«Атамұра» халық аспаптар оркестрі мүшелері бір сыныпта оқиды

Батыс Қазақстан облысында дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 қазақ мектеп-интернат кешені қашан да өнерлі, үлгілі шәкірттерімен мақтанады. Аталған мектептің білім беру жүйесі де ерекше. Мәселен, 2007 жылдан бір сыныпқа түгелдей өнер бағытында оқитын балалар қабылдана бастапты. Биыл сол өнер мектебінің үшінші түлектері қанат қақты. Енді олар өз жолын таңдамақ. 9 «г» сыныбынан құрылған үлгілі «Атамұра» халық аспаптар оркестрі мамыр айының 20-шы жұлдызы есеп беру концертін өткізді. Елдің көзайымына айналған жас өнерпаздар 2012 жылы музыкалық бағытта тереңдетілген сыныпқа қабылданған болатын.

- 2012 жылы 5 «г» сыныбына облыс аудандары мен Орал қаласынан 23 оқушы жиналды. Олардың арасында ешқандай аспапты меңгермеген оқушылар да бар-тұғын, - деп еске алады оркестр жетекшісі Зәуреш Құсайынова. - Әр үйдің еркелері мен тентектерін бір шаңырақтың астына жиып, тәртіпті, білімді, өнерлі ұлан тәрбиелеу - кез келгеннің қолынан келе бермейтін ұлы іс. Осындай жауапты міндетті атқару маған бұйырғанына бек қуанамын. Өнер ұжымының басты мақсаты – тамыры тереңге жайылған ұлттық өнердің сан түрлі иірімдерін шынайы таза жүрекпен қабылдап, тыңдарманға паш ету еді. 5 жыл аралығында қазақ музыкасын әлемдік деңгейде насихаттадық. Біз бастапқыдағы мақсатымызды орындадық деп айта аламын, - дейді Зәуреш Қайдарқызы.

Атамұралықтар алған асулар:

  1. 2012 ж. - Орал - облыстық 46-шы жас музыканттар байқауы –І орын
  2. 2012 ж. мамыр - Алматы қаласы - ІҮ Халықаралық «Ғұмырдария» байқауы - бас жүлде
  3. 2013 ж. сәуір - Ақтөбе қаласы – ІІ Республикалық «Созвездие талантов» байқауы - І орын
  4. 2014 ж.қаңтар - Алматы қаласы - Халықаралық «Волшебный путь искусства» атты сырттай байқау – ІІ орын
  5. 2015 ж.қаңтар - Астана қаласы - Халықаралық «Феерия» балалар шығармашылығы байқауы - Бас жүлде, Халықаралық «Грация» байқауына жолдама
  6. 2015 ж.наурыз - Орал қаласы – 49-шы облыстық жас музыканттар байқауы - ІІ орын
  7. 2016 ж.қаңтар – Алматы - Халықаралық интернет-байқау «Звездопад» - Бас жүлде
  8. 2016 ж. - Республикалық «Дала дарындары» байқауы - Бас жүлде
  9. 2017 ж. - Республикалық «Ақ көгершін» байқауы - Бас жүлде

«Өнер мектебінің табалдырығын алғаш 2012 жылы аттадық. Жаңа ортаға бейімделуімізге, бір-бірімізді толық танып білуімізге өз септігін тигізген осы өнер мектебі болатын. Бұрын-соңды аспап ұстап көрмеген бізді әрдайым қолдаған ұстаздарымызға басымызды иіп алғысымызды айтамыз. Артымыздан ілесіп келе жатқан ізбасарларымызға айтарымыз сіздердің бір мақсаттарыңыз бар. Ол -«Атамұра» халық аспаптар оркестрін жетілдіріп, дамытып, жетістіктерді бағындыру. Біз осы уақыт аралығында 50-ге жуық шығарманы меңгердік. Әр туынды біздің кешкентай ғана жүрегімізден өшпестей орын алды. Осынау мерейлі күні қолымыздағы шығармалар түсірілген жинақты сіздерге табыс етеміз»,- деді атамұралықтар.

Әдемі кештің куәсі болған Зафура Мамут,
Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің I курс

Бөлісу: