6-7 (20) - 2015

Редактор бағаны

Ассалаумағалайкум, ағайын!

 

Аздаған үзілістен кейін қолыңызға тиіп отырған журналымыздың бүгінгі санына да Сіздер үшін ең қызықты, ең пайдалы деген мақалаларды жинастырып жариялап отырмыз. Редакция алқасының ең басты талабы да осы – Ел мен Жердің қадір-қасиетін көрсетіп, төл тарихымыздың тереңіне бойлататын дүниелерді оқырман назарына ұсыну болатын.

Осы нөмірде күллі қазаққа өлеңі жатталған ақын Қадырдың Оралда өткен еске алу тойынан естеліктерге көбірек орын бердік. Өйткені, ердің тойы – елдің тойы. Қазақ бар жерде Қадырдың өлеңі бар. Оралдың қақ төрі мен туған жері Жымпитыда ескерткіш болып тұра келген ақынның асыл бейнесін оқырмандарымызға көзайым еттік.

ХІХ ғасырда қазақ тақырыбына қалам тербеп, Исатай-Махамбет көтерілісі мен күйші Құрманғазы туралы жүрекжарды жазба қалдырған орыс (казак) тарихшысы Никита Савичев туралы мақаласын ұсынған ғалым ағамыз, журнал алқасының мүшесі Әбілсейіт Қапизұлы қызмет бабымен Атырау қаласына қоныс аударды. Біз әркез журналымыздың жанашыры болған тұрақты авторымызға жаңа орында жемісті еңбек тілейміз!

Осы күндері Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Әшірбек Мүмінов бастаған бір топ ғалымдары Батыс Қазақстан облысының эпиграфикалық ескерткіштерін зерттеу мақсатымен Ақ Жайық өңірінде жүр. Құлпытастар құпиясын ашу – біздің «DANAkaz» журналының алғашқы санынан бастап көтерген мәселе болатын. Сондықтан бұл экспедицияның да жұмысы біздің алдағы сандарымызда егжей-тегжейлі жазылары анық.

Жоспар көп, арман асқақ, қадірлі оқырман, Сіз бен біз бірге болсақ, алар асуымыз әлі алда. Жақсылықпен жүздескенше!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

Бөлісу: 

Жан азығы

Жан азығы

 

Қазіргі қоғамда қолда бардың қадірін білмейтін, барды бағалай алмайтын жағдай жиі кездеседі. Соның салдарынан елдің болашағы үшін қажет істер уақытылы тындырылмай, «әй, қап» деп санымызды соғып жүрміз. Мысалы, жақында соғыс және еңбек ардагері, майдангер журналист, қадірлі ақсақалымыз Бисен Жұмағалиұлы о дүниеге аттанды. Жады мықты, тұнып тұрған шежіре адам еді. Көзі тірісінде бар айтарын жазып алуға жарамадық. Оның білгені тек бізге емес, болашақ ұрпаққа керек еді ғой.

Енді қол қусырып отырмай, ең болмағанда жазған жазбаларын бір жерге жинақтап, ел игілігіне жарайтындай бір іс қылғанымыз жөн. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі, жоспарлы түрде ұйымдастырылуы тиіс. Себебі бұл жекелеген адамдарға емес, мемлекетке қажет.

Көзі тірі елдің болашағы үшін айтары бар мықтылар арамызда бүгін де бар. Тек көре білсек, бағалай білсек, берерін ала білсек болғаны. «Барыңды бағалай білмесең бақ қонбайды» демекші, елдің бағын еселей түсу үшін ерінбей қызмет етейік.  

Ақбай Баржыұлы

Бөлісу: 

Мерейтой

Мерейтой

Ердің тойы – елдің тойы

 

27-28 маусым күндері Батыс Қазақстан облысында Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік және «Тарлан» сыйлығының иегері, қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар республикалық деңгейде өтті. Орал қаласында Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы мен ақынның ескерткіші ашылса, ақынның туған жері Жымпитыда да ескерткіш орнатылып, дала қызықтары ұйымдастырылды.

 

Салтанатты шараға ақынның отбасы – жары Салтанат апай мен бала, немерелері, сондай-ақ қазақтың белгілі қаламгерлері арнайы келді.

 

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы – өнер мен мәдениет түгел тоғысатын ерекше кешен. Мұнда ақын Қадырдың музейі ашылып, ақынның әйгілі жеке кітапханасы қойылған. Сонымен бірге бұл жерде Қазақстанның Жазушылар, Композиторлар, Суретшілер одақтарының облыстық бөлімшелері орналасады. Айтыскер ақындар бас қосатын орын, балалардың шығармашылығына арналған үйірме бөлмелері, кітапхана, мәдени шаралар өткізілетін залдар бар. Сәулеті ерекше орталықтың алдында, ашық аспан астында бас қосуға арналған амфитеатрдың алғашқы қонақтары - Құрманғазы атындағы академиялық қазақ ұлт-аспаптары оркестрі болды.

Бөлісу: 

Өлкетану

Есенгелді бай тарихы толық танылды ма?

 

Жәнібек Аллаярұлы,

тарих ғылымдарының кандидаты

 

Жалғасы. Басы журналдың өткен сандарында

 

Есенгелді – дистанция бастығы

1830 жылы қазандағы Орынбор әскери губернаторы П.П.Сухтеленнің бұйрығынан соң Шекаралық комиссия төрағасы Г.Ф.Генс төменгі Орал шебіне жасаған сапары кезінде шеп күзетін зерттеп біліп, Қайыпқали сұлтанның орналасқан жері мен шеп қазақтарының оған қатынасы жайында мүмкіндігінше нақты мәліметтер жинауға тырысты. Шекаралық шеп күзетінің жағдайымен таныса келе орда тарапынан тұтқиыл шабуыл қаупі төнсе, оның тойтарыс бере алмайтынын көрген. Орынборға оралған соң Г.Ф.Генс граф П.П.Сухтеленге бұл іске қазақтардың өздерін тарту арқылы шекаралық шеп күзетін қайта құру жобасын ұсынады. Содан 1831 жылы әскери губернатормен «...ордалықтар арасын жақсы тәртіпке келтіру үшін, далада орын алған барлық жәйттер туралы мәліметтерді жедел жеткізу үшін, басшылықтың бұйрығын, әсіресе шеп тұрғындары мен шеп бойындағы қазақтардың талап-шағымдарын шұғыл орындау үшін» дистанциялық басқару жүйесі дайындалып, енгізілді. Бұл үшін Звериноголовск бекінісінен Каспий теңізіне дейінгі кеңістік дистанцияларға бөлінді. Бір бекіністен келесі бекініске дейін бір дистанция болып есептелді де, оның халқын ықпалды қазақтан шыққан «дистанция бастығы» басқаруға тиіс болды.

Бөлісу: 

Руханият

Руханият

ҚАЖЫЛЫҚҚА БАРҒАН БӨКЕЙЛІКТЕР

(ХІХ ғ. екінші жартысы)

 

Аққали Ахмет

тарих ғылымдарының докторы,

профессор,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті

 

Алла Тағала берген ғұмырында жақсылығы мен зұлымдығын, адалдығы мен жамандығын, ар алдындағы әділдігі мен ғайбатын таразылап, Алладан кешірім сұрау үшін мұсылман мойынындағы ең басты парыздың бірі – Меккеге барып, тәубаға келу.

Кеңестік қызыл империяның заманында қажылық парызын өтеу былай тұрсын, мұсылманмын деп айтудың өзі бір қылмыс болғандығы баршаға аян. Діншіл адамдар қуғынға ұшырап, мешіттер қиратылды, діни әдет-ғұрыптар мен парыздарын өтеуге тыйым салды.

Атеизм, әсіресе кеңестік дәуірде Одаққа бағынған халықтар арасында, соның ішінде Қазақстанда да, мейлінше күшейген еді. Ол халқымызды рухани тоқырауға ұшыратты. Осының әсерінен Қазан төңкерісіне дейін Қазақстан Республикасының аумағында қанша адамның Меккеге барып қажы болғаны туралы нақты деректер әлі жинақталмауы да өкінішті-ақ.

Бөлісу: 

Қазақ хандығы-550

Қазақ хандығы-550

Әбілқайыр Мұқамбет Ғази баһадур хан

 

Қазақ хандығының төрт ғасырға созылған шерлі шежіресінде жиырмадан астам хан билік құрған екен. Олар өз замандарының қалыптасқан жағдайына байланысты қал-қадірінше хандық туын жықпауға тырысты. Қазақ хандығының негізін қалаған екі ұлы тұлға - Керей мен Жәнібек. Орда Еженнің ұрпақтары болып келетін Керей мен Жәнібектің шығу тегін жазба деректерде Жошы хан, одан Орда Ежен – Сартақай – Қоныша - Баян хан – Сасыбұқа – Ерзен – Шымтай - Орыс хан тарайды. Орыс ханның бес ұлының үлкені Тоқтақия, оның ұлы Болат, одан Керей. Ал төртінші ұлы Қойыршық, оның ұлы Барақ хан (1428ж өлген). Барақтың ұлы Жәнібек. 

Бөлісу: 

Қазақ хандығы-550

Қазақ хандығы-550

Ерліктің арқауы, елдіктің бастауы

 

Қазақстан – біздің аумағымызда дәуірлеп өткен сақ, үйсін, ғұн және басқа да этникалық қоғамдастықтар мен мемлекеттік құрылымдардың мұрагері.

Н.Ә.Назарбаев

 

Қазақ хандығы – халқымыздың тұңғыш мемлекеттік құрылымы, мәңгілік қазақ елінің тарихи тұғыры. Сол тұғыры биік хандықтың құрылғанына бүгінде 550 жыл толып отыр. Бұл жылдар – бүгінгі Қазақстанның өткенінен сыр шертер, тарихын танытар ақиқат пен аңызға айналған жылдар.

Еліміз тарих толқынында шыңдалып, байтақ жеріміз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғалып, сарабдал хандардың саясаты мен ержүрек батырлардың ерлігінің арқасында тәуелсіздікке қол жеткізді.

Осынау ұлан-ғайыр даламыздың алып сахарасында Қазақ хандығы ХV-ХІХ ғасырларда кеңінен қанат жайып, байтақ өңірді мекен еткен қазақ тайпаларының басын қосқан елдігіміздің бастауы болды.

Бөлісу: 

Ұмытылған

Ұмытылған

Мұхит Айтқалиев

 

1946 жылы сол кезде жаңадан ашылған Алматы консерваториясының домбыра сыныбына академик Ахмет Жұбановтың кепілдемесімен қабылданған, әлемдік классикалық туындыларды қара домбырада құйқылжыта ойнап, өзге ұлт өкілдерінің «бір таяқ, екі жіп» аспап туралы пікірін мүлдем өзгерткен, соның ішінде Моцарттың «Түрік маршы» мен Шуберттің «Серенадасын» домбырада сөйлеткен, Қаратау домбыра мектебі күйлерін нотаға алғаш түсіруші, домбыра сыныбы бойынша бірнеше оқулық («Күйлер жинағы», «Батыс Еуропа композиторларының шығармалар жинағы», «Орыс халық әуендеріне арналған жинақ», «Гаммалар, этюд-арпеджио және жаттығулар», «68 қазақ күйлерінің жинағы» т.б.) жазып, ұзақ жылдар Құрманғазы консерваториясында, Қарағанды, Шымкент, Орал қалаларында ұстаздық қызмет еткен, сирек кездесетін музыка маманы, кезінде Мұхит Құбышев, Нұрғиса Тілендиев, Шамғон Қажығалиевтертермен терезесі тең тұрып, қоян-қолтық жұмыс істеген...

Бөлісу: 

Жаңа кітап

Қолға тиген қос кітап

 

Ардагер журналист, белгілі өлкетанушы, журналымыздың тұрақты авторы Қайыржан Хасанов ағамыздың қос кітабы жақында өз оқырмандарына жол тартты. Оның бірі – «Отан үшін от кешкендер» деп аталады.

Жеңістің 70 жылдығына орай жазылған «Отан үшін от кешкендер» кітабында 1941-1945 жылдарындағы екінші дүниежүзілік соғыста Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданынан ел қорғауға шақырылған қызыләскерлер ерлігі жайлы, бауырларының елден майданға, ал жауынгерлердің майданнан елге жазылған сағыныш өлең хаттары да жарияланған. «Шұғыла Принт» баспасында басылған, 177 беттен тұратын бұл жинақта әдеттегідей көне суреттер, құнды құжаттар молынан шоғырланған.

Бөлісу: 

Жаңа кітап

Жаңа кітап

Жайықтың батыр қыздары

 

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдығы қарсаңында орал қаласындағы «Полиграфсервис» баспасынан «Ұлы Отан соғысына қатысқан Батыс Қазақстан облысының қазақ қыздары» атты кітап жарық көрді. Авторы – белгілі зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты, журналымыздың алқа мүшесі Боранбаева Бақтылы Сансызбайқызы.

 

Бөлісу: 

Саңлақ

Зейнеп апамен бірге болған төрт күн

 

Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай елімізде көптеген шара өтті. Осыған орай Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры жазушы Шерхан Мұртазаның біртуар батыр Бауыржан Момышұлына арналған «Ноқтаға басы сыймаған» драмасын қойды.

Қойылымның премьерасына Алматы қаласынан Бауыржан Момышұлының келіні, белгілі жазушы Зейнеп Ахметова арнайы шақырылды. Ұлтық салт-сана, тәрбие мәселелері бойынша айтары мол дуалы ауыз Зейнеп апамыздың жанында үш-төрт күн бірге жүріп, ғибратты әңгімелерін тыңдап, қағазға түсірген едім. Сол әңгімелерді «DANAkaz» журналының оқырмандарымен бөліскенді жөн көрдім. Әңгімелерді апайдың өз айтуында, еш өзгертпей ұсынып отырмын.

Бөлісу: 

100 қадам

100 қадам

Елбасының «100 қадамын» жүзеге асыруға ұсыныстар

 

Еліміздің ертеңі үшін аса маңызды ұлт жоспарының жоғары деңгейде орындалуына әр адам мүлделі болары анық. Осы құжаттағы «Мәңгілік ел» идеясы аясында атқарылатын жұмыстарға үн қосуды жөн санадым. Бұл ұсыныстарда айтылған мәселелерді өңірімізге мүмкіндігімізше ұйымдастырып келеміз. Бірақ бұл жұмыстар мемлекеттік деңгейде, жүйелі жасалса нәтижесі жоғары болатыны анық.

 

1.   «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру бағытында Қазақстандағы құлпытастарды кешенді түрде зерттеуді кешіктірмей қолға алу қажет. Мұның себебі көшпелі қазақ қоғамының өзіндік ерекшелігіне сәйкес, өткен ғасырлардан бізге дейін жеткен нақты құжат, тарихи жәдігер өте аз. Сол аз жәдігердің бір түрі – көне қорымдардағы құлпытастар. Бұл құлпытастардан қайтыс болған адамның аты-жөні, шыққан тегі, лауазымы, әлеуметтік дәрежесі, қай жылдары өмір сүргендігі, ұрпақтары туралы мәлімет алуға болады. Алайда соңғы жылдары көне қорымдар мен құлпытастар уақыт тезінен тозып, жойылып барады. Сондықтан тез арада Қазақстан аумағындағы өткен ғасырларға жататын көне жерлеу орындарын анықтап, зерттеу нысанасына айналдыру керек. Бұл үшін, біріншіден, «Мәңгі мұра» жобасы аясында осы құлпытастарды мемлекеттік қорғауға алу қажет. «Жайық Пресс» ЖШС және «DANAkaz» тарихи-танымдық журналы тарапынан соңғы 2-3 жыл бойы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 2014 жылы БҚО Ішкі саясат басқармасының қолдауымен облыстың Ақжайық, Қаратөбе, Сырым аудандарында сақталған 50 құлпытас зерттеліп, мәтіні аударылып, жарық көрді. Оның ішінде Есім хан Нұралыханұлы, Науша батыр Қаржауұлы, Дәуқара батыр Қарақожаұлы, Сатай батыр Кенжеғараұлы секілді тарихи тұлғаларға қойылған аса маңызды ескерткіштер де бар. Бүгінгі таңда облыстық «Орал өңірі» газетінде, тарихи-танымдық «DANAkaz» журналында құлпытас зерттеу мәселелеріне орай арнайы айдарлар ашылып, тұрақты жұмыс істеуде. Одан бөлек, төмендегідей жұмыстар атқарылып, жарық көруін күтіп тұр:

Бөлісу: 

Марапат

Марапат

Гран При бізде!

 

2015 жылдың 5-10 маусым аралығында Керчь қаласында өткен дәстүрлі «Боспорские Агоны» атты ХVІІ халықаралық фестиваліне еліміздің атынан Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры Эврипидтің «Троя арулары» қойылымымен қатысып, байқаудың Гран При жүлдесін жеңіп алды! Оған қоса «Боспор Никасы», «Ең үздік режиссер» (Қ.Қасымов, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты), «Ең үздік әйел образы» (Б.Исалиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері) аталымдарының жүлдесі де қазақстандықтарға бұйырды.

Бөлісу: 

Замансөз

Замансөз

Ғұмардың терең сырлары

 

Тілекжан РысҚалиев,

философия ғылымдарының докторы, профессор,

Орал қаласы

 

Мен Ғұмар Қарашты оқырманға, соның ішінде жастарға қалай таныстырсам екен деп ойландым. Көрнекті ақындығына ешкім таласа қоймас деп ойлаймын. Оның өлеңдерін, толғауларын оқи отырып, көркемдігі, мағынасы, формасы, сөз саптауы жағынан Ғұмар Қараш Ыбырай, Абай, Шәкәрімдердің қатарында тұратын ақын ғой деген ойға келесің. Мәселе біреуді көтермелеп, біреуді төмендетуде емес. Абайдың қазақтың бас ақыны екендігіне ешкім шүбә келтірмес. Менің айтайын дегенім – Абай жалғыз емес, Абайдан тәлім алып, жолын қуған, бар өнерін халқына қызмет етуге арнаған басқа ақындарымыз да бар. Солардың бірі – Ғұмар Қараш.

Кез келген өлеңін мысал етіп алуға болады.

Сөйлейін бала жайын артығырақ,

Тыңдаушым, жалықпасаң салшы құлақ!

Қадірсіз біздің елде бір бала жоқ,

Шетінен «айналайын», бәрі «шырақ».

Әр жерде шөпілдесіп сүйер бала,

Жас келін бәрімізден басымырақ.

Білмеймін жас басынан неге мұнша,

Балаға басқалардан асығырақ.

Ұятты онсыз келін болса-дағы

Келгенде осы араға ашығырақ.

Қай кісі жек көреді балашығын

Жүре тұр, жас жандарым, қашығырақ.

Ер жетер, бала тентек болар, кетер,

Со күнде «қарақ», «шырақ» қалар жырақ.

«Тәңірден бала сұрадым, әке берді»

Дегенді талай шалды біздің құлақ.

Баланы баста үйрету – жақсы үйрету,

Әркімнің өз басына міндет, шырақ.

Өзіңе міндет істі ада қылмай,

Тәңірді жазғыруың жолсызырақ.

Бөлісу: 

Тылсым

Тылсым

Бөкейліктегі бақсылар

 

«Космостың, табиғаттың түрлі құбылысын түсіну, өлім мен өмір қайдан пайда болады деген сұрақтарына жауап берудің салдарынан шамандық (бақсылық) пайда болды» деп жазады Шоқан Уәлиханов. Тәңіршілдік, көктегі құдіретті күш – бір Тәңірге табыну – түркі халықтарының ежелгі наным жолы. Бұл ұғым алғаш рет б.д.д. III ғасырда ғұндардың дүниетанымдық мәдениетінде қалыптасқан. Көне түркілер реалды дүние мен мифтік дүниені бір санаған. Яғни біртұтас дүниеде адам қауымымен қоса-қабат сыртқары, тылсым дүние өмір сүретініне сенген. Оның өзін үш бөлікке бөлген: жер асты дүниесі (Ерлік, Бапы, т.б.); жер үсті дүниесі (Жер иесі, Су иесі, Ағаш иесі, т.б.); жоғарғы, аспан дүниесі (Көк Тәңірі және оның Ай, Күн, Шолпан, Ұмай тәрізді өкілдері). Көк Тәңір – дүниені жаратушы, ғаламды тәртіптеп реттеуші, бірақ ондағы өңге іске араласпайтын, құдіретін ақыл-оймен ғана танып білуге болатын ұлы күш. Дүниетанымдық мәдениет негіздерінен саяси идеологияға айналған тәңіршілдік нанымы адам өмірін түгел толайым қамтитын дінге айналу процесін тоқтатады да, осы әдіске өзінен бұрын жеткен исламға ығысып орын береді.

Бөлісу: 

Жеті өнер

Жеті өнер

ҚОЙ СОЯ БІЛЕМІЗ БЕ?

 

№6 кеңес

(қарын түсіру)

Екі қол мүшеленіп, жайғастырылған соң қасапшы қойдың мойын омыртқасын бөлек кесіп алады. Бұл жерде пышақ жүзі өңешке тиіп кетпеуін қадағалау қажет. Мойын омыртқаның еті пышақпен сылынып алынып, сүйекке бір шеті ғана ілініп тұрады. Бұлай осу, бөлшектеу етті кейін тұздауға (тұз тезірек және тұтас сіңуі үшін) немесе қуырдаққа турауға оңай болуы үшін қажет.

Бұдан кейін біздің басты кейіпкеріміз – Орал қаласындағы «Ел ырысы» базарының қасапшысы Сәдібек Талыпұлы ішек-қарынды түсіруге кіріседі. Ол үшін пышақ жүзі қойдың екі саны арасынан (желін тұсынан) салынып, төмен қарай тілінеді. Бұл жерде де қарынның пышақ тиіп, жарылып кетуінен сақтану керек. Лықсып шыққан ішек-қарынды жерге тұтас түсіріп алу үшін қосымша бір адамның көмегі қажет: ол ішек-қарынға арналған табақты тосып, қойдың ішкі құрылысын түгел түсіріп алады. 

Бөлісу: 

Табиғат

Табиғат

Батыс Қазақстанның биіктері

 

Серік РАМАЗАНОВ,

география ғылымдарының кандидаты,

Батыс Қазақстан тарих және археология орталығы директорының орынбасары

 

Байтақ далалы Батыс Қазақстанда басын бұлт шалған биік тауды емге таппайсыз. Алайда, ақын Табылды Досымов айтпақшы: «Обаны – адыр, адырларды – төбе деп, Төбелерді тау деседі біздің ел». Қазақстанның батыс қақпасында жатқан өңірдің солтүстік-батысын Жалпы Сырт, ал солтүстік-шығыс бөлігін Орал маңы үстірті алып жатыр. Жергілікті халық бұларды тау деп атап, ол жөнінде талай әдемі хикая құрастырады. Ғылым көзімен қарағанда бұл төбелі-қырқалы алқаптар негізінен бор дәуірі жыныстарынан қалыптасқан. Олардың теңіз деңгейінен биіктігі 150 метрден 250 метрге дейін барады. Жеке биігі 15-30 метрге дейін жететін бор жынысты тау жұрнақтары да кездеседі. Төменде Батыс Қазақстан облысының осындай қырат-биіктерімен таныстырамыз.

Бөлісу: 

Алақай

Алақай

Балғын суретшінің бәйгесі

 

Уәли Қуанышев – Орал қаласындағы С. Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат кешенінің 7-сынып оқушысы. Ол IX республикалық Ұлттық жастар Дельфий ойындарының Батыс Қазақстан облыстық кезеңінің «Бейнелеу өнері» аталымы бойынша III дәрежелі лауреаты. Сондай-ақ, Орал қалалық «Балауса болашақ» бейнелеу жарысында 9-11 жастағы балалар жұмысы аталымының және Астана күніне орай «Елордам – Астанам» тақырыбындағы бейнелеу өнері сайысының I дәрежелі лауреаты атанды.

Бөлісу: 

Алақай

Алақай

Қырық күн тұзды суға шомылдыру салты

Періштелер Аюп пайғамбарды мақтап, оны үнемі үлгі етеді екен. Олардың әңгімесін естіп қалған Ібіліс Алланың дәргейіне барып:

– Періштелер Аюп құлыңды сабырлы, мықты тақуа адам деп мақтап жатыр. Ол – төрт құбыласы түгел, жегені алдында, жемегені артында, бала-шағасы дін аман, айналасына сыйлы, дәулеті шалқып тұрған уайымсыз адам. Егер оған шын қиындық туатын болса, басымен қайғы боп, сені еске алуға мұршасы болмас еді. Сенбесең, оны сынаққа алуға маған рұқсат бер, – дейді.

Ұлық Алла рұқсат етеді. Ібіліс оның бар малын бір қыста жұтқа ұшыратады. Аюп бір күнде кедейленіп, таяқ ұстап қалады. Артынша бала-шағасына қаза жетеді. Ағайынмен арада араз әңгімелер өршиді. Бірақ, Аюп сонда да сыр бермей, құлшылық тағатын үзбейді. Айла-шарғысы таусылған Ібіліс оның денсаулығына ауыз салады. Артынша, оның денесі жидіп, шіри бастайды. Бүкіл тәнін құрттар қаптайды. Аюп өлі мен тірінің арасындағы өлімші халге түседі. Сонда да тілі мен жүрегі Аллаға зікір айтып тұра береді. Ібіліс оның иманын ұрлай алмай, ақыры жеңіледі. Ұлық Алла құлының төзімі мен сабырына риза болып, жерден шипалы бұлақ шығарады. Аюп Алланың әмірімен сол суға қырық күн шомылып, әбден ширап, тәні сауығып, аман қалады. Осыдан бастап өлі мен тірінің арасында жатқан адамды қырық күн шомылдыратын дәстүр қазақ арасында пайда болыпты. Ата-анасы жаңа туған нәрестесін ширату үшін қырық күн тұзды суға шомылдырады. Ондағы мақсат – бала болашақта Аюптай сабырлы, төзімді боп өссін, өмір жолында кездесетін барлық қиындықтарға мойымайтын мықты тұлға болсын деп ырымдағаны. 

Бөлісу: 

1945-2015

1945-2015

№270 бұйрықтың құрбандары

 

1941 жылдың 16 тамызында Қызыл Армия Жоғарғы Бас қолбасшысы Иосиф Сталиннің №270 қаһарлы бұйрығы өмірге келді. Құжатта қызыл әскерден қандай жағдайда болса да ең ақырына дейін шыдап, тұтқынға түспеу талап етілді. Командирлерге «тұтқынға түспеймін, одан да өлгенім артық» деген жауынгердің тілегін орындап, атып тастауға рұқсат берілді.

Ондаған жылдар құпия саналып, көпшілік қауымға беймәлім болып келген №270 бұйрық соғыс кезінде барлық әскерилерді – генералдар, офицерлер және қызыл әскерлердің қолынан келмейтін жағдайларға қарамастан тұтқынға түскені үшін оларды атып-жоятын, ал майдан шебінен алыста жатқан туған-туыстарын қуғын-сүргінге ұшырататын тұңғыш ресми құжат еді.

Бөлісу: 

Мәдениет

Мәдениет

Қызың болсын моншақты...

 

Қазақ қазақ болғалы қыз сыйлаған, қызын мәпелеген, қыз намысы – ел намысы деп қараған текті халық.

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман әлемінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты ерекше қадірлейтін халықтың бірі де, бірегейі де – біздің қазақ... Қазақ қыздары мен аналары өз жүрегінің от-жалынымен, мейірім-шапағатымен қазақ халқының ұлттық сезім-түйсігін, мәдени-рухани біртұтастығын елеусіз ғана шыңдап отырған», - деген толғамы бұл ойды толықтыра түскендей. Бүгінде қазақ әйелі елімізде болып жатқан өміршең өзгерістер, идеялық-саяси, әлеуметтік-мәдени, халықаралық-дипломатиялық жұмыстар, жалпылағанда, мемлекетіміздің бүкіл тыныс-тіршілігінің бел ортасында жүр. Сандар не дейді? Статистикалық мәліметке сүйенсек, біздегі жалпы мемлекеттік қызметшілердің тең жартысынан астамы әйелдердің үлесіне тиеді екен. Қазақ әйелдерінің игермеген мамандығы жоқ бүгін. Мәдениет саласында, зауытта, спортта, қауіпсіздік саласында да қызмет етеді. Ең бастысы отбасына қарауды ұмытпайды. Отағасының бабын табады, баланы да бағады. Бұл – үлкен көрсеткіш, жоғары нәтиже, жақсылықтың нышаны деген ойға келдім.

Бөлісу: 

Сырт көз

Сырт көз

Н.Ф. Савичев зерттеулеріндегі қазақ тарихы мәселелері

 

Әбілсейіт Мұқтар,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Атырау мұнай-газ университетінің проректоры

 

Қазақ тарихының дерек көздерінің бірі 1867-1917 жылдары аралығында жарық көрген «Орал әскери ведомоствосы» газеті. Газет тұтастай Қазақстанды жаулап алуға сүбелі үлесін қосқан Орал казак әскерінің баспасөз органы болатын. 1867 жылы газет ашылған бойда ресми, екіншісі бейресми бөлімге бөлініп жұмысын бастады. Ресми бөлімде тағайындалған атаманның (Наказной атаман – Ә.М.) бұйрықтары, Орал әскери кеңсесінің қаулылары және Ішкі істер министрлігінің шешімдері, ал бейресми бөлімінде этнографиялық әңгімелер, түрлі қалалық жаңалықтар, ауа-райы мен ауыл шаруашылығындағы өзгерістер жарияланады. Газет жарық көрген 50 жылдың ішінде сан мыңдаған мақалалар басылды. Олардың ішінде қазақ тарихына қатысты жергілікті казак-орыстардың көрген-түйгендері, естігендері, сонымен бірге, қазақтармен қарым-қатынасы, Азияны жаулап алу бағытындағы әскери жорықтар тарихы, Жайық өзеніндегі балық аулау мәселелері оқырманға арналды.

Бөлісу: 

Құлпытас сырын ашайық!

Құлпытас – құнды құжат

 

Үнсіз-тілсіз тас қой! – деме.

«Құлпытас!»

Үлкен-кіші құлпытастар астында:

Тірлік жатыр!

Тағдыр жатыр!

Тарих жатыр біртұтас!

Жарасқан Әбдіраш

 

Тарих – деректілік пен нақтылықты, адалдық пен әділдікті ғана танитын, мойындайтын ғылым саласы. Мұндай нақтылық, деректілік пен әділдіктің қайнар көзін түрлі бағыттағы құжаттар құрайды. Сан салаға бөлінетін сол құжаттар арасында жазба деректер кешеніне жататын эпиграфикалық ескерткіштер – құлпытастардың орны ерекше. Батыс Қазақстан облысы монументальды эпиграфикалық ескерткіштер көп таралған аймақтың бірі екенін ескерсек, төл тарихымыз үшін олардың қаншалықты маңызды болып табылатыны айқындала түседі. Міне, осыған дер кезінде көңіл бөлініп, облыс аумағындағы құлпытастарды кешенді әрі жүйелі түрде зерттеу «Жайық Пресс» ЖШС-ның басшысы Жантас Набиоллаұлының мұрындық болуымен соңғы жылдары батыл қолға алынып, жүзеге асуда. Өлкедегі құлпытастарды зерттеу мәселелері «Нұр Отан» партиясы БҚОФ жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінде талқыланып, облыстық әкімият, ішкі саясат пен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармалары тарапынан да қолдау табуда.

Бөлісу: 

Құлпытас сырын ашайық!

Құлпытас сырын ашайық!

 

 

Жантөре Айшуақұлы

 

1

Қорымның аталуы, мекені

Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Шағатай ауылдық округі, Қызылжар ауылы, «Хан зираты»

 

Орналасқан жері

50°15'26.92"N, 51°14'45.22"E

 

Өлшемі

153х33,5х14,5см

2

Ескерткіш түрі, материалы

Құлпытас

5

Тамға

Төре тамғасы

6

Мәтіннің жазылу әдісі

Төрт бұрышты бөліктерге жазылған

7

Мәтін, араб жазуында

هو الحى الذى لا يموت ابدا

ابو المظفر و المنصور ﺴﻴﺩ

بهادر خان جان توره ابن خان

اﻴﭽواق ابن ابو الخير خان

مرقد شرﻴﻔﻠﺮ يدﺮ اعداﺀ صحرا

هجوم ايدﺐ بر حق رحمته شهيد

 واصل اولدى ۴٩ ياشنده ١٨٠٩ سنه ...

9

Қазақ тілінде

Ол – ешқашан өлмейді, Тірі!

Абу-л-Музаффар уа-л-Мансур Саййид

Бахадур Хан Жан-Төре ибн Хан

Айчуақ ибн Абу-л-Хайр Хан

марқад шарифлари-дір а‘да’-и сахра

Һуджум едіб Бар Хаққ рахматиһ шаһид

уасил олды, 49 йашында сана-и 1809 ...

 

 

       

Құлпытасты оқыған: Айтжан НҰРМАНОВА,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану инстиутының жетекші ғылыми қызметкері

Бөлісу: