«Алаш жолымен...» Жымпиты-Семей сапарының жолжазбасы

Мамыр айының 16-шы жұлдызы күні түске дейін Сырым ауданының орталығы Жымпитыда Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Орал және Семей қалаларындағы филиалдарының арасында «Азаттықты аңсаған Алашорда» атты Жымпиты мен Семейді байланыстырған өңірлік телекөпір өтті. Ақпарат құралдары бұл туралы кезінде толығырақ хабарлады.

Телекөпір өзінің жұмысын аяқтағаннан кейін құрамында Сырым ауданының зиялы қауымы және Батыс Қазақстан өңірінің тарихшы ғалымдары бар топ «Алаш жолымен...» атты Жымпиты-Семей бағытындағы экспедицияға аттанды. Экспедиция Жымпиты – Қаратөбе – Ойыл – Ақтөбе – Астана – Семей бағытындағы жолды 8 күннің ішінде жүріп, айналып келді. Мен осы топтың құрамында болып едім. Экспедиция күндеріндегі жол-жөнекей жазған күнделігімді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім. Кейбір тұстардың індеп жазылмағанын мойындаймын, бірақ әуелгі қалыпқа өзгеріс жасауды жөн деп таппадым. Қалай жазылды, солай бердім. Барымен – базар.

Бірінші күн. Қаратөбе
(16 мамыр, 2017 жыл)

Экспедициялық топ Жымпиты ауылынан түс ауа аттанды. Алғашқы нүкте – Қаратөбе ауданының орталығы Қаратөбе ауылы. Қаратөбеліктер мейманды ауылдың кіреберісінен дәммен, әнмен қарсылайтын жақсы әдеті бар. Бұл жолы да солай болды. «Алла сапарымыздың сәтін салсын!» деп іштей тілек айтып, алдағы сапар үшін алаңдаулы келе жатқан бізді көршілеріміз ауылға жетер-жетпестен ағыл-тегіл ән мен аста-төк дәмнің үстінен түсірді. Аялдап, ақтан ауыз тидік. Кейін ауылдың ішіне қарай жүріп кеттік.

Алашорда үкіметінің тарихы жайлы сөз болған кезде, Қаратөбе ауданы міндетті түрде айтылады. Себебі, ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қоғамдық-саяси оқиғалар Қаратөбе өңірін айналып өткен жоқ. Айналу былай тұрсын, үлкен саяси оқиғалар осы жақта болды десек те артық айтқандық болмайды. Соның бірі – Қаратөбе сиезі.

«1918 жылдың 18 ақпанында қыстың қары мол, суық кезінде «Алаш» партиясының басшылары Ойыл, Гурьев, Орал, Жымпиты, Қаратөбе өңіріндегі болыс өкілдерін шақырып, Күнбатыс Алашордаға біріктіруге мақсаттаған құрылтай жиналысын Қаратөбеде өткізуді белгілеген. Қаратөбеге таңдау түсуі, сол шақтағы азамат соғысының қарсаңы, түрлі төтенше әрекеттерден аулақ, тыныш жерде мәселені егжей-тегжейлі талдау еді» - деп жазады сиез туралы Сәкен Сейфуллин Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» романында.

Сиез өткен тарихи орынға жақындаған шамада толқып кеткеніміз рас. Өйткені, төгіліп тұрған қарақұрым халық бір қарағанда кешегі күндерде өткен қазақтардың құрылтайын көз алдыңа әкеледі екен. Құрылтай десе, дегендей. Ауданның үстімен экпедиция өтеді дегенді естіген қаратөбеліктер сапаршыларға қолдау білдіруге мүмкіндігінше мол жиналған. Келген экспедиция мүшелерін Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров әріптестерімен бірге қарсы алды. Кейін сиез өткен тарихи орында «Алаш идеясы және Ұлы дала елінің мұраты» атты тарихи танымдық шара өтті. Қаратөбе ауданы сиез өткен тарихи орынға арнайы белгі орнатқан екен. «Бұл жерде 1918 жылы 18 ақпанда Қаратөбе сьезі деген атпен белгілі Орал қазақтарының үшінші сьезі өткен. Осы оқиғаның 95 жылдығына орай 2013 жылы орнатылды» деп жазылған ескерткіш тастың бедерінде.

Шараның алғы сөзін аудан әкімі Асхат Шахаров сөйледі. Әкім мырза өзінің сөзінде, Алаш зиялылары көтерген мемлекеттілік идеясының өзектілігі бүгінгі күні де, ертең де жоғалмайтынын айтты. Себебі, мемлекеттіліктің идеясы Тәуелсіздікпен бірдей бағалы. Шарада сөз сөйлегендердің қатарында экспедиция мүшесі, тарихшы ғалым Есқайрат Қайдаров, журналист Ертай Бимұханов, алаш қайраткері Бижан Жанқадамовтың ұрпағы Мақсот Жанқадамов та бар.

Шара келушілері «Алаш тағылымы және Тәуелсіздік!» атты кітап көрмесі мен «Алаштың айнасы – Әлихан!» атты театрландырылған көріністі тамашалады.

Ойылға оралу
(16 мамыр, 2017 жыл)

1918 жылдың сәуірінде Жымпитыда өткен IV Орал облыстық қазақ сиезінің қарарымен Ойыл уәлаяты құрылды. Ойыл уәлаятының құрамына Ілбішін, Орал, Гурьев, Ақтөбе, Ырғыз уездерінің қазақтар мекендеген аудандары мен Маңғыстау, Ойыл және Бөкей уездері кірді. Біздің екінші нүктеміз – осы оқиғалардың орталығы болған Ойыл. Нақтырақ айтқанда, Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының орталығы – Ойыл ауылы.

...Содан кешкі сағат 21:00-ді шамалай бергенде Ойылдың оттары көріне бастады.

Бізді Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев пен Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің директоры Балқия Рысбаева қарсылады.

Ойыл ауданының әлеуметтік көрсеткіштері біздің Сырым ауданымен шамалас екен. Ауданның жалпы халық саны да, аудан орталығындағы тұрғындар саны да бірдей. Ауданның орталығы барынша жақсы абаттанған. Бір көргенде Ақсай секілді моноқалаларды еске түсіреді. Аудан шаруашылықтың бәріне де қырлы сияқты. Әсіресе, бақша мен дәнді дақыл өсіру жақсы дамыған.

Біздің басты келген шаруамыз – экспедиция. Оны ұмытқан жоқпыз. Кешкі уақытта Ойыл ауылында жоспарланған «Ойыл – Алаш тарихында!» атты кездесуге үлгере алмағанымыз өкінішті болды, әрине. Бірақ, түннің жарымына қарамастан Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейімен таныстық. Музей қорында 4884 жәдігер бар екен. Музейдің өзі 8 залдан тұрады. Асықпай аралап, танысып шықтық.

Бір байқағанымыз – музей Алашорда үкіметіне және оның қайраткерлеріне қатысты жәдігерге жұтаң. Арнайы бұрышта тек Мұстафа Шоқайдың кітабы, бір хаттаманың түпнұсқасы және кейбір құжат көшірмелері ғана тұр. Басқа ештеңе де жоқ.

Музей директоры Балқия Рысбаева біздің сапарымызға барлық игі тілегін айтты. Балқия апамыздың өзі де Алаш тақырыбынан алыс емес екен. Тіпті, өзі бірқатар дербес зерттеуді қолға алып көрген. Мәселен, осы кісі 2008 жылы Атырау облысының Қызылқоға ауданына барған кезде Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесі көсемдерінің бірі Халел Досмұхамедовтың үйінің орнын тапқан. Тайсойған құмындағы Халелдің ставкасы маңынан табылған шырайы үш бөлмелі жер үйдің орыны – нақты Халелге тиесілі екеніне музей қызметкері сенімді. Сол жерден үйдің бел ағаштары шыққан. Бұл белағаштар бүгінгі күні Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің қорында сақтаулы тұр.

Бүгінгі күнімізді осымен қорытындыладық. Құдай қаласа, ертеңгі күніміздің бір-екі сағатын тағы да Ойыл ауылына арнаймыз. Алда – әйгілі Көкжар жәрмеңкесінің орыны.

Екінші күн. Көкжар жәрмеңкесінде
(17 мамыр, 2017 жыл)

Ертесіне ертерек ояндық. Бізде жай басып, жайбарақат жүретін шама да жоқ. Оның үстіне кешегі кешіккеніміздің кесірінен, бүгін бағдарламамызды «қуып жетуге» міндеттіміз. Таңғы асымызды ас қылып ішіп алдық та, Ойылды аралауға шықтық. Жолбастаушымыз - Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің директоры Балқия Рысбаева.

Біздің бірінші тоқтаған нысанымыз – Ойылдағы атақты Көкжар жәрмеңкесінің сауда орындары. Көкжар жәрмеңкесі (кейде Ойыл жәрмеңкесі) – Ойыл бекінісінде жұмыс істеген маусымдық сауда-саттық орыны. Бұл жәрмеңке – Ресейдің атақты 10 жәрмеңкесінің, Қазақстандағы атақты 3 жәрмеңкенің бірі. Жәрмеңке жұмысының ресми басталған жылы 1867 жыл деп көрсетіледі.

Көкжар жәрмеңкесінің сауда орындары Ойыл ауылы орталығындағы Даңқ саябағының ауласында орналасқан екен. Келген адам ең әуелі ауланың сол жағындағы корпустарды тамашалай алады. Мұндаа қызыл кірпіштен салынған 5 бірдей корпус бар. Корпустың әрқайсысының 18 темір қақпасы бар. Бұл қақпалар жаңғыртылғанға дейін ағаштан болған. Кірпіштер Ойылдың құмынан құйылып, күйдірілген. Ауланың оң жақ қанатында дәл осындай тағы 4 корпус бар. Негізі, сол қанаттағы сияқты, оң қанатта да 5 корпус болуы керек еді. Симметрия деген нәрсе бар ғой. Сөйтсек, 1 корпус бұзылған екен.

Қос қанаттағы сауда қатарларының қақ ортасында қызыл кірпіштен салынған тағы бір көлемді ғимарат бар. Бұл ғимарат кезінде жәрмеңке комитетінің үйі болған. Комитет үйі «Е» әрпіне ұқсайтын бағытпен салынған. «Е» деген әріп – Ресейдің патшайымы ІІ Екатеринаның құрметіне дегенді білдіреді. Қазір бұл ғимарат Ойыл аграрлық колледжінің жатақханасы есебінде пайдаланылады.

Осы маңда Ойыл аграрлық колледжінің өзі орналасқан. Колледж директоры Серік Займолдиннің айтуынша, Ойыл аграрлық колледжінде 230 студент студент ветеринария, ауыл шаруашылығын механикаландыру, есептеуіш техника, бухгалтерия сияқты салалар бойынша білім алады. 110 cтудент тегін жатақханамен қамтылған.

Қорыта айтқанда, Көкжар жәрмеңкесінің әңгімесі бітпейді. Оның қазақ жерінде ізі сақталған бірден-бір жәрмеңке екені де – бір бөлек әңгіме. Өзімді тебіренткен бір дерек, Көкжар жәрмеңкесінде ақын Кердері Әбубәкір мен атақты Молдабай, күйші Ұзақ, Құрманғазы, Дәулеткерей, «сөзден мүсін жасаған» Қашаған, Нұрым, Ақтан секілді жыраулар, әйгілі сал Мұхит өнер көрсеткені болды.

Биыл Көкжар жәрмеңкесіне 150 жыл толады.

Арыстардан қалған із
(17 мамыр 2017 жыл)

Келесі аялдаған нысан – Көкжар мешіті. Қызыл кірпіштен қаланған, күміс түстес жалғыз мұнаралы мешіт кеше Ойылға келіп жатқанымда көңілімді өзіне байлап үлгерген-ді. Көрген сәттің өзінде ескі мешіттің бірі шығар деп шамаладым. Шамалауым дұрыс екен.

Бұл мешіт 1893 жылы пайдаланылуға берілген. Алғашқы имамы – Сағидолла Ізтілеуов деген молда. Ол кісі 1937 жылы қуғынға ұшырап, атылып кеткен.

Алыстан шағын сияқтанғанымен, мешіт ғимаратында көлем бар екен. Ғасырдан аса уақыт тұрғанға мүлде ұқсамайды. Балғадай. Келбетін жоғалтпаған. Мешіт ауласына жамағат бақша салған. Бұл бір жағынан еңбектің үлгісі, екінші жағынан біреулерге азық. Әсіресе, мұқтаждарға.

Мешіт ішінде жарты сағаттай болдық та, орталық көшеге шықтық. Көкжар көшесі – орталық көшелердің бірі. Бұл көшеде де кешегі жәрмеңке кезінен қалған көне ғимараттар бар екен. Көбін кәсіпкерлер жеке дүкен есебіне пайдалануда.

Біздің экспедицияға Көкжар көшесі мен Б.Жолмырзаев көшесінің қиылысындағы Ойыл аудандық білім беру бөлімі ғимаратының да қатысы бар екен. Бұл ғимарат кезінде емдеу мекемесі болыпты. Осы жерде алаш зиялысы Халел Досмұхамедов еңбек еткен. «Бұл емдеу мекемесінде белгілі қоғам қайраткері, ғалым, дәрігер Халел Досмұхамедұлы (1893-1939) қызмет еткен» - деп жазылған ғимараттың шекесіндегі ескерткіш тақтада.

Ойылды айнала жүріп тағы бір қызыл кірпішті үйге тоқтадық. Үйдің иесіз тұрғанына біраз уақыт өткені көрініп тұр. Бұл үй бұрындары байланыс саласының кеңсесі болған. Бір қызығы, әуелдегі «Еркін қазақ» газеті осы ғимаратта басылған екен. «Еркін қазақ» - Жайық сырты бөлігі земства басқармасының апталық газеті. Газеттің Орал губернаторлығындағы уезд орталығы Ойыл кентінде бірнеше нөмірі жарық көрген. Шығарушысы (редакторы) әрі бастырушысы – Ахмет Мамытұлы.

Ойылдан кетерде бай көпес Красавиннің үйінде сыртынан тамашалап үлгердік. Ойыл сапары осы жерден аяқталды. Алда – Ақтөбе қаласы!

Ақтөбе музейінде
(17 мамыр, 2017 жыл)

Біз түстен кейін Ақтөбе қаласындағы өнер музейінде болдық. Осы музейде ғылыми қызметкер Бекарыстан Мырзабаймен жүздесіп, пікірлестік. Бекарыстан мырзаның ауызынан алаш зиялысы Мұстафа Шоқайдың Ақтөбе қаласына келген сапары жайлы деректерді естідік.

Өнер музейінен кейін Әлия музейінде болдық. Кешкілік Ақтөбе вокзалына келіп, «Ақтөбе-Астана» бағытындағы отарбаға жайғастық. Алла қосса, ертең түс ауа – Астанадамыз!

Үшінші күн. Сәкен музейінде
(18 мамыр, 2017 жыл)

Сағат түскі 13:00.-де біз «артынып-тартынып» Астана қаласының вокзалында тұрдық. Кейін қала ішіне кірдік. Жолай өтіп бара жатып, Сәкен Сейфуллиннің мұражайына тоқтадық. Бұл мұражайға келу – түстен кейінгі жоспардың бірі еді. Түскі асты былай қойып, әуелі жоспарды жүзеге асырғымыз келді.

Сәкен Сейфуллин мұражайы ХІХ ғасырдың тарих және ағаш сәулет ескерткіші болып саналатын ғимаратта орналасқан.

1846 жылы Самара қаласынан келген ресейлік көпес Казанцев Ақмола қаласында тұрғын және әкімшілік үйін салады. Мұражай орналасқан үйде кеңсе және жергілікті аймақтан жиналған шикізат сақтайтын жертөле – қойма орыны болған. Революциядан кейін, ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап бұл ғимаратта түрлі қоғамдық ұйымдар мен жергілікті әкімшілік кеңселері орналасқан. Сәкен Сейфуллин Ақмола уездік атқару комитетін осы ғимараттағы жұмыс кабинетінде отырып басқарған.

Бір разы болғанымыз, мұражай жәдігерге бай екен. Бейімдеп, үйлестіріп, сәйкестендіріп қойған емес, бұл мұражайдағы жәдігерлердің дені – түпнұсқалар. Өзімді таңқалдырған жәдігер – Сәкен Сейфуллиннің екібортты костюмы мен қолтаяғы, ақынға 40 жасында өзбек жазушыларының жапқан ала шапаны мен тақиясы және Сәкен Сейфуллиннің өзі тұтынған француз әтірі. Бұдан бөлек, құжаттар мен заттай жәдігерлер де жетеді екен мұнда. Мұражайдың талабы бойынша, суретке түсіруге болмайды екен. Ебін тауып, бірді-екілі кадр ғана жасадық.

Мұражайдың ауызғы бөлмесінде Сәкен Сейфуллиннің «тар жол, тайғақ кешуінің» картасы тұр. (картаны мұражай қызметкерлері жасаған. Тарихи карта емес) Сәкен қуғында жүрген кезінде 844 шақырым жолды жаяу, жадап-жүдеп жүріп өткен екен. Айтпақшы, жаңағы картада латын қарпімен біздің Жымпиты да белгіленген. Сәкен Сейфуллиннің Жымпитыға сапары жайлы біз жақсы білеміз.

«...Болашақта Жымпиты Қазақстанның үлкен бір қаласы боларын ойладым. Шіркін, «Алашорда» білмей орнаған жоқ екен...» - дейтіні Сәкеннің осы сапары.

Ұлттық музейде өткен түн
(18 мамыр, 2017 жыл)

Біздің экспедициялық топ Астана қаласындағы белгілеген ірі нысаны – Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі. Қазақстан Республикасының ұлттық музейі – Орталық Азиядағы баламасы жоқ бірегей жоба.

Біздің ҚР Ұлттық музейге баратын күніміз 18 мамыр – халықаралық музей күнімен дәлме-дәл келді. Бұл күні әдетте барлық ірі музейлерде «Музей түні» өтеді. Осындай «тарих жәрмеңкесінен» білдей Ұлттық музейдің сырт қалмайтыны, әрине белгілі жайт. Осыны ойладық та, елордадағы осы түнімізді музейде өткізетін болып келістік.

Біз барғанда, музейдің ауызында кезекте тұрған халықтың қарасы өте көп екен. Бірі ауылдағы үлкен кісілерін алып келген, бірі жанұясын. Ал жастардың қатары тіпті көп. Бәрі ұзынсонар кезекте тұр. Үлкен дүкендер өз тауарларына 50% жеңілдік акциясын жасаса да, жұрт мұнша жиналмауы мүмкін. Ал, музейге жиналады екен. Елордалықтардың (оның ішінде біз секілді елорда қонақтары да бар, әрине) музейге, тарихқа ықыласы жақсы екен деп түйдік осыдан.

Бір жақсысы, бізге ішке қарай өту қиын болған жоқ. «Алаш жолымен...» атты Жымпиты-Семей бағытындағы экспедицияның мүшелері екенімізді білген ұйымдастырушылар бізді өздері алып жүрді. Ұлттық музейдің ішіндегі адам саны сыртындағы адам санынан біразға көп. Ат шаптырым фойе, үш қабатқа ерсілі-қарсылы көтеріліп-түсіп тұрғын эскалатор, барлық залдың іші – толған адам. Солардың арасына біз де қойып кеттік. Үш қабаттағы залдың барлығына жуығын аралап шықтық.

«Тарих залына» келдік. Іздегеніміз – Алашорда үкіметінің жұмысы мен қайраткерлеріне арналған бұрыш. Бар екен. Бары – 4 көрме. Оның бірінде Алашорда үкіметінің қайраткерлері суреттерімен бірге берілген. Олардың арасында – Алашорда үкіметінің мүшесі, Батыс Алашорда үкіметінің төрағасы, қоғам қайраткері Жаһанша Досмұхамедов та бар.

Осы жерде Алашорда үкіметі мүшелерінің тұтынған дүниелері қойылған. Музей келушілері бұл жерден Мағжан Жұмабаевтың портфелін, Әлімхан Ермековтың сағаты мен сызғышын, көпес О.П.Куюковтың жейдесін көре алады.

Қатар орналасқан келесі кестеде – Азамат соғысына қатысты жәдігерлер бар.

«Тарих залының» қабырғасында 1937 жылы Ішкі істер халық комитетінің (Народный комитет внутренных дел) Алаш зиялыларынан жауап алу кезіндегі суреттері жинақталған тағы бір жақтау тұр. «АЛЖИР» лагерінің тұтқындарына тиесілі заттай жәдігердің де көрмесі бар екен. Онымен де таныстық.

Сөйтіп түн ортасы болғанда ҚР Ұлттық музейінің есігін «жауып, кілттеп» түнгі Астананың әсем көшелерімен жалдамалы пәтерімізге қайттық.

Төртінші күн. «АЛЖИР»-де
(19 мамыр, 2017 жыл)

Алланың қалауымен, Астананың арайлы таңына куә болдық. Біз бұл күні де ұйқыдан ертерек ояндық. Себеп бар. Біз бүгін «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм мемориалдық мұражай кешеніне барамыз. Бару жоспарда жоқ еді, аяқ астынан шештік. Бұл – экспедиция мүшесі, тарихшы Еркін Мырзаның ұсынысы еді.

«АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм мемориалдық мұражай кешені Астана қаласынан 30 шақырым жерде екен. Кешен – Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмол ауылдық округінде орналасқан. Кешеннің бұл жерде орналасуы тегін емес. Себебі, дәл осы жерде Кеңес үкіметінің қандықол саясаты кезінде «Халық жауы» атанған зиялы қауымның жұбайлары азап пен қорлықтың барлық түрін көрген. ГУЛАГ-тың «азап аралы» дәл осы жерде болған.

Тарихи деректерге сүйенсек, Лагерлердің мемлекеттік басқармасының (ГУЛАГ) лагерлері арқылы 18 мыңнан астам әйел этаппен өтті. «АЛЖИР»-де (Акмолинский лагерь жен изменников родины) бір мезгілде 8 мыңға жуық әйел отырған.

Біз кешен ауласына кіре бергенімізде қара жамылған қалың топты көрдік. Олар Түркістан епархиясының 140 жылдығына орай Қазақстанға келген христиан дінінің шетелдік дінбасылары екен.

Кешен ғимаратының алдында алып қақпа тұр. Бұл – қасірет қақпасы. Әрмен қарай «АЛЖИР» мұражай кешені орналасқан. Төменгі қабат – Алаш залы. Келесі қабатта – «АЛЖИР»-дің «тірі» көріністері. Бұл жерде лагерь қабырғалары, күнінде жазықсыз жандарды тар қапасқа тұншықтырып тұрған барактың есігі (түпнұсқа), тергеу бөлмесі, барактың көрінісі – бәрі-бәрі де тірі. Шынайы мүсіндер тіпті денеңді тітіркендіріп жібереді. Кешеннің ауласында – кәдімгі барак пен тұтқындарды тасыған вагон тұр. Екеуінің ішінде де – сол «тірі» көрініс. Бір қарағанда, «АЛЖИР» мемориалдық мұражай кешені азапты дәуірдің «қатып қалған» кадрлері секілді.

«АЛЖИР»-ден ауыр әсермен қайттық.

Бесінші күн. Семей кітапханасында
(20 мамыр, 2017 жыл)

Біз мінген пойыз Семейдің вокзалына сағат 07:18.-де келіп тоқтады.

Иә, «Алаш жолымен...» атты Жымпиты-Семей бағытындағы экспедициясы бесінші күн дегенде негізгі нүктеге жетті.

Біз – Семейдеміз!

Семейліктер бізді ыстық ықыласпен күтіп алды. Елдің бойжеткендері алдымыздан дәм алып шығыпты. Дәм таттық. Амандық, саулық сұрастық. Алдымыздан ақжарқын кейіпте шыққан аққұба ару өзін Анармын деп таныстырды. Анар ханым Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы екен әрі бізді қарсылауға жауапты кісі де осы екен. Бізді вокзалдың алдында «Газель» автокөлігі күтіп тұрды. Көлікке жүгімізді тиеп, бірден жалдамалы пәтерге жайғастық. Шаралар басталғанша бірер сағат уақытымыз бар. Жуынып, киім ауыстырып, өзімізді қалыпқа келтіріп алуға, тіпті таңғы ас ішуге де осы уақыт жеткілікті. Біз экспедицияның арқасында уақытты тиімді пайдалануды үйрендік.

Күннің негізгі шарасы – Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасында басталды. Кітапханаға барар жолда таңғы Семейді бір тамашалап өттік. Алғашқы әсерімізді айтатын болсақ, Семей қаласының біздің Оралға кәдімгідей ұқсайтыны байқалды. Ескі ғимараттар, көшелер, ағаштар бәрі – бәрі Оралға келіңкірейді. Сөйтіп, кітапханаға келдік. Бізді кітапхана алдынан күтіп алған қызметкерлер жоғары қабатқа алып жүрді. Бұл қабатта Абай оқыған әдебиет залы бар екен. Осы жерде кітапхана жайлы бір үзік тарихи дерек:

1883 жылы Е.П.Михаэлис бастаған саяси жер аударылғандардың ұйымдастыруымен негізі қаланған қоғамдық кітапхана Семей қаласындағы алғашқы тарихи-мәдени ошақтардың бірі болды.

Кітапхананың тұрақты оқырмандарының қатарында қазақтың кемеңгер ақыны Абай Құнанбаев болды. Абай қалаға келген сайын кітапханаға ат басын тіреп, өзіне қажет кітап, газет-журналдарын алып, қыста қалада жатып, жазда қоржынын кітапқа толтырып, Шыңғысты жайлаған ауылына алып барып, үзбей оқыды. Абайдың биікке шырқауына дем беріп, қанат бітірген, Абай ақын үшін ұлылықтың алтын ұясы болған – осы кітапхана. Қазақ оқырманы Абай арқылы орыстың классикалық туындыларымен, Батыс Еуропа әдебиетінің тамаша үлгілерімен таныс болды.

Кітапхананың алтын қорында сақтаулы тұрған Абай оқыған әдебиеттерді бізге оқу залының меңгерушісі Жаңылгүл Манжыбаева таныстырды. Бұл жерде оқырманы Абай болды деп есептелінетін 200-ге жуық кітап бар. Олардың ішінде «Құран. Фәтуа. Парсы тілінде. Пәкістан, Нулкишвар, 1874 жыл» деп жазылған қасиетті Құран Кәрім кітабы мен Ресей императорлық академиясынан 1829 жылы басылып шыққан Гомердің «Илиадасы» сияқты ерекше кітаптар бар. Арнайы сөреге әлем тілдерінде жарық көрген Абай шығармалары қойылған.

Келесі бөлмеде сирек басылымдар залы орналасқан. Бұл жердегі кітап қоры 4500 дананы құрайды. Осы залда негізінен Алашорда үкіметінің мүшелерінің баспа көрген еңбектері түпнұсқада сақталған. Мәселен, дәрігер Ахмет Мәметовтың 1935 жылы «Денсаулық жолында» атты латын әліпбиімен «Қазақстан» баспасынан жарық көрген еңбегін көрдім. Осы сияқты, дәрігер Халел Досмұхамедовтың орыс тіліндегі «Как бороться с чумой среди киргизского населения» кітабы мен «Адамның тән тірлігі» (төте жазумен жазылған «Анатомиясы») еңбегі бар. Бұл кітаптардың «аман қалуының» өзі бір тарих. Кезінде тыйым салынған осы кітаптар сөрелерден сыпырылып, буылып, түйілген күйде кітапхананың қорында «тыныш» жатып қалған. Құдайдың құдіреті болар, жарты ғасырдан астам уақыт «қамауда» болған кітаптар 2000 жылы ғана кітапхананың сөресіне қайта жайғасты. Бұл іске оқу залының меңгерушісі Жаңылгүл Манжыбаеваның тигізген үлесі зор. Айта кетейін, «Социалды Шығыс», «Социалистік майдан», «Түрксіб», «Егеменді Алтай» секілді басылымдардың ескі сандары да – осы жерде.

Сағат 10.00.-де Абай атындағы әмбебап кітапханасында Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай «Алаш идеясы – Тәуелсіздік жолы» атты дөңгелек үстел басталды. Шараның басты қонақтары – Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының «Алаш жолымен...» атты Жымпиты-Семей бағытындағы экспедициясының делегациясы. Кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Аязбаева жүргізген дөңгелек үстелге Семей өңірінің тарихшы ғалымдары, жалпы зиялы қауымы қатысты. Олардың ішіндегі Семей қаласында Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің М.Қозыбаев атындағы тарих және саяси әлеуметтік зерттеулер ғылыми орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Мұхтарбек Кәкімов, Шығыс Қазақстан облысындағы Алаштану орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы Тұрдығұл Шаңбай сияқты тұлғалардан арнайы сұхбат алынды.

Дөңгелек үстел басында түрлі пікір айтылды, тәжірибе алмасылды. Пікір әр алуан, тәжірибе де әрқилы. Бірақ, идея – біреу. Ол – Алаштануды насихаттау.

Экспедиция туралы алаштанушы, журналист, тарихшы Мұрат Кенемолдин: «Алаш жолымен...» атты Жымпиты-Семей бағытындағы экспедициясы – Алаштану жұмыстарының нәтижесі!» - деген баға берді. Осы жолдардың авторы екі ұсыныс айтты. Оның бірі – 1 қыркүйек Білім күніндегі тәрбие сағатының басты тақырыбына Алашорда үкіметінің қызметінің 100 жылдығын арқау ету. Екіншісі – жастар мәселесі жайлы.

Осы күні Шығыс Қазақстан облысының Абай атындағы әмбебап мұражайы «Алаш» электронды кітапханасының тұсаукесерін жасады.

(бесінші күн)
(20 мамыр, 2017 жыл)

Экспедиция мүшелері бүгінгі күннің түстен кейінгі бөлігін ұлы Абайдың жатқан жері Жидебайға арнады. Семейге бір келіп тұрып, Жидебайға соқпай кету – зиялы адам үшін ақталмайтын айып. Біз айыпты болмайық деп шештік.

Абай – Алашорда үкіметінің мүшелерінің рухани мотиваторы болғаны белгілі. Абай – әуелден, жалпы ізгіліктің мотиваторы болды. Қалай болғанда да, Алашорда мен Абайдың арасында бір логикалық байланыс бар. Біз Абайды таныған сайын, Семейді таныған сайын экспедициямызға мазмұн қосамыз. Жидебайды жағаламақ болғанымыздың бір жөні – осы.

Семей мен Жидебайдың арасы 180 шақырым екен. Түскі асқа аялдамастан, дөңгелек үстел бітісімен жолға шықтық. Астымызда – «Газель». Жанымда – cемейлік жазушы, замандасым Қуат Қиықбай! Ол – гид, мен – турист. «Анау – Арқалық тауының сілемдері. Мынау – Абайдың жүрген жолы». Осы қалыппен уақтың батыры Күшікбайдың бұлағына да жеттік. Сәл аялдап, бұлақ суын таттық. Әрі қарай – Қасқабұлақ. Сосын – Кеңгірбай бидің баласы Ералының жағы. Еңлік пен Кебектің кесенесі, міне, тұр. Осы тұсқа тоқтап, «Құрманбай» асханасынан түскі ас іштік. Бесін аумай Жидебайға да жеттік. Абай мен Шәкәрімнің басына барып, құран оқыдық. Кесенелері алып екен. Сәулетшілер жұмыстанғаны көрініп тұр. Аулада төрт мұнаралы мешіт бар екен. Ішінде бір тыныштық сезіледі.

Абай Құнанбайұлының музей-үйі туралы естігеніміз көп. Бүгін көзбен көрдік. Әсер – тебіреніске толы. Кештетіп Семейге қайттық...

Алтыншы күн. Тарихи ғимараттар
(21 мамыр, 2017 жыл)

Бүгін әдеттегідей ерте тұрдық. Өйткені, уақыт тығыз. Түске дейін әлі үш бірдей нысанға баруымыз керек.

Біз барған бүгінгі бірінші нысан – «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық мұражайы. Бұл мұражай қаланың ішінде орналасқан. Түсінікті қылып айтқанда, Шығыс Қазақстандағы Алаш тарихына қатысты дербес мұражай – осы. Еліміз бойынша осындай мұражай Жымпиты мен Семейде ғана бар.

Мұражай тұрған ғимарат – тарихи мекен. Неге дейсіз бе?

Неге екені біздің қолымызға тиген Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық мұражайының «ABAI JOLI» атты екі айда бір жарық көретін газетінің наурыз-сәуір айларындағы санында былай деп жазылған:

«Жалпы бұл музей-үйдің ұлтымыз үшін өзіндік үлкен тарихи маңызы бар екеніне ерекше тоқтала кетуіміз керек. Хәкім Абай кезінде осы үйді жерлесі әрі шәкірті, Алаш қозғалысына белсене қатысушылардың бірі Әнияр Молдабековке сатып алып берген. Және де өзі Семейге қонақтап келгенде осында арнайы түсетін болған.

Азаматтық қарсыласу жылдары Әнияр Молдабековтың үйінде Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов отбасымен тұрған. Сонымен қатар осы үйде жазушы Мұхтар Әуезовтың да тұрғаны оның жеке анкеталық құжаттарынан белгілі болып отыр.

Абай музейінің баспасөз қызметі
«Алаш-Мұхтар мұражайы жаңғыруда» ,
«ABAI JOLI» газеті, 2017 жыл.

 

Кіріп мұражаймен танысып шықтық. Қоры бай екен. Нақты қор туралы қазіргі күні дәл ақпарат алу қиын. Өйткені, жаңағы мұражай жуырда Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орай құрылыс-жөндеу жұмысы жүріп, залдар түгелдей экспозициялық жаңғырудан өтпекші.

Келесі барған нысанымыз – Семейдің қалалық тарихи-өлкетану музейі. Музей 7 залдан тұрады екен. Қорында 112 мыңдай жәдігер бар. Семейдің қалалық музейі экспозиция жағынан көркем екен.

Семей қаласында күнінде мұғалімдер семинариясы жұмыс жасады. Бұл оқу орынын бір ғасыр ішінде 45 мыңнан астам маман бітіріп шыққан. Олардың арасында Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Аймауытов, Әзілхан Нұршайықов, Шәкен Айманов сияқты белгілі тұлғалар көп-ақ.

Осы семинария болған тарихи ғимаратта бүгінде М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің бір корпусы орналасқан екен. Колледжді директор Шағангүл Жақаева таныстырды. Колледж Алаш рухына барынша адал екен. Осы колледжде Манан Тұрғанбеков, Биахмет Сәрсенов, Қазы Нұрмұхамедов сияқты Алаш қайраткерлеріне арнайы дәрісханалар бар екен. Колледждің электронды кітапханасында мәлімет іздегендер үшін «Алаш» папкасы жұмыс жасайды.

Экспедициялық жұмысымыздың сәтті нүктесін колледж студенттерінің Алашорда үкіметінің жұмысы мен қайраткерлерінің рухына арналған әдеби-сазды шарасы қойды.

Біз семейліктермен осы жерден қоштастық. Таныстық, білістік. Пікір алмастық. Мәлімет толықтырдық. Ғалымдармен сұхбаттастық. Бастысы – ортақ жоспарлар құрдық. Сондықтан Жымпиты-Семей сапары сәтті болды деген ойда бара жатырмыз бәріміз. Аллаға шүкір! Семей-Астана пойызы аман болса, таңмен Астанадамыз!

Жетінші күн.
(22 мамыр, 2017 жыл)

Бұл жазбаны негізі кеше жазуым керек еді. Семейге сапарымыз сәтімен аяқталғасын, бойымды кішкене жайбарақаттық басты ма, әлде кешегі күн ауыр болды ма, әйтеуір кеше күні бойы жазуға отыра алмадым. Оның үстіне тербетілген вагон ұйқы шақыра берді. Содан, жетінші күннің жазбасын сегізінші күні жазып отырған жайдамын.

Кешегі күн расыменен ауыр болғаны рас. Астана уақытымен таңғы сағат 05:00.-де Семей-Астана пойызы Астана вокзалына келіп тоқтады. Біз осы вокзалдағы қонақ үйге тұрақтадық. Тұрақтадық та, таңғы асқа дейін сәл тынығып алуды жөн көрдік.

Біз Астана қаласына тегін аялдаған жоқпыз. Осы күні «Алаш жолымен...» атты Жымпиты-Семей бағытындағы экспедициясының мүшелері Астана қаласындағы мемлекет тарихы институтының ғалымдарымен кездесті. Кездесу ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ғимаратындағы жаңағы институттың корпусында өтті.

Бізді әуелі Мемлекет тарихы институтының директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Амангелді Қашқымбаев қабылдады. Амангелді мырза респубика көлеміндегі осындай ірі экспедицияны ұйымдастырып отырған Сырым ауданының жергілікті басшылығы мен аудан әкімі Абат Шыныбековке алғыс білдірді.

Мемлекет тарихы инстутының құрылғанына осы мамырда 9 жыл толады екен. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен құрылған институт негізінен қазіргі заман тарихын зерттеп-зерделеумен айналысады. Бізді қабылдаған Амангелді Қашқымбаевтың өзі ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ-орыс қатынасын зерттеп жүр екен.

Институттың штатында 50-ге жуық адам бар. Корпуста институттың жеке кітапханасы орналасқан. Қорында – 10 мың кітап бар. Институт ғалымдарының еңбектерінің әуелгі нұсқасы осы жердегі шағын баспада басылады екен. Ол баспаны да көрдік.

«Алаш жолымен...» атты Жымпиты-Семей бағытындағы экспедиция мүшелерінің Астана қаласындағы мемлекет тарихы институтының ғалымдарымен кездесуіне институттың директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған төрағалық етті. Тарихшылар әуелі бізді тыңдады. Экспедиция жұмысы туралы С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева айтып өтті. Алашорда үкіметінің қызметі мен қайраткерлерін насихаттаудағы Сырым ауданының елден ілгері еңбегіне Бүркітбай Аяғанның өзі разылық танытып отыр. Жымпитыдағы Алаш арыстарына арналған саябақ, мұражай, Шығыс пен Батысты байланыстырған телекөпірлер, онлайн жүздесулер, енді мына экспедиция – бәрі де алақандай бір ауданның жасап жатқан шаруасы. Мемлекет тарихы институты біздің осы жұмыстарымызды біліп отыр екен.

Сонымен тарихшы ғалымдар не дейді? Олар Алашорда үкіметінің қызметі мен қайраткерлерінің есімін насихаттау үшін аймақтық, республикалық деңгей тар, бұл жұмысты халықаралық деңгейге шығару керек деп есептейді. Әрі Алашорда туралы ғылым жұмыстар әлем тілдерінде жазылуы керек. Осындай ұсынысты институттың бөлім бастығы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғани Қарасаев айтты. Экспедиция мүшесі Еркін Мырза Алаш тарихын мектептердегі факультативтік курстарға тақырып қылып беруді ұсынды.

Кездесуден шыққан соң жерлесіміз, жосалылық Рауан Үсенов қонақасы берді. Рауан Үсенов 1998 жылдан бері Астана қаласында тұрады. «НАЗИ» деген құрылыс компаниясы бар. Ағамыз мықты құрылысшы ғана емес, мықты меценат та. Осымен нешінші жыл ауылының біраз баласы жазғы демалыс кезінде Астана қаласында тегін дем алады. Рауан ағам биыл да «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне ауыл балаларының келуін өз мойынына алып отыр. Осы жерде Рауан мырза мен оның әріптесі Болатқа экспедиция жұмысына деген жәрдемі үшін де үлкен алғыс айтамыз.

Түстен кейін біз үшін Астананың көркіне тамсанып, серуендеуге уақыт табылды. Негізгі жұмыс бітті. Біз серуендемегенде кім серуендейді.

Осы күні кешкілік жолға шықтық. Біз отырған Астана-Ақтөбе бағытындағы пойыз Ақтөбеге түн ортасы ауып кеткен шамада тоқтады. 24 мамыр күні таңда Жымпитыда болдық.

Бауыржан Ширмединұлы,
Жымпиты-Қаратөбе-Ойыл-Ақтөбе-Астана-Семей-Астана-Жымпиты

Бөлісу: