Алаштану

Алаштану

 

Қуғын көрген қазақ қыздары

 

Қазақстанның Ресейге бодан болғаннан бергі тарихындағы ХХ ғасырдың алғашқы ширегін «саяси күрестермен рухани жаңару кезеңі» деп айтуға әбден болады. Бұл кезеңде саяси күрес сахнасына Ресейдің аса үлкен ғылыми, саяси орталықтарында білім алған, сол кезеңдегі Еуропадағы саяси күрестің беталыс бағдарларынан әбден хабардар, экономика, құқық тарихы мен теориясын терең меңгерген қазақ зиялыларының үркердей озық ойлы тобы шықты. Олар қазақ елінің Еуропа мемлекеттерімен салыстырғанда экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени тұрғысынан өте артта қалғандығы Ресей патша үкіметінің отарлық саясатының әсерінен екенін толық түсінді. Сондықтан қазақ халқын өзге дамыған мемлекеттер қатарына қосу үшін саяси-күрес аренасына шықты. Олар саяси күрестің бірінші кезеңін еуропаша білім алу деп түсінді. Қазақ халқының ел билігін ұстаған басшылары оқимын деген жастарды барынша оқуға жұмылдыра білді.

Біздің өлкемізде саяси күрестің екінші кезеңі 1905-1917 жылдар аралығын қамтиды. Ол саяси партия құрудың алғышарттары, саяси күрестер және 1917 жылғы Қазақ съездері еді.

Ал ұлан-байтақ Ресей империясында большевиктер билігі орныққан соң саяси қуғын-сүргінге ең алдымен, ұлтжанды зиялылар ұшырады. Мұрағат құжаттары зиялылардың көзін жоюдың астарында саяси мән жатқандығын дәлелдейді. Тіпті «халық жауы» атанып, атылған, лагерге айдалған тұлғалардың отбасы мүшелеріне дейін репрессия құрығына ілінді. Өйткені кеңестік саясаттың түпкі мазмұнына кедергі болар отбасы құндылығы еді. Билік құрылымдары кез келген отбасы мен жеке адам өміріне белсене араласты. Сталиндік саяси қуғын-сүргін қоғам өмірінің барлық саласын қамтығандықтан, тіпті оның құрығына әйелдер мен балалар да ілікті.

Солардың қатарында Батыс Қазақстан облысынан 7 әйел репрессияға ұшырағандығына мұрағат құжаттары дәлел. Оларды төмендегідей тізбектей аламыз.

1.              Абдулахатова Күлше Исмағұлызы, 1908 жылы Қазталов ауданы Ұмтүбек ауылында туған. 5 жылға бас бостандығынан айырылған, 1945 жылы 25 қарашада босатылған.

2.              Аленова Жаугар Ибрагимқызы, 1901 жылы Шыңғырлау ауданында дүниеге келген. 8 жылға бас бостандығынан айырылған, 1945 19 қарашада босатылған.

3.              Аршигоева Бибі-Ғайша Юсупқызы, 1907 Орал қаласында дүниеге келген. 5 жылға бас бостандығынан айырылған. 1943 жылы 5 қарашада босатылған.

4.              Манаева Шарипа 1894 Орал қаласында дүниеге келген. 5 жылға бас бостандығынан айырылған. 1943 жылы 5 мамырда босатылған.

5.              Ниязова Мабина Ибрагимқызы, 1895 (БҚО) Тенгиз ауданында дүниеге келген. 8 жылға бас бостандығынан айырылған. 1938 жылы 15 шілдеде босатылған.

6.              Шанина Жанбике, 1900 жылы Қархалан ауылында дүниеге келген. 8 жылға бас бостандығынан айырылған. 1946 жылы 20 сәуірде босатылған.

7.              Юсупова Шолпан Шаяхметқызы, 1907 жылы Орал қаласында дүниеге келген. 8 жылға бас бостандығынан айырылған. 1946 жылы 15 сәуірде босатылған.

Осылайша, ер адамдармен бірге аналар тең дәрежеде қудаланып, ату жазасына кесілді, түрмеге жабылды, 8-25 жыл аралығында еңбекпен түзету лагерлерінде жазаларын өтеді, олар Алжир т.б. лагерлерде азапталды. Міне, отандық тарихтың ең қайғылы, қасіретті беттерінің бірі. Қазақ тарихында мұндай сұмдық бұрын-соңды болмаған-ды. Қазан төңкерісіне дейінгі оқыған қазақ қыздары қоғамдық қызметтерден әдейі шеттетіліп, ғасырлардан ғасырларға жалғасқан отбасы құндылығына саяси бағытта шектеу қойылған болатын.

1926-1929 жылдардағы тұрмыстық қылмыс түрлерін талдағанда, оның шамамен 60 пайызы қазақ қыздары мен әйелдеріне қатысты. Қозғалған істер. Жазықсыз жазаланған әйелдер түрмелер мен еңбекпен түзету лагерлерде қанша қорлық көрсе де, психологиялық тұрғыдан адам айтып жеткізе алмас рухани ауыр азап шексе де, күйеулері мен балалары үшін өмірі мен арпалысып, қиындыққа төзе білген ерекше әйелдер болатын. Олардың рухы биік еді. Биік рухтарымен ұлттың рухын асқақтатты.

Сталиндік кезеңдегі жаппай саяси-қуғын сүргін елге үлкен нәубет әкелді. НКВД және ГУЛАГ (еңбекпен түзету лагерін басқару жүйесі) қапастарында ешқандай жазығы жоқ миллиондаған адам опат болды. Оның үстіне көптеген халықтар мен этникалық топтардың өкілдері режимнің қыспағымен туған жерінен қуылып, солардың бір бөлігі басқа аймақтарға жер аударылса, ал енді бір бөлігі жер аудару кезіндегі адамгершілікке жатпайтын жағдайлардың салдарынан қаза тапты.

Қорыта айтқанда, бастауы 1929 жылды қамтып, содан кейін 30-40 тіпті 50-жылдардың басына дейін жалғасқан зобалаң заман қазақтың бетке ұстарларының басына қара бұлт төндіріп, халықты қатты күйзеліске ұшыратты. Еліміздің сүт бетіндегі қаймағы, асқан білімді «ел-жұртым» деп еңіреген есіл ерлер «Кеңес үкіметінің жауы», «контрреволюциялық ұйымның мүшесі», «шетелдердің жансызы» деген жаламен ұзақ мерзімге сотталып немесе атылып кете барды.

1927-1953 жылдарға дейін саяси-қуғын сүргін құрбаны болған адамдардың қаралы тізімін әрі қарай жалғастыра беруге болады. Ұзақ жылдардан кейін ғана көптеген алаштың ардақты азаматтарының есімдері халқымызға қайта оралды. Осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, сол зұламатты жаңғыртып жадымызға сақтап құрбандардың рухына тағзым ету – әрбір көзі қарақтының қасиетті парызы деп санаймын.

Лунара Жексенова,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің студенті

жетекшісі Д.Д.Сүлейменова, БҚИТУ профессоры

 

Бөлісу: