8 (21) 2015

Редактор бағаны

 

Армысыздар, ағайын!

 

Бүгінгі санда тарих ғылымдарының кандидаты, журналымыздың алқа мүшесі Жәнібек Аллаярұлының «Есенгелді бай тарихы толық танылды ма?» тарихи-танымдық мақаласының түйінін жариялап отырмыз. Есенгелді бай Жанмырзаұлының журналға басылған құлпытасынан басталып кеткен көлемді зерттеу еңбек бір жыл бойы жазылды, журналымыздың 6 санында жарық көрді. XVIII-ХІХ ғасырдағы Кіші жүз тарихында, қазақ-орыс қатынасында ерекше орны болған тарихи тұлға, мыңды айдаған байлығымен күні бүгінге дейін ел аузында аңыз болып қалған Есенгелдінің өмірі мен қызметі тұңғыш рет нақты құжаттар негізінде жан-жақты сараланды. Автор осы ізденісте арнайы Орынбор архивіне барып келді, жүздеген құжаттар мен кітаптарды ақтарды. Қаншама адамдармен, кейіпкерлерінің бүгінгі ұрпақтарымен сөйлесті. Осылайша, бір кітапқа жүк болар дүние туды! Өлке, жалпы ел тарихы үшін аса маңызды әрі көлемді жұмысты атқарып шыққан тұрақты авторымыз, еңбекқор ғалым Жәнібек Аллаярұлына «DANAkaz» журналының мыңдаған оқырмандары атынан алғыс айтамыз. Жазарыңыз көп болсын!

Ал, оқырмандарымызға айтарымыз – журнал бетінде болашақта да мұндай тың да тосын дүниелер тұрақты жариялана береді. Кездескенше!

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

Бөлісу: 

Болашақ

 

Болашақ

Арыстанбек ОРЫНБАСАРОВ,

Warszawa университетінің магистранты:

 

«Экономика саласының хас маманы болсам деймін»

 

Арыстанбекті біздің журналдың тұрақты оқырмандары жақсы білуі тиіс. «DANAkaz» журналының 2013 жылғы қыркүйек айындағы №7(8) санында Варшава қаласының Вистула университетінде «Халықаралық қатынастар және экономика» саласы бойынша білім алып жатқан студенттен тұңғыш сұқбат алған едік. Міне, жақында Арыстанбек аталған ЖОО-ны үздік бітіріп, магистратураға түсті. Бірнеше тілді жетік меңгерген, оқудан қолы босағанда Еуропаны шарлап, ой-өрісін, таным-түйсігін кеңейтіп жүрген жалынды жастың Францияға, ұлт көсемі Мұстафа Шоқайдың басына арнайы зиярат етіп, біздің журналымызға мақала жібергені де есімізде. Бүгінде Арыстанбектің facebook-тегі парағының фонында Бауыржан Момышұлының «Жиырма жас – ерлік жасар жас» деген сөзі тұр. Біз оған бейбіт күннің батыры, еңбек майданыныңөзі қалаған экономика саласының ері болуын тілейміз!

DK

Бөлісу: 

Өлкетану

 

Өлкетану                                                                               

Есенгелді бай тарихы толық танылды ма?

 

              Соңы. Басы журналдың өткен сандарында

 

Есенгелдінің кейінгі тағдыры

1831 жылы 5 қыркүйектегі Бекейдің өлімінен кейін Орынбор әкімшілігі Есенгелді старшынды 4 дистанция бастығы қызметінен босатқан. Сонымен бірге Калмыков бекінісі мен Кателинск, Круглый, Антонов форпосттарына қарсы беттегі жергілікті бастықтар да орнынан кеткен. Осыған қарағанда олар да Есенгелді байдың ағайындары болуы мүмкін. Ал Лебяжинск мен Каленов форпосттарына қарсы беттегі жергілікті бастықтар Тоқтан Қосдәулетұлы, Жиембай Құтымбайұлы өз қызметтерінде қалған. Бұл жөнінде полковник Г.Ф.Генстің 1831 жылы қараша айындағы Орынбор иелігіне қарасты шеп бойындағы қазақтарды қадағалайтын 22 дистанциялық және жергілікті бастықтардың тізімінде көрсетілген [РИССМ. Бас мұрағат 1-9, 1830-1833, 4-іс, 30-п.].

Осы тұста Есенгелді старшын губернатор П.П.Сухтеленмен байланысқа шығады. 1831 жылы 23 қазанда Орынбор басшысына жолдаған хатында байырғы заманнан бері жоғары басшылықтың жарлығымен өздерінің әрдайым қыс кезінде бүкіл мал-мүлкімен Жайықтың ішкі бетіндегі Дашлық өзенінің сағасында көшіп-қонғанын, қыс өткен соң ол жерден қайтадан әдеттегідей Жайықтың арғы бетіне тыныш өтетінін тілге тиек етеді.

Бөлісу: 

Қазақ хандығы-550

 

Қазақ хандығы-550

Арман Ахметов,

гуманитарлық ғылымдар магистрі,

Орал қаласы

 

Медетқали сұлтанның қоғамдық-саяси өмірі

 

ХVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысында ғұмыр кешіп, сол кезеңдегі тарихи оқиғалардың бел ортасында жүрген, Кіші жүз қазақтарының тарихында өзіндік орынға ие, бүгінге дейін көпшілікке беймәлім болып келген тарихи тұлғалардың бірі – Медетқали сұлтан. Ол туралы Орынбор облысының мемлекеттік мұрағаты мен Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты қорларынан табылған тың құжаттардағы мәліметтерден таба аламыз. Медетқалидің «сұлтан» атағы көрсетіп тұрғандай, оның шыққан тегі – Шыңғыс ханның ұрпағы, Кіші жүз ханы Әбілқайырдың туған інісі Бұлқайыр сұлтанның шөбересі. Тарқатып айтатын болсақ, Бұлқайырдың ұлы Досалы сұлтанның төрт ұлы болған: Сейдалы, Тұрдалы, Серғали, Мұрзалы. Тұрдалы сұлтаннан тараған жалғыз ұл – осы Медетқали сұлтан [1, С.116.]. Қаракете руына басшылық еткен Досалы сұлтан дүниеден өткенде (1795 жылы), артында ұлдарының ішінен тек Мұрзалы мен Тұрдалы ғана қалған болатын. Алғашында әке орнына Мұрзалы сұлтан ел басқаруды қолға алғанымен, біртіндеп Тұрдалы сұлтан басымдық танытқанын байқаймыз. Тұрдалының қарамағында қаракете руымен қатар шөмекейдің бір тармағы да болды [2, 1-п.]. 1803 жылғы мәліметте Тұрдалы Досалыұлы жалпы саны 2,2 мың түтінді басқарғандығы жазылған. Онымен бірге Боздақ есімді старшин болған.

Бөлісу: 

Алақай

 

Алақай

Жақсы есім таңдау

 

Адам ата мен Хауа анаға Жаббар Хақ бір бала беріпті. Екеуі кей кездері балаға таласып қалады екен. Бірі: – Менің балам, – десе, бірі: – Менікі, – депті. Екеуінің арасында алғаш талас, жанжал болыпты. Мұны көріп тұрған Алла баланы көгершінге айналдырып жібереді де:

– Бала екеуіңе де ортақ. Біріңнің қуатыңмен, біріңнің шуағыңмен дүниеге келді. Бұдан былай таласпаңдар, тату болыңдар. Алғашқы балаларың көгершінге айналып, көкте ұшады. Осы татулықтарыңның белгісі болады, – депті. 

Көгершін қазақ түсінігінде Адам атаның алғашқы баласы екен. Ер мен әйелдің кейде «бұл менің балам, жоқ, менің балам» деп таласып қалатыны осы оқиғаның жұрыны деседі.

Бөлісу: 

Жәдігер

 

Жәдігер

Піл бедерлі қалқан

 

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейінің экспозициясында келушілер назарына ұсынылған жәдігердің бірі – қалқан.

 

Қазақ жауынгерінің әскери қорғаныс құралдары жалпы айтқанда «жарақ» деп аталады. Жарақтар қатарына адамның денесін қарудан сақтайтын бірнеше зат кіреді. Біріншісі – денеге киіліп, қорғаныс болатын заттар тобы, олардың қазақ тіліндегі дәстүрлі атау – «ер киімі». Ер киіміне жауынгердің басын, кеудесін, аяғын қорғайтын жарақтар жатады.

Қорғаныс жарағының екінші түрі – қолға ұстап қолданылатын жарақ – қалқан. Бұл атау өзіне төнген қарудан қалқалап қорғану дегенді білдіреді. Яғни, қалқан – шайқас кезінде найза, қылыш соққысынан, садақ оғынан қорғану үшін қолға ұстап қолданылатын қорғаныс жарағы.

Бөлісу: 

Жаңа кітап

 

Жаңа кітап

Жалпақтал өңірінің жылнамасы

 

Белгілі өлкетанушы, мәдениет қайраткері, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры Жайсаң Ақбай ағамыздың «Жалпақтал» атты ақпараттық-сараптамалық еңбегі баспадан шықты.

 

Жалпақтал өңірі, қасиетті Қараөзен мен Сарыөзеннің арасы – талай-талай тарихтың куәсі. Есте жоқ ерте заманды айтпағанның өзінде бұл жерде Алтын Орданың шулы шаһарлары шаруасын шалқытқан. Бұл далаға жорық жыршылары – Қазтуған мен Доспамбеттің тұлпарларының тұяғы тиген. Еділбай қойы мен қазақ жылқысы осы жерден жалпақ жұртқа таралған. Бұл жерде кеудесі басылмаған, намысын жатқа бермейтін қазақтар тұрады. Жайсаң ағамыздың кітабы осынау қасиетті өңірдің кешегісі мен бүгінгісі, тарихы мен тағдыры, тұлғалары мен елеулі оқиғаларына арналған.

Бөлісу: 

Сырт көз

 

Сырт көз

 

«Сәлеметсіздер ме, Қазақ елі!»

 

Журналымыздың өткен санында Оңтүстік Корея елінен келген жарнама жарияланғаны естеріңізде шығар?! (Қараңыз: «DANAkaz» журналы, №6-7(20), 69 бет) Журнал тарихында алыс шетелден келген тұңғыш жарнамаға әрі қуанып, әрі таңғалғанымыз рас. Шыға бастағанына үш жыл енді болатын қазақтілді басылым әлемге танымал компанияның назарына қалай ілінді екен? Әр қадамын есептеп басатын әлемдік бизнес өкілі біздің басылымды неге таңдады? Біз осы сауалдарды «SBC Small & medium Business Corporation» (Корей шағын бизнес корпорациясы) компаниясының директоры Хо Джэ Хёк мырзаға жіберген едік.

Бөлісу: 

Тағзым

 

Тағзым

Тентекті тезге салған текті ұстазым

 

Редакциямызға хат келді. Мән-мазмұны басқалардан өзгешелеу болғандықтан бірден назар аударды. Автор, белгілі заңгер, біздің журналдың тұрақты оқырманы Абзал Құспан өзінің ұстазы, орта мектепте сабақ берген сынып жетекшісі Жансалқам Рахымғалиқызы туралы толғанған екен. «Бұл мақаланы жазғандағы мақсатым – өзім туралы емес, ұстазымның адамгершілігі, ұстаздық шеберлігі, өз ісіне, балаға деген махаббаты туралы айту еді. Мен шын мәнінде тентек болдым, ол кісі тентекті тезге салып, адам қылды. Бұл әңгімемнің еш өтірік, қоспасы жоқ» - дейді Абзал.

 

 

 

...1989 жылдың қысы, жаңа жыл қарсаңы Мен Орал қаласындағы «Культпросветучилищенің» жатақханасында (қазір бұл жерде облыстық салық комитеті орналасқан) жатырмын. Көңіл-күйім жоқ, болашағым бұлыңғыр. Көңілімнің хошы қайдан ғана бола қойсын, осыдан тура бір ай бұрын Шолоховтағы (қазіргі аты Ақсоғым, теректі ауданына қарайды) орта мектептен «әкемді танытып», оқудан шығарып жіберсе. Бәрі неден басталып еді өзі...

Бөлісу: 

Бастама

 

Бастама

Батырларға белгі орнатылады

 

Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік органдардың, билік мекемелерінің араласуынсыз, халықтың өз қолдауымен жасалатын игілікті шаралар көбейіп келеді. Осыдан бірер жыл бұрын Ақжайық ауданы Базаршолан ауылдық округінде Байбарақ батыр Құдайқұлұлына кесене орнатылған болатын. Енді, міне, жақында Дәуқара батыр Қарақожаұлы мен Науша батыр Қаржауұлының зиратына ескерткіш тұрғызылатыны мәлім болды. Белгілі жырау, 1868-1873 жылдары болған «Ел ауа» көтерілісіне қатысушы Сүгір Мырзалыұлының қабіріне де ұрпақтары белгі қоюға талпынып жатыр.

 

Дәуқара батыр (1687-1751) – Кіші жүз Байұлы Сұлтансиық ішіндегі байбақты руының ұранына шыққан айтулы батыр, тарихи тұлға. Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылдық округіндегі Жігерлен ауылының оңтүстік-батыс бетіндегі үлкен төбеге жерленген. Дәуқара батырдың құлпытасы 2012 жылы желтоқсан айында шыққан «DANAkaz» журналының тұңғыш санында «Құлпытас сырын ашайық» айдарының беташары болған еді.

Бөлісу: 

Көне сурет

 

Көне сурет

«Басқақтар»

 

Белгілі орыс суретшісі Сергей Васильевич Ивановтың (1864-1910) соңғы жұмыстарының бірі. 1909 жылы салынған. Бүгінде РФ астанасы Мәскеу қаласы тарихы музейінде сақтаулы тұр.

 

Басқақ (түркі тілінен) — Алтын Орда хандарының өзі жаулап алған аймақтан алым-салық жинайтын өкілі. Бұл атаудың түбірі ғалымдар И.Н.Берёзин және П.Пеллионың пікірінше, «бас» етістігінен (1. «басып алу»; 2. «мөр басу») шыққан делінеді. Бұхара басқақтары туралы еңбек жазған Джувейнинің пікірін алға тартқан ғалым А.А.Семёнов «басқақ» атауы - «қорғаушы», «қамқоршы», «хан шабарманы» деген мағына беретінін айтады.

Бөлісу: 

Тылсым

 

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ АЛЫПТАР

 

Кіріспе

Орталық Азиядағы мұсылмандық киелі жерлерді аралап көрсеңіз, 3 метрден 24 метрге дейін жететін аса үлкен қабірлер (мақбара) ерекше назар аударады. Әдетте саз балшықтан немесе шикі кірпіштен тұрғызатын мұндай қабірлер мұсылман әулиелерінің зиратына орнатылады. Бұл құбылыс осы аймақта кең тараған. Белгілі зерттеуші, академик Э. В. Ртвеладзе осы жолдардың авторына берген сұқбатында мұндай қабірүсті құрылыстар тек Орталық Азияда кездесетінін және мұсылмандық кезеңге тиісті екендігін, исламға дейінгі кезеңге жататын ескерткіштерге тән еместігін айтады. Бұл мақалада Орталық Азияны зерттеу Француз институты (ФИИЦА, IFEAC) 1996-1998 жылдары ұйымдастырған экспедициялар кезінде табылған далалық материалдар мен автордың пайым-пікірі жинақталып ұсынылып отыр.

Бөлісу: 

Жеті өнер

 

Жеті өнер

№8 кеңес

(жамбас)

Бел омыртқадан ажыраған соң біздің аспамызда қойдың екі саны ғана қалды (суретте). Қасапшы енді пышақты жүзімен салып, қойдың шатын айырып жіберуі, яғни екі жамбастың қосылған жерін ажыратуы тиіс. Содан кейін құйрық құйымшақпен бірге алынып, кейін бір-бірінен бөлініп алынады.

Күн сайын бірнеше қой сойып, әбден кәнігі болып алған қасапшы жіліктерді де, құйымшақ пен құйрықты да бір-бірінен толық ажыратпай тұрып мүшелеп алады екен.

Екі сан – қойдың ең сыйлы жіліктері саналатын жамбас пен асық жілік орналасатын бөлігі. Ең майлы, ең етті мүшелер де осылар. Қасапшы осы тұста асық жіліктің қалың еті арасында тұратын арам безді алып тастауды ұмытпауы керек.

Құйрық пен құйымшақты ажыратқанда соңғысына май қалдыру да қадағаланады. Өйткені құйымшақ – келінге, төркіндеп келген қызға ұсынылатын бір мүше болып саналады.

Міне, осылайша біз қой союдың әліппесін хал-қадарымызша ежіктегендей болдық. Өз тәжірибесімен бөлісіп, бізге ақыл-кеңесін аямаған тұрақты кейіпкеріміз – Орал қаласындағы «Ел ырысы» базарының қасапшысы Сәдібек Талыпұлына да айтар алғысымыз шексіз. Мүмкін біздің жазғандарымыздың түзететін, толықтыратын тұстары да көп шығар. Ол жағы енді сіздің еншіңізде, құрметті оқырман.

Бөлісу: 

Қазіргі фольклор

 

Қазіргі фольклор

Сағынтай мен Жәнібек

(телефонда сақталған өлең шумақтары)

 

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында тұратын Жәнібек Әбілпейісов пен Сағынтай Бисенғалиев бір-бірімен балдыз-жезде деп қатты әзілдеседі. Қадімгі қалтафоннан смс арқылы жолданған шалт айтыс шумақтар бүгінде бір кітапқа жүк болып қалыпты. Әдемі қазақы қалжың, табан асты тапқырлық үлгісін көрсетіп, еріксіз езу тартқызатын осынау жыр жолдарының бір парасын журнал оқырмандарына ұсынып отырмыз.

Бөлісу: 

Қауырсын

 

Қауырсын

Мұхит асқан Эрнест

 

«Ортасын пешпен бөлген екі бөлмелі барақтың іші таңғы самалмен тыныстады. Түнімен тәтті қан сорып, айызы қанған масалар дем алуға аттанғандай. Ызыңы естілмейді. Есікке ілген мәрлі жапқыш та ішке таза ауа именбей кірсін дей ме, әлсін-әлсін ысырыла береді. Бөлмеде ешкім жоқ. Ата-әжесінің төсек орны суып қалыпты. Тұрып кеткеніне көп болды-ау деп топшылады Еркін. Көрпесін сүйрете сыртқа шықты. Күн ұясынан еріне көтеріліп келеді. Салқын леп бойын тітіркендіріп жіберді. Көрпесін қымтана жамылып, үй алдындағы сықырлауық темір керуетке жайғасты. Күндегі әдеті осы. Тұмса табиғатты, ата-әжесінің тірлігін сырттай тамашалағанды ұнатады. Кейін көңілінен өшіріліп қалардай, жаттап алғысы келеді. Әне, ана қырда атасы жирен қасқаға мініп, төрт түлікті өріске аттандырып жатыр. Олар да алысқа ұзамайды. Шүбі шүйгін, суы бұлақ суындай мөлдір Шідерті өзенін жағалай жайылады. Кісі бойынан асар терең өзенде бұрын аққулар мекендепті. Атасы айтқан».

Бөлісу: 

Құлпытас сырын ашайық!

 

Құлпытас сырын ашайық!

Ғалымдармен өткен он күн

 

«DANAkaz» тарихи-танымдық журналы алғашқы санынан-ақ араб жазулы құлпытастарды қорғау жөнінде бастама көтеріп, осы айдарды бастаған еді. Басылым алқасының төрағасы, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры, «Нұр Отан» БҚОФ «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы Жантас Сафуллин осы істің жоғары деңгейлерге жетуіне, билік тарапынан қолдау табуына көп еңбек етті.

Соның нәтижесінде, міне, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жасаған «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы ретінде (Батыс Қазақстан облысының эпиграфикалық ескерткіштері негізінде)» атты жоба Қазақстан Үкіметі тарапынан қолдау тауып, 2015-2017 жылдар аралығына бекітілді.

Бөлісу: