін кітаптарға толы, аса бай кітапханасымен де әйгілі болған жан екен. Белгілі ғалым Мұстафа Ысмағұлов 1979 жылы Қазақ ССР мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының жолдамасымен 6 маусым-29 шілде аралығында ел ішіне жасаған экспедициясында Орал облысы Жымпиты ауданының Бұлдырты кеңшарына арнайы барып, Хасан Дабаровтың кітап қорын көргенін жазыпты:

«Дабаров Хасанның жеке кітапханасында 20 мыңнан аса кітап, газет пен журнал бар. Ол өте кітапсүйгіш адам. Бірақ, оның кітаптары қауіпті жағдайда. Үйінің төбесі қамыспен жабылған әрі Бұлдыртының бір шетінде орналасқан. Өрт бола қалса, ешкім оған көмектесіп, кітапханасын сақтап қала алмайды. Ал ақсақалдың кітапханасы – даланың сирек қазынасы деуге лайық! Алайда Хасан Дабаров құнды кітапханасымен құм ішінде отыр» депті Мұстафа Шәмбілұлы.

DK

 

Қаратөбе аудандық партия комитетінің аудандық «Еңбек туы» газеті редакциясына жұмысқа шақыруымен 1971 жылы шілде айында редакцияда жұмыс жасағаныма бір жылдан асты.

ССРО-ның құрылғанына 50 жыл толуына орай Жымпиты аудандық «Қызыл ту» газеті «СССР-50» айдармен мақалалар бере бастағанын өзара тәжірибе алмасу мақсатында келіп тұратын газет сандарынан оқып жүрдім. «Туған жеріміздің тарихынан» деген айдарымен бұлдыртылық қарт мұғалім, зейнеткер Хасан Дабаровтың Жымпиты аудандық «Қызыл ту» газетінің 1972 жылғы желтоқсан айының 5, 7 күндері №145 (5809), 146 (5810) сандарында жарияланған «Туған жеріміздің тарихынан» деген тақырыппен мақала жарияланды. Газеттің алғашқы санындағы мақалада Батыс Алашорданың Жымпитыдағы тарихы жазылған екен. Жалғасын күттім. Екінші келген газетке жарияланған мақаланың соңын оқып шықтым. Сол газет сандары мынау.

 

«Туған жеріміздің тарихынан

(Естелік-эпизодтар)

 

Ауданымыздағы көпті көрген көнекөз, қадірлі қарияларымыздың бірі – Хасан ДАБАРОВ. Хасекең ұзақ жылдар педагогтық қызмет атқарып, құрметті пенсияға шыққан адам. Ол жұртшылыққа білімді аса құрметтейтін, кітапқұмар жан ретінде танымал. Оның жеке кітапханасын арнайы сөз етуге, көпке үлгі етуге тұрады.

Біз бүгін оқырмандарымыздың назарына Хасекеңнің СССР-дің 50 жылдығы мерекесіне орай жазған, туған жеріміздің тарихынан сыр шертетін естелігін жариялап отырмыз.

 

Өткенімізге көз жіберіп, оны терең білмей қазіргі коммунистік ғасырдағы сәулетті өміріміздің мән-мазмұнын толық тани алмаймыз. Әсіресе, бүгінгі жас ұрпақтарымыз кіндік қанымыз тамып, туып-өскен жеріміздің де бастан кешкен тарихи соқпақтарын жақсы білгені ләзім. Біздің Жымпиты өңірі де тарихи-революциялық картиналарға кенде емес. Мен солардың есте жүрген кейбірін ғана, эпизодтық тұрғыда, аудан жұртшылығының алдына ұсынғым келеді.

 

1.              Омардың Салығы кім?

Қатарынан ұзақ жылдар бойы Өлеңті болысының управителі болып, елге үстемдік жүргізген ірі байлардың бірі – Омаров Салық еді. Ол 1912 жылы болған билікке таласу штатында жеңілді де, орнына Әжігерей Есеналин дейтін орысша сауатты адам болыстық управитель болып сайланды.

1913 жылы октябрь айында болыс Әжігерей інісі Балапанды үйлендіріп, үлкен той жасады. Осы тойда болыспен тізерлес отырған А.М.Фарбер есімді адвокат қойнынан алтыатарын суырып алады да Әжігерейді атып өлтіреді. А.М.Фарберді осындай зұлымдық әрекетке итермелеген Салық Омаров еді, ол өзінің бақ таласы, болыс Әжігерейді өлтіру үшін оған үш мың сом ақша берген. Салықтың мұнан басқа да жауыздық әрекеті бар.

1917 жылдың апрель айында Жымпитыда «Земская управа» деп аталатын уездік мекеме құрылды. Халық оны «Земство үкіметі» деп те атады. Оның начальнигі Кәрім Жәленов, орынбасары Бақтыгерей Игіліков дейтін учитель болды. Төрт ай өткен соң (август айында) Салық Омаров қасына 40 кісі ертіп, базар күні, талтүсте «Земство» мекемесіне шабуыл жасап, бір адамды қол аяғын байлап, арбасына салып кетті. Ол начальниктің орынбасары Бақтыгерей Игіліков болып шықты. Салық оны ауылына апарып, байлап қойып сабап, бір көзін шығарады да босатып жібереді. Мұнан кейін халық Игіліковты «Соқыр ояз» атап кетті.

Міне, үстем тап өкілі Омардың Салығы осындай нағыз жауыз, баққұмар жан еді. Бұл пікірімізге жоғарыда айтқандарымыз куә.

 

2.              Кек

Жымпиты өңірі халқының көпшілігі кедей және орта шаруалар болды.

Байлар ат төбеліндей аз еді. Сонда да олар айналасындағы кедейлерге күн көрсетпеді, зорлық-зомбылық істеді, қанады. Бір ғана факті.

Жымпиты уезі, Шідерті болысының 3-ауылында (осы күнгі Жымпиты совхозының жерінде) ағайынды екі бай, Құрманғали мен Молдағали Бексұлтановтар болды. Әр қайсысы 500 бастан жылқы айдады. Үлкені Құрманғали сол ауылдың старшинасы еді.

Бұлар Әбдірахман Жәутіков дейтін сіңірі шыққан кедейдің жалғыз сиырын шөпке түсті деген сылтаумен қорасына байлап қояды. Сұрай барған мал иесін сабап, басын жарып, қанжоса етіп жібереді. Мұндай зұлымдық, зорлыққа қаны қайнаған кедейлер: Жұбаныш Ақтанов, Демжан Қонысбаев, Имаш Тасекеновтер бірігіп және қастарына үш кісі ертіп кек алуға аттанады. Ағайынды екі байға әбден қандары қайнаған кедейлер кек аламыз деп жүріп оларды сойылмен ұрып өлтіреді.

Бұл оқиға 1917 жылы январь айының екінші жартысында болып еді. Мұны ауданымыздағы революция қарсаңындағы шегіне жеткен тап тартысының анық бір көрінісі деп бағаласа артық емес.

 

3.              «Алаш Орда» үкіметі және ол қалай күйреді?

Қазақ халқы, баршамызға мәлім, бұрын үш жүзге бөлінген. Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз. Осы үш жүздің оқымыстыларының бас қосқан съезі 1917 жылы, көктемде, Орынбор қаласында өткізілді. Съезд «Алаш Орда» үкіметін құру туралы шешім қабылдады. Онда былай делінген: Күн шығыс «Алаш Ордасы» - лидерлері: Уәлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқаев, Мұхамбетжан Тынышбаев және тағы басқалар. Орталығы – Семей қаласы.

Торғай «Алаш Ордасы» - лидерлері: Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев және тағы басқалар. Орталығы – Торғай поселкесі.

Күн батыс «Алаш Ордасы» - лидерлері: Жанша Досмұхамбетов, Халел Досмұхамбетов, Дәулетше Күсепқалиев және тағы басқалар. Орталығы – Жымпиты поселкесі.

Күн батыс «Алаш Орда» басшылары «Алаш Орда» үкіметін құру туралы екі рет съезд шақырды. Алдыңғысы 1918 жылы, февраль айында, Қаратөбе поселкесіндегі қазақ мешітінде өтті. Мұнда съезд делегаттары екі жақ болып, бір біріне мылтық оқталып, сәтсіздікке ұшырады, ешқандай шешім қабылданбады. Талас қаржы мәселесі туралы болды. Халықтан жиналатын қаржы – «Тұрба басына бірдей салынсын» деген бір ұсыныс, - «Бірдей салынбасын, байларға салық көбірек, кедейлерге аз мөлшерде салынсын» деген екінші ұсыныс болды. Алдыңғы ұсынысты жақтаушылар: Иса Қашқынбаев, Мақыш Балтанов, соңғы ұсынысты жақтаушылар: Ғұбайдолла және Ғалиасқар Әлібековтер мен Молдағали Жолдыбаев еді.

1918 жылы май айының алғашқы жартысында «Алаш Орданың» екінші съезі Жымпиты поселкесіндегі Иван Федяниннің трагінде өтті. Съезге 300-ге жуық делегаттар қатысты. Ол 5 күнге созылды. Бұған ағайынды Әлібековтер мен Молдағали Жолдыбаев қатыспады.

Съезд мынадай шешім қабылдады.

1.              «Алаш Орда» үкіметі құрылсын, оның басқару құрамы 7 кісіден болсын.

2.              Қаражат мәселесін шешу үшін тұрба басына 200 сомнан салық салынсын.

3.              «Алаш Орда» үкіметінің екі мың адамнан құралған милициясы болсын. Мінетін аты, ер тоқымы – халықтан.

4.              Екі жерден Юнкер мектебі ашылып, офицерлер даярлансын. (Ойыл және Жымпитыдан).

«Алаш Орда» үкіметінің съезде тағайындалған басшылары:

1.              Жанша Досмұхамбетов – жоғары білімді юрист. Туып өскен жері «Бұлдырты» совхозының «Тамды» бойы, руы – «Қара құнан тана».

2.              Халел Досмұхамбетов жоғары білімді адам дәрігері. Туып-өскен жері Көкжар ауызындағы «Жетікөл-Жекенді» дейтін жер. Руы – «Жайық беріш». Халел Досмұхамбетов 1920-1926 жылдары Ташкент қаласында тұрып, көптеген еңбек жазып, бастырып шығарды. «Адам анатомиясы мен физиологиясы» деген еңбегімен 1924 жылы Москва мемлекеттік университетінде диссертация қорғайды. Профессор атағын алады.

(Соңы келесі санда).

 

Туған жеріміздің тарихынан

(Соңы. Басы өткен санда).

Бұрынғы «Алаш Орда» лидерлері 1929 жылы жер аударылды. Солардың қатарында Х.Досмұхамбетов те Белоруссияға жер аударылды. Алдыңғысы Ж.Досмұхамбетов «Алаш Орда» үкіметінің ханы, ал соңғысы ханның орынбасары болған.

3.              Дәулетше Күсепқалиев жоғарғы білімді адам дәрігері. Петербург қаласындағы Мемлекеттік университеттің медицина, мемлекет және право факультеттерін бір мезгілде бітіріп, екі диплом алған адам.

1909 жылдан 1912 жылға дейін «Крестьянский начальник», уезд бастығы болып, қарауындағы он болыс елді басқарды. 1912 жылдан бастап адам дәрігері. Туып-өскен жері – «Азынабай Тайпақ» дейтін жер (көл). Руы – Төре.

Бұл кісі «Алаш Орда» үкіметінің мүшесі. 1928 жылы ірі байлар қатарында мал-мүлкі конфискеленіп, өзі семьясымен жер аударылды.

4.              Салық Омаров – Сырым тұқымы, Қазының немересі. Көп жылдар бойы Өлеңті болысының управителі болып, ел басқарған жауыз адам. Бұл – «Алаш Орда» үкіметінің мүшесі. 1923 жылы ірі байлар қатарында мал-мүлкі конфискеленіп, өзі семьясымен жер аударылған.

5.              Қалдыбай Асанов - ...(көрінбейді) адам. Саратов университетінің экономика факультетін 1914 жылы бітіріп шыққан. Туып-өскен жері – Жымпиты поселкесі. Руы – Қожа, тегі – кедей. «Алаш Орда» үкіметінің мүшесі және интенданты болды.

Совет үкіметі жылдарында облыстық финанс бөлімінде бас экономист болып істеді. Кейін ішімшілікке салынып, 1938 жылы Орал қаласында қайтыс болды.

6.              Ғабдол-Ғалым – Қуанай хазіреттің баласы. Араб жеріндегі Бағдат қаласында оқыған адам. «Алаш Орда» үкіметінің мүшесі, әрі имамы.

7.              Сабыр Сарғожин – жоғарғы дәрежелі әскери білімі бар, 27 жыл патша армиясында қызмет еткен, генерал-майор. Бұл «Алаш Орда» үкіметінің мүшесі, әрі әскер бастығы.

Міне «Алаш Орда» үкіметінің басқару құрамы осы адамдардан болды.

Сабыр Сарғожиннің туып-өскен жері Қаратөбе ауданы, «Қалдығайты» өзенінің төменгі ағысының бойы. Руы – Аталық кенжеғара. Ертеде 19 ғасырдың соңғы жартысында Ақшолақ, Тапай Сарғожиндер болды. Сабыр – Тапайдың баласы.

Сабыр Сарғожин 1919 жылдың декабрь айында Қара теңіз арқылы Англияға өтіп кетті. Оның әйелі – орыс, екі қызы, бір ер баласын ертіп, семьясымен Лондон қаласына жетіп тоқтаған.

Елде қалған Сабырдың інісі Әміре Сарғожин ағасынан жыл сайын хат алып, амандығын білдіріп, өзі де хат салып, хабарласып тұрды.

Сабыр Сарғожин 1925 жылы, декабрь айында қайтыс болғанын Сабырдың әйелі қайнысы Әміреге хабарлады.

«Алаш Орда» тек қана бай-шонжарлардың мүддесін қорғайтын үстем тап үшін құрылған үкімет болды. Ол Ресей жерінде құрылған жас Совет үкіметінің қас жауы болды.

 

4.              «Алаш Орда» Үкіметі не істемеді?

Ертеде жерімізге көшіп келіп мекендеген украиндықтардың «Құрманбай» (Александров), «Қарағанды», «Алмазный» секілді поселкелеріне шабуыл жасады. Оларға «большевик» деген кінә тақты, бір қатар адамдарын жазықсыз атып тастады.

Совет үкіметі үшін соғысып, ақтардың қолына тұтқынға түскен 60 қызыл әскер «Алаш Орда» үкіметінің қарауына, Жымпитыға жіберілген еді.

Аурухананың алдымен бұрынғы «Интернационал» колхозына қарай шығатын жол (қаладан 2 км. шамасы жерде) терең сайдан өтетін.

«Алаш Орданың» қанды балақ офицерлері: Айтқали Абылаев, Қайыржан Жалпақов дегендер әскери тұтқын болған 60 қызыл әскерді осы сайға айдап әкелді де, сайдың ішінен үлкен шұңқыр қаздырды.

Әлсіз, аш адамдар шұңқырды 3 күн қазып, әрең бітірді (август айы, 1919 ж). Шұңқыр қазылып бітісімен жоғарыда аттары аталған екі офицер бір взвод солдатымен түн ішінде (таңға жақын) 60 қызыл әскерді айдап барып, өздері қазған шұңқырдың жағасына қатар тұрғызды да атып тастады.

Совет үкіметі орнағаннан кейін уездік РКП(б) және РКСМ Комитеттерінің басшылығымен жыл сайын 1 май, 7 ноябрь күндері болатын митингіні осы араға келіп өткізетін еді. Халқымыздың бостандығы үшін қаза болған 60 жауынгер азаматты еске түсіріп, қалаға кері қайтушы едік.

Күнбе күн атылған зеңбірек дауысын есітіп, Қызыл Армияның жақындағанын сезіп, 1919 жылы октябрь айында «Алаш Орда» үкіметі бар дүние-мүлкін тиеп, көп әскерімен Қызыл қоға қаласына көшті.

 

5.              Ардагер азаматтар

Ақ казактар әскерлерін Оралдан оңтүстікке қарай өкшелей қуған Қызыл Армия бөлімдері 1919 жылы, 19 ноябрь күні, Батыс «Алаш ордасының» астанасы Жымпитыны азат етті. Ал, 20 ноябрь күні Орынбор бағытынан, Жымпитыға Ғалиасқар Әлібеков бастаған бір топ қызыл әскерлер келіп кірді. Бұл әскери бөлімдердің бір бөлегі қалада көп кідірмей, ақтарды Қаратөбе, Ойыл жаққа қарай, ал екінші тобы Калмыков, Гурьевке қарай қуып кетті.

Бақытжан Қаратаев (ол Жымпитыға 19 ноябрь күні, Оралдан шыққан әскери бөліммен бірге келген болатын) пен Ғалиасқар Әлібеков 21-22 ноябрь күндері қалада митингтер өткізіп, халыққа совет үкіметінің жақсатын, саясатын түсіндірді.

Поселкелік совет құрылып, оның уақытша председателі болып, тігінші Әубәкір Ғалиуллин деген адам тағайындалды. 21 ноябрь күні өткен жиналыс әлі есімде. Бақытжан Қаратаев айналадағы ауылдарға ат шаптырып, жиналысқа кісі жинады. Жиналыста өзі сөз сөйлеп, ескі заманның бір жолата келмеске кеткенін, жаңа заман – советтік дәуірдің басталғанын айтты. Бәкең қарттың сөзін жиналғандар ұйып тыңдап, қуанышты тарқасты.

Совет үкіметінің алғашқы жылдарында уездік партия, совет мекемелерінде қызмет істеген Молдағали Жолдыбаев (уездік совет атқару комитетінің председателі), Шайхы Жантілеуов, Жайғазым Шанин (РКП(б) уездік комитетінің секретарьлары), Кичатов (уездік әскери комиссар), Үмбет Жаманов (уездік еңбек комитетінің председателі, СССР халық артисткасы Р.Жаманованың әкесі), Бақтыгерей Игіліков, Сары Күнтаев (уездік милиция бөлімінің басшы қызметкерлері), Хамид Асадуллин (РКСМ уездік комитетінің секретары), Касаткин (уездік азық-түлік комиссары), Дорофеев (уездік қатынас бөлімінің начальнигі) тағы басқаларын аудан еңбекшілері зор құрметпен атап, мәңгі есте сақтаулары тиіс.

Өйткені осы ардагер азаматтар ғой туған жерімізде жас совет үкіметінің құрылуы жолында жан-тәнімен беріле күрескен. Қазіргі нұрлы өміріміз үшін – олардың кейбірі жанын да қиды. Данышпан лениндік партияның сара басшылығы арқасында революция ісіне шын берілген осындай қаһарман ерлеріміздің арқасында біз осынау ұлы коммунистік ғасырда бақытты өмір кешудеміз.

Хасан ДАБАРОВ,

пенсионер»

 

Мақаланың соңы

Ол кезде партия қатарына өткеніме бірер жыл болған «жас коммуниспін» ғой. «Коммунистік партияның саясаты қызып тұрған кезде атын айтуға қорқатын Алашордаға байланысты мақаланы жымпитылық әріптестер қорықпай қалай шығарды екен» деген ойымды газеттің күнделікті күйбеңімен жүргенде ұмытып кеттім. Бір күні «Дабаровтың мақаласы Жымпитыны дүрліктіріп жатыр» деген дүмпу сөзді естідік. «Қызыл тудың» біздің редакциядағы тігіндісін алып, екі номерге шыққан мақалаларды қайта оқып шықтым.

Х.Дабаровтың мақаласынан туған дүрбелең - 1973 жылы қаңтар айында облыстық «Орал өңірі» газетінде «Мақтағаны ма, әлде даттағаны ма?» деген шағын мақала жарық көрді. Бұл мақалада «Жымпиты аудандық «Қызыл ту» газетінде жарияланған Х.Дабаровтың мақаласы – Алашорданың қайта бас көтеруін бағалап, халық арасында теріс түсінік қалыптастыруға әсер етті» деп жазылған екен.

1973 жылы 27 ақпанда өткен облыстық партия комитетінің бюросында осы мақала бойынша облыстық партия комитеті жүргізген тексерудің қорытындысы қаралыпты. «Аудандық газет ұлттық-буржуазиялық, контрреволюциялық Алашорда үкіметін жақтаған, саясатқа қарсы, идеясы бұлыңғыр материалды жариялауға жол беріп, саяси соқырлық танытқаны үшін» аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Ғайнолла Ағеділов қызметінен босатылып, есеп карточкасына жазылып, қатаң сөгіс берілсе, аудандық газеттің редакторы Уәли Сұлтанов редакторлық қызметінен босатылып, КПСС мүшелігінен шығарылыпты.

Партиялық қызметтен босаған Ғ.Ағеділов екі жылдай аудандық «Білім» бөлімінің хатшысы болып жасапты. Уәли Сұлтанов редакторлық қызметтен босап, партиядан шыққан соң түрлі қызмет жасаған. Аудандық оқу бөлімінде инспектор, мектепте тарих пәнінен сабақ берген.

Облыстық партия комитетінің 1990 жылы 2 қарашада өткен бюро мәжілісі Ғ.Ағеділовтің берген арызын қарап, 1973 жылғы 27 ақпан күні өткен бюрода Ғ.Ағеділовке берілген партиялық жазаны негізсіз деп тапқан. Уәли Сұлтановтың партиялылығы қалпына келтіріліп, КПСС билеті иесіне қайтарылып берілген.

Міне, кейінгі жас ұрпақ Жымпиты өңірінің тарихын оқып, білсін деген мақсатпен жазылған Хасан Дабаровтың мақаласын газет бетіне жариялағаны үшін жоғарыда аттары аталған зиялы азаматтар әділдіктің арқасында ақталды. Коммунистік партия билеті иесіне қайтарылды. Ғайнолла ағай мен Уәли ағай ел қатарлы абыроймен еңбек етті, зейнеткерлікке шықты. Жасы келіп, өз ажалынан өмірден өттіі.

Сол бір дүбірлі кезең жайлы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Қыдырбай Ерғалиев «Дарындылар шоғырының бірісің» деген өлеңінде:

Сол «Қызыл ту» - газет еді айбатты,

Цензура да сонда сорды қайнатты.

Алаш атын шығардың деп жарыққа,

«ЦК» деген әңгір таяқ ойнатты.

Дұшпан үркіп, жат қорқатын сөзінен,

Газет өтті сонда да уақыт тезінен...- деп толғады. Бұл ұзақ өлең.

Енді Жымпиты өңіріне танымал, еңбек және майдан ардагері, елге сыйлы Хасан Дабаров ағамызды таныстырайын.

Дабаров Хасан 1905 жылы Жымпиты ауданы, Өлеңті ауылында дүниеге келіпті. Әкесі Ихсан кітапқұмар кісі болыпты. Ол өзі тірнектеп жинаған бай кітап қорындағы араб, парсы, шағатай тілдерінде шыққан кітаптарды оқиды екен. Соның ішінде Фердоусидің «Шаһнамасын» сүйіп оқып өтіпті.

1972 жылы көргендердің айтуынша, Хасан Дабаров ұзын бойлы, ат жақты, көз жанары нашарлай бастаған, ақ тықыр шашты, аздап қолы қалтыраған кісі екен. Бірақ ол естіген әңгімесін ұмытпайтын, білгені көп, өте әңгімешіл болыпты.

Ол он бес жасынан бері көрген, білгендерін, жыл, айына дейін кейбір ұсақ-түйек детальдарына дейін ұмытпай, майын тамыза әңгімелейді екен. Октябрь революциясына дейін екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде білім алған.

1918 жылдан 1919 жылдың қарашасына дейін Жымпиты Күнбатыс Алашордасы үкіметінің орталығы болған. 1919 жылдың аяғында Жымпитыда совет үкіметі орнап, Хасан Дабаров 1920 жылдың қаңтар айынан сол кездегі Жымпиты болыстық атқару комитетінде хатшы (писарь) болып, жұмысқа орналасады. Мұнда ол 1925 жылдың тамыз айына дейін жұмыс істеген. 1920 жылы жүргізілген Бүкілодақтық алғашқы халық санағына есепші болып қатысқан.

Хасан қарт Жымпитыға келген Сәкен Сейфуллинмен, Бақытжан Қаратаевпен дәмдес, дастархандас болып, Совет үкіметі, оның болашағы жайлы кеңінен әңгімелескенін айтып жүреді екен.

1923 жылдан тастап Орал қаласындағы педагогикалық техникумда оқыған. Хасан Дабаровтың ұстаздық еткен жолы 1926 жылдан басталып, 31 жыл бойы мұғалім болған. 1927-1929 жылдары Жымпиты уезінің Жақсыбай болысының 9-шы ауылындағы бастауыш мектептің меңгерушісі болыпты.

1929-1931 жылдары Қаратөбе ауылындағы 7 жылдық Қарашаруа жастары мектебінің меңгерушісі, 1931-1933 жылдары Жымпиты ауданы 18-ші ауылындағы бастауыш мектепте, 1933-1934 жылдары Қаратөбе, Соналы ауыл кеңестеріндегі бастауыш мектепте меңгеруші болған. 1934-1935 жылы Көздіғара ауылдық кеңесіне қарасты Бесоба бастауыш мектебінде ұстаздық еткен. 1935-1941 жылдары Карл Маркс атындағы жеті жылдық мектебінде оқу ісінің меңгерушісі және география пәнінің оқытушысы қызметін атқарған. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан. Екінші Украина майданында, полктің жаңа батальонында хатшы (писарь) болыпты. Корсунь-Шевченко, Ясса-Кишинев, Польшаның Краков маңындағы ұрыстарға қатысқан. Үш рет ауыр жарақаттанған.

Соғыстан кейін төрт жыл Жымпиты орта мектебінде, 1949 жылы Бұлдырты орта мектебінде география пәнінің мұғалімі болыпты. Ұстаздық қызметі партия мен үкіметіміз тарапынан әділ бағаланып, ол «Қазақ ССР-нің озат мұғалімі» төсбелгісімен және бірнеше медалдармен марапатталған.

1970 жылы зейнеткерлікке шыққан Хасан Дабаровтың «Бұлдырты» совхозында 1954 жылы салынған екі бөлмелі үлкен қазақи үйі болыпты. Бұл үйде бәйбішесі Бақыт, кенже баласы Әбдіхамит пен келіні және немересі Азамат Әбдіхамит тұрыпты. Азамат 1972 жылы екінші сыныптың оқушысы болатын. Хасан қария осы жеке үйінің айналасына отырғызған 80 түп ағашқа өзінен бастап, жоғарыда аталғандар уақытылы суарып, күтімге алады екен.

Хасан Дабаровтың жеке үй кітапханасында бар 25 мыңнан астам кітаптың құны соммен есептегенде 4 мың сомнан асады екен.

«Менің кітап жинау әдетім – Ихсан әкемнен қалған қасиет. Бірақ, мені ауылдағылар Хасан басынан ауырады, ол қияли», - деп айтатынын естіп жүрмін» деген екен Хасан қария. Бүкіл саналы өмірін ұстаздық жолға арнаған Дабаров Хасан ақсақал 1982 жылы өмірден өтіпті.

Ардагер азамат елге өз кезінде асқан кітапқұмарлығымен де белгілі болды. 1989 жылы қараша айында Бұлдырты ауылында Хасан Дабаров атындағы жеке кітапхана ашылды. Бес мыңнан аса кітап қоры бар ой ордасы көпшілік оқырмандардың рухани игілігіне қызмет етті. Бұл облысымыздағы алғашқы жеке кітапхана еді.

Қайыржан Хасанов,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Орал қаласы

 

P.S. Оқырманның көкейінде «Хасан ағайдың кітапханасының бүгінгі хәлі нешік?» деген сауал қалуы заңды. Біз Батыс Қазақстан облыстық ғылыми-көпшілік кітапханасына, Сырым аудандық, Бұлдырты ауылдық кітапханаларына хабарласып, Хасан атамыздан қалған қазына туралы сұрап білдік.

1989 жылы ашылған жеке кітапхана 1991-1992 жылдары нарық қысымына ұшырап, қиын жағдайда қалған екен. Жаппай жекешелендіру басталған кезде кітапхана ретінде уақытша пайдалануға берілген ескі кеңсе ғимараты тұрғын үйге айналып кетіпті. Бірақ Хасан ақсақалдың ұлы Әбдіхамит, келіні Аққағаз апай ата мұрасына мұқият қараған. Кітаптарды үйіне көшіріп алып, әлі күнге дейін шашауын шығармай сақтап отыр екен.

- Ағаң да, мен де қазір зейнет демалысындамыз. Атамыздан қалған кітаптарды сол күйінде сақтап келеміз. Қазір 7 мыңдай кітап бар. Кітаптардың көбі сөреде жинаулы, аса құндыларын баяғыдай сандыққа салып сақтаймыз, - дейді бізге телефон арқылы Аққағаз апай.

DK

Бөлісу: