Ақтаңдақтарға арналған кеш

31 мамыр күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасы «Қазақтың ақтаңдақтары» тарихи кеш ұйымдастырды.

Кешке Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих, экономика және құқық факультеті Қазақстан Республикасы тарихы кафедрасының оқытушысы, тарих магистрі Даниял Тәнзенов және кітапхана оқырмандары қатысты.

Даниял Жупмағамбетұлы өз сөзінде тарихымыздың қасіретті кезеңі жайлы, саяси-қуғын сүргінге ұшыраған ұлт зиялылары мен қайраткерлері туралы, әлі күнге есімі елге белгісіз жазықсыз атылғандарды анықтау жұмыстары жалғасып жатқандығына тоқталып өтті.

Шара барысында қазақ зиялылары туралы «Қанмен жазылған хат» және «Алаш арыстары: соңғы суреттері» атты бейнеслайд оқырмандар назарына ұсынылып, «Тарих ақтаңдақтары» атты кітап көрмесі таныстырылды.

Шара Тәуелсіз мемлекеттің әр перзенті сол нәубетті зұлмат жылдарды толық түсініп, осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, ұғыну – бүгінгі ұрпақ парызы екендігін насихаттау мақсатында өткізілді.

Ұлт жанашырларының өзі өлсе де, қалдырған мұрасы ешқашан өшпек емес.

Л.Абдулова,

Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасының әдіскері

 

Бөлісу: