Айболаттың әлемі

Айболат Тоғайұлы, «Өркен» қосымша білім беру орталығының директоры

Біздің кейіпкеріміз Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы Қарауылтөбе ауылында дүниеге келген. Әкесі қолы шебер, өнерге жақын адам болыпты. Бір нәрсені бұзып, өзге зат құрастырып беретін, домбырамен ортеке ойнататын өнері болған. Осы қасиеттері ұлына дарыған болуы керек, Айболат бала кезінен бір нәрсені қиып, бүлдіріп, бұйым жасағанды жақсы көреді екен. Міне, қолөнермен айналысуға деген қызығушылық әлі де жалғасып, жаңа нәрсе үйренуге деген шабытты шыңдай түсуде.

- Айболат Тоғайұлы, әлеуметтік желі қолданушылары сіздің газеттен жасалған бұйымдарыңызға қызығып жатады. Себеттердің жасалу техникасын айта кетсеңіз.

- Ол үшін бізге қарапайым газет қажет. Газетті бірнеше бөлікке бөліп, әжелеріміздің жіп тоқитын сымын пайдаланып, түтікше жасап аламыз. Бір орташа көлемді бұйым жасауға шамамен 150-дей түтікше қажет. Дайын болған газет түтікшелерін құрылыс материалдарын бояуға арналған «морилкамен» бояймыз. Бояудың да өз технологиясы бар. Оның қатты кеуіп кетпеуіне назар салуымыз қажет. Содан кейін өзіміз қалаған қалыпқа қойып, бұйымды тоқуға кірісеміз. Тоқудың да түрлі әдіс-тәсілі бар. Дайын өнімді акрилді лакпен бояп, кептіреміз. Бір бұйымды тоқуға толық екі-үш күн кетеді. Мен көбіне жұмыстан кейінгі уақытта айналысамын. Жасайтыным - көбіне балаларға ойыншық салуға арналған себеттер, той шашуға арналған себеттер, шағын бұйымдар салуға арналған қобдишалар. Бұл - менің хоббиім. Әр адам өзіне тыныштық, жанына қуаныш сыйлайтын, өзі жақсы көретін ісімен айналысуы керек. Қолөнермен айналысу арқылы өз-өзімді тәрбиелеймін, әрі демаламын. Жаңа ой ойлауға, жаңа дүние тудыруға мүмкіндік аламын. Бұдан бөлек домбыра, баян, гитарада еркін ойнаймын. Аэродизаинмен айналысамын. Яғни, мерекелерді, үйдегі қуаныштарды шармен безендіремін. Сол үшін Ресейге барып, шеберлер курсынан өтіп келдім. Шармен безендіру арқылы қуаныш пен шаттықтың әдемі ләззатын алуға мүмкіндік туады. Арасында топқа, ұжымға арналған «Жіптік курс» тренингтерін жүргіземін. Ютубтағы каналымнан осы бағыттағы жұмыстарыммен танысуға болады.

- Балаларыңызды осы өнерге баулисыз ба?

- Балаларыма білгенімді үйретуге тырысамын. Қызым газет бояуға көмектеседі. Ұлым арнайы аппаратпен шар үріп, байлауға жәрдемдеседі. Ең бастысы баланың қызығушылығына байланысты қалаған үйірмесіне, қалаған ісіне бағыттау керек. Баланы еркінен тыс мәжбүрлеп үйретуге болмайды деп ойлаймын. Туған үйін, ауласын, мектебін, қаласын, ауылын, жерін жақсы көретін ұрпақ тәрбиелеп шығарсақ, бағытымыздың дұрыс болғаны.

- Алдағы уақытта қандай дүние жасау ойыңызда? Идеяны қайдан аласыз?

- Көбіне бала ойыншықтарын салатын себетке ұсыныс түсіп жатады. Әлі де сол бағыттан шыға алмай жатырмын. Кішкентай сәбидің фотосессиясына арналған себет немесе сәбиді шығарып аларда қолданатын себет тоқу ойда бар. Әріптестердің жұмыстарын көрген кезде жаңа идея туып жатады.

- Әлеуметтік желі арқылы түрлі отбасылық конкурстар ұйымдастырасыз. Қатысушылардың белсенділігі қандай? Осы бағыттағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

- Отбасылық байқауларды ұйымдастырудағы басты мақсат – отбасы бірлігін, татулығын насихаттау. Үлгілі отбасыларды көрсету. Алда осы бағытта «Отбасыммен мұражайда», «Отбасыммен театрда» фотосурет байқауларын ұйымдастыру ойда бар. «Атам-әжем ауылында» деген тақырыпта жазғы каникул кезінде түскен фотосуреттер сайысын жүргізсек деймін.

- Байқайтынымыз, бала тәрбиесіне ерекше мән бересіз.

- Баланы еңбекке баулу деп жатамыз ғой. Әсіресе отбасында әке тәрбиесі керек. Осы бағытта облыста «Әкелер форумын» өткіздік. «Facebook» желісінде «БҚО ата-аналар клубы» деген тобым бар. Топтың мақсаты – өңірде отбасылармен жүргізіліп жатқан жұмыстарды топтастыру. Жанұяға қатысты мәліметтермен бөлісу. Өлкеміздегі үлгілі отбасыларды насихаттау. Әр бала бақытты болуға лайық. Бақытты болуы үшін отбасының беріктігі маңызды. Берік отбасын сақтап қалу - еліміз үшін маңызды. Сондықтан да теңіздің тамшысындай болса да отбасы туралы кеңестер мен ақпараттарымыз пайдаға асып жатса қуаныштымыз.

- Әңгімеңізге рақмет, еңбегіңізге табыс тілейміз!

Әңгімені жүргізген Айдана ХАМИДУЛЛИНА

Бөлісу: