3 (27) 2016

Редактор бағаны

Армысыз, ағайын!

Оқырман байқаған шығар, журналымыздың өткен саны әдеттегідей Алматы қаласында емес, Оралда басылды. Соған сәйкес полиграфиялық сапасы да сәл-пәл төмендегені байқалады. Алайда, бір қиындықтың бір жақсылығы бар деген ғой. Бұрын Алматы қаласында басылған журналымыздың Оралға жетуін бір апта, кейде одан да көп уақыт күтіп қалатын болсақ, бұл жолы редакция дайындаған журналдың жаңа саны сол бойында қолымызға тиеді. Тиісінше, «Қазпошта» мекемесіне де дер кезінде жеткізіліп, өздеріңіздің – журналға жазылушы оқырман қауымның қолына тезірек жететін болды. Міне, біз сол үшін қуаныштымыз.

Өздеріңіз білесіз, «DANAkaz» тарихи-танымдық журналының қатысуымен мектеп оқушылары арасында «Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени, табиғи мұрасы» атты өлкетану олимпиадасы өтіп жатыр. Оның қорытындысын алдағы санда жариялайтын боламыз. Айтайын дегеніміз – олимпиадаға қатысуға тілек білдіріп, туған жерінің тарихын зерттеуге ынталы өрендеріміздің қатары көп екен. «Отан отбасынан басталады», кең байтақ Қазақстанды тану, сүю – алақандай ауылдан, туып-өскен жерден бастау алады. Туған жердің, жерлес тұлғалардың тарихына көңіл аударып, ізденісін бастаған жас өрендердің болашақта үлкен жүректі азамат болып шығуына тілекшіміз.

Қадірлі ағайын, қазақ үшін қастерлі мерейтойлар қарсаңында тағылымды да тарихи еңбектерді жариялаудан танбаймыз. Өздеріңізге арналған басылымның беделін көтеріп, оқылымын арттыратын қызықты хикая, деректі мақалаларыңыз болса, қабыл алуға әзірміз. Бір-бірімізден көз жазып қалмайық!

Бөлісу: 

Жан азығы

Жан азығы

 

Қазақ поэзиясы мен прозасындағы алыптардың ортамыздан күн санап мәңгілікке аттануы қатты алаңдатады. Әрине, олардың еңбектері ұрпағына әлі талай азық болары анық. Бірақ осылардың орнын басатын ақын-жазушы, зиялыларымыз бар ма?! «Жоқ» деп ауызды қу шөппен сүрткен жөн болмас. Бірақ, жағдайдың мәз емес екендігі анық. Мемлекет бұл саланы жүйелі қолдап, нақты жұмыстанбаса, уақыт өте «әй, қап» деп сан соғар кез де алыс емес.

Халықтың материалдық жағдайын жақсартуды мақсат етіп, рухани жағына жете мән бермеу – аурудың нақты диагнозын білмей қате емдеумен бірдей. Мәңгілік елдің іргетасын қалаушыларды бүгін тәрбиелемесек, кеш болады. Ештен кеш жақсы, қолында биліктің кілті бар бас көтергендер, мәселеге мән беріп, қолға алыңыздар.

Ақбай Баржыұлы

Бөлісу: 

Болашақ

Болашақ

Нұржан Қалдыбеков,

ҚР Ұлттық банкі БҚОФ директорының орынбасары,

«Болашақ» халықаралық шәкіртақысы иегерлері Қауымдастығының өкілі

 

«Болашақ» – келешектің кемел жолы»

 

Кез келген мемлекетте әлемдік ауқымдағы жобаны жүзеге асыру үшін мемлекет басшысы мен халықтың ерік-жігері бір арнаға тоғысуы тиіс. Сонда ғана дамудың жаңа деңгейіне қол жетеді. Қазақстанда мұндай әлемдік жоба бар ма?

«Бар!» - дейді сенімді дауыспен ҚР Ұлттық банкі БҚОФ директорының орынбасары Нұржан Қалдыбеков. – Қазақстан Президентінің «Болашақ» бағдарламасы – тарихи ауқымдағы ерекше жоба!

 

- Нұржан Серікұлы, «Болашақ» президенттік бағдарламасының құрылғанына 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Нәтижесі қандай?

- «Болашақ» халықаралық шәкіртақысы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы Қаулысымен бекітілді. Бағдарлама барысында бүгінге дейін 11727 шәкіртақы тағайындалды, соның ішінде 8435 шәкіртақы иегері шетелде білім алып, Отанға оралған түлектер. Болашақтықтардың 53%-ы – қоғамдық-гуманитарлық мамандықтар бойынша, 38%-ы – өнеркәсіптік-өндірістік сектор, 7%-ы – денсаулық сақтау саласының және 2%-ы – шығармашылық мамандықтар бойынша білім жетілдірген.

Бастапқыда, 1994 жылдары гуманитарлық, экономикалық мамандықтарға басымдық берілсе, он жылдан астам уақыт өткен соң техникалық мамандықтарға көбірек назар аударылды. ҚР Президенті «2004 жылға арналған ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары» атты халыққа Жолдауында индустриалдық-инновациялық стратегияны жүзеге асыру басталғаны жөнінде жариялаған еді. Нұрсұлтан Әбішұлы жоғары технологиялық және ғылымды қажет ететін өндірістер үшін кадр даярлауды міндеттеді, ал 2005 жылы өзінің кезекті «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты Жолдауында шәкіртақы иегерлерінің санын үш мыңға дейін арттыру туралы хабарлады. 

Бөлісу: 

Меценат

Меценат

 

Шапағат шырақшысы болған Мамановтар әулеті

 

ХХ ғасыр – қазақтың ояну ғасыры. Жаңа ғасырдың 1917-1920 жылдарында қазақтың тұңғыш заманауи үкіметі құрылып, Алаш әскері жасақталып, автономияның ұлттық мемлекеттік даму бағдарламасы бекітілді. ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығындарының құрған Алашорда үкіметі – ұлт-азаттық қозғалысы тарихындағы елеулі, маңызды оқиға. Себебі: Алаш – сол «ояну» ғасырындағы ерекше тарихи құбылыс болып саналады. Алаш қозғалысы, Алаш идеясы – ғасыр басындағы демократиялық Ресей құрамындағы қазақ елін еуропалық үлгіде дамыту мен жаңғыртуға бағытталған үлкен жоба болған. Жобаның негізін салушы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған реформаторлар. Өткен ғасыр басында «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам!» деген реформаторлардың жаңашыл бағыттағы идеясын қолдап, оның жүзеге асуына материалдық (қаржылай) тұрғыдан көмектесіп, қазақ жастарының білім алуына жағдай жасаған, Алаш қозғалысына белсене араласқан ниеттестер болған. Олар – ХХ ғасыр басындағы дәулетімен ұлтына қызмет еткен қазақ байлары. Жинаған мал-мүлкімен ұлтының даму жолына қызмет еткен қазақ байларының бірегейі – Жетісудағы Маман Қалқабайұлының зәузаты. Алайда, Маман қажының ұрпақтары, «Мамания» мектебіндегі ұстаздар мен Алаш әскеріне ат берген Маманұлы Есенқұлдың көмегі, Алаш қозғалысына белсене араласқан жетісудағы азаматтардың есімдері жайында көп айтыла бермейді.

Бөлісу: 

Өлкетану

Өлкетану

 

Жетпіс палуан

 

«Dana kаz» журналының бұған дейінгі сандарының бірінде «Жеңісіне жер алған Жетпіс палуан» атты мақала жарияланған еді. Аталмыш мақалада 19 ғасырда өмір сүрген, Қалқаман тана руынан шыққан атақты Жетпіс палуан жайында жазылып, оның бүгінгі ұрпақтары немесе жерленген жерін білетін адамдар болса хабарласуын өтінген болатынбыз.

 

Осыған орай Жетпіс палуанның Сейфолла Құмарұлы есімді аталас ұрпағы редакциямызға арнайы келді. Ол Жетпіс Бақтыбайұлына байланысты өзі білетін шежірелік деректермен бөлісіп, палуанның жерленген жеріне де бастап барды. Жетпіс палуанның басына орнатылған құлпытастағы араб қарпімен жазылған мәтін оқылып, оның нақты қай жылдар аралығында өмір сүргені анықталды. Аталмыш мәліметтер «Danakаz» журналының бетінде басылды. Сейфолла Құмарұлының арқасында палуанның Орал қаласында тұратын тікелей ұрпағы Жандыр Ғаббасовпен жолығудың да сәті түсті. Жандыр Баязитұлы – атақты алаш қайраткері Ғаббас Жетпісовтың немересі болып шықты. Жандыр ағамыздың әкесі, 1925 жылы туған Баязит Ғаббасұлы көзі тірісінде өз әкесі Ғаббас Жетпісұлының Уфада қызмет атқарған ғимаратына, Сайқұдықтағы палуан Жетпіс атасының зиратына арнайы барып, аталмыш сапарын келер ұрпақ үшін бейнетаспаға түсіріп қалдырған. Ол материалдар бүгінде ұрпақтарының қолында көздің қарашығындай сақтаулы. Сейфолла Құмарұлы ата-баба тарихын түгендеуге келгенде елгезектік танытып, Жетпіс палуанның Ақтөбе облысында тұратын ұрпақтарына да хабарласты. Олардан хат арқылы қызықты дерек алдырды. Төменде Сейфолла ағамыз өзінің шыққан тегіне байланысты айтқан тарихи-шежірелік әңгімелер мен аталмыш хат мәтінін сол күйінде ұсынып отырмыз.

Бөлісу: 

1916

1916

Қайыржан ХАСАНОВ,

ардагер журналист,

өлкетанушы

 

Соналы көтерілісі

 

Белгілі өлкетанушы Қайыржан Хасанов ағамыздың «Соналы көтерілісі» кітабынан ықшамдап беріліп отыр.

DK

 

1916 жылы Орал өңірінде болған ұлт-азаттық көтерілістер

Ресей патшасы Бірінші дүниежүзілік соғыста майдандағы қара жұмыстарға 19 бен 31 жас аралығындағы жігіттерді шақыру туралы 1916 жылы 25 июнь күнгі жарлығына қарсы Орал өңірінің бірнеше болысында халық көтерілісі болды. Шыңғырлау, Бөрлі, Шилі, Қаракөл, Соналы, Өлеңті, Қарабау, Жұбанышкөл, Қараоба, Қалдығайты, Бұлдырты болыстарындағы көтерілістер өз халінше ұйымдастырылды.

Тарих ғылымдарының кандидаты Исатай Насекенұлы Кенжәлиев «Батыс Қазақстан қасыретті жылдары» (Орал. 2000 жыл.) кітабының 31-бетінде: «Орал облысының 50 мыңнан астам азаматы тізімге ілінді. Бұл әрекет ел ішінде наразылық туғызды. Майданға бармаймыз деушілер көбейді. Бөрлі болысында, Шыңғырлау, Тайсойған құмы, Ойыл өзені жағында бас көтерушілер болып, ел арасында толқу басталды» деп жазды.

Беркін Құрманбеков «Орал өңірінің ұлт-азаттық көтерілісі» деген мақаласында (Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газеті. 1993 жыл, 14 қыркүйек) «Патша үкіметінің июнь жарлығына қарсы қатты қарсылық көрсеткен елдің бірі – Соналы болысы болды. «Калмыков қаласына тізім тапсырылады» деген хабарды естіген соң Есенғали Дәуесұлы (дұрысы Сенғали Дәуешұлы - Қ.Х.) бастаған 200-ден астам жігіт №14 ауылдың старшинасы Қ.Жантөліұлының жасаған тізімін тартып алып, өртеп жіберген», - деп жазды.

Бөлісу: 

Иман

Иман

Жәңгір хан және Ислам діні

 

Лаура ТАЙЫРОВА,

Бөкей ордасы тарихи-музей кешені аға ғылыми қызметкер

 

ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында Кіші жүз Ресейдің қол астына өткеннен кейін патшалық Ресей өз үстемдігін орнату мақсатында отарлау саясатын кең түрде қолдана бастады.

ХІХ ғасырдың ІІ жартысында патша үкіметі татар діндарларының қолымен қазақ халқын мұсылмандыққа бейімдеудің оң нәтиже бермегенін түсініп, бұл саясатын өзгерте бастайды. Халықты тілінен, дінінен айырып, орыстандырудың бірден-бір жолы - миссионерлік педагогика жүйесін енгізу еді. Бұл мақсаттың шешуші кілті – орысша білім беретін мектептер екені белгілі. Соған орай патша үкіметі тарапынан мұсылман мектептерін шектеу қолға алына бастады. Бұған негіз болған «ол мектептер халық арасында ислам фанатизмін уағыздайды, содан кейін үкіметке күмән келтіретін қарсы топтардың тууына алып келеді» деген қауіп еді. Оқу ісі министрі граф Д.А.Толстойдың өзі: «Мұсылман мектептерінде дәріс беруді бүкіл орыс халқына өшпенділік дәнін себуші діни фанаттардың қолына беріп қою біздің ең басты саяси қатеміз» - деп есептеген. 

Бөлісу: 

Алаштану

Алаштану

Білімді ұрпақ – тәуелсіз ел тірегі

 

Халқымыздың өз заманындағы зиялы ұлдарын ардақтап, ұлықтау – Тәуелсіздік жылдары алғаш атқарған игілікті бастама болатын. ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысы қазақ халқының ұлт-азаттық күресін жаңа сапалық деңгейге көтеріп, ұлттық санамызды жаңғыртқан, қоғамдағы санамызды сілкіндіріп оянуына жол ашқан басты саяси оқиғалардың бірі ғана емес, бірегейі болғаны анық.

Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында халықтың ұлттық санасын қалыптастыру жөніндегі тапсырмасына орай біршама нәтижелі іс-шара өткізілді және әр жыл сайын маңызды тарихымыздың мән-мағынасынан хабардар ететін игі істер атқарылуда. Осының нәтижесінде болашақта халқымыздың өткенін зерделеп, айтылмай келген ақтаңдақ парақтар қайтадан жазылып, келешек ұрпақ үшін құнды дүниелерді қалдыра алатынымызға еш күмән жоқ.

2016 жылы 26 ақпанда Астана қаласында «Тұран-Астана» университетінде «Жас ғалымдардың білім, ғылым, инновацияға қосқан үлесі» атты VII дәстүрлі ЖОО-аралық жас ғалымдардың, магистранттардың, студенттердің ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді.

Бөлісу: 

Жаңа кітап

«Досалы сұлтан Бұлқайырұлы»

Е.Пугачев бастаған (1773-1775) шаруалар көтерілісі мен Көрінбейтін адам қозғалысына (1775-1776) қатысқан тұлға ретінде белгілі Досалы сұлтанның өмір жолы мен қоғамдық-саяси қызметі бұл кітапта тұңғыш рет тың деректермен, архив құжаттарымен нақтыланып, оқырман қолына ұсынылып отыр. Совет үкіметі кезінде таптық көзқарас тұрғысынан қате бағаланып келген тұжырымдар түзетіліп, қазақ қоғамындағы сұлтандар әулеті, олардың қызметі жөнінде шынайы ақпарат берілген. 

Бөлісу: 

Жаңа кітап

«Әбілмәмбет хан әулеті» (көптомдық)

Еңбек Орта жүз ханы Әбілмәмбеттің ұрпақтарын түгендеп, олардың тағдыры туралы мәлімет береді. Қазіргі Қазақстан, Қытай, Моңғолия мемлекеттері аумағына тарап кеткен бұл әулеттің қазақ халқы үшін қылған қызметі осы жинақта кеңінен баяндалған. Бұл еңбек Совет өкіметі кезінде қазақтың хан-сұлтандарын халық жауы етіп сипаттайтын сыңарезу идеологиядан ада. Монография авторы, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Қият көп жылдан бері қазақтың сұлтандар институтын зерттеп, бірнеше монография шығарған танымал ғалым.

Жоғарыда аталған кітаптарды 87781606207 телефонына хабарласып, жинақ авторы Арман Қиятұлынан тікелей сатып алуға болады. 

Бөлісу: 

Жаңа кітап

«Шеркешнама»

Кіші Жүз ішіндегі шеркеш руының толық шежіресі басылып шықты. Кітаптың көлемі 1215 бет. Кітап авторы Пернебай Дүйсенбин тоғыз жыл бойы Қазақстанның Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Жезқазған, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Ресейдің Астрахан, Волгоград, Саратов, Орынбор аймағын аралап, шеркеш руының осы кезге дейінгі барынша толық шежіресін жинақтаған.

Тарихи-танымдық, деректік, әдеби, суретті кітапта тек он екі ата Байұлының үлкен бір тайпасы – шеркеш руының шежірелік тізбегі ғана көрсетілмеген, жалпы қазақ халқының қалыптасу шежіресі, оның аймаққа, аталыққа топтасуы, ол жөнінде зиялылар айтқан тұжырымдар мен қағидалар келтірілген. Көрнекі тұлғалардың өмірбаяны мен суреті басылып, дуалы ауыз билер мен шешендердің тапқыр сөздері де келтірілген.

Шежірелік кітапты Орал қаласы, Сырым Датұлы көшесі, 3, Автобекет ғимаратынан, 8(711-2)23-70-96 телефонына хабарласып, сатып алуға болады. 

Бөлісу: 

Жаңа кітап

«Күлкі және көз жасы»

Белгілі жазушы, әдебиет сыншысы Тұрсынжан Шапайдың бұл әңгімелер жинағында замана тынысы, қоғам мен адам мінезіндегі құбылыстар, қазіргі көңіл-күй сарындары тосын қырларынан бейнеленіп, әсерлі көрініс тапқан. Автордың уытты тілі мен ұшқыр қиялы сананы сергітеді. «Дос жылатып айтады» деген тәмсілден туындаған шығармалар әр қазақтың жанын сақтап қалсам деп аласұрады. Ызалы күлкі, улы тіл, селебе сатира марғау сананы жарақаттайды, жаралы жанды емдейді.

Бұл кітапты сатып алғысы келетін ағайындар болса, 87028860187, 87059886150, 87475011901 телефондарына немесе «DANAkaz» журналының редакциясына хабарласуына болады.

Бөлісу: 

Тұлға

Тұлға

ЕЛ ЕСІНДЕ САҚТАЛҒАН

 

Совет үкіметі кезін қазіргі жас ұрпақ Қазақстанның басы бұғауда, байлығы талауда болған кезең деп біледі. Алайда сол уақыттың өзінде ел үшін еңіреп қызмет еткен ағаларымыз аз болмаған. Солардың бірі – қазіргі Атырау облысы, Исатай (бұрынғы Новобогат) ауданын ұзақ жыл басқарған Мадияр Қостамбаев.

 

1941-1945 соғыс жылдарында Мадияр Қостамбаев 1 хатшы болған Қазақстанның қиян шетіндегі Новобогат ауданы СССР Қорғаныс Комитетінің Қызыл Туын екі мәрте жеңіп алып, мәңгі ескерткішке алып қалу құрметіне ие болған. Тарихи құжатқа Иосиф Сталиннің өзі қол қойыпты. Бүгінде  сол қызыл барқыт ту облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұр.

...1943 жылы Ұлы Отан соғысының қызып тұрған кезеңі, сәуір айының басында, қиын-қыстау сәтте Мадияр Қостамбаев Новобогат аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланды.

- Біз 1942 жылдың қаңтарында соғысқа аттандық. Майданнан аман оралып, аупарткомға келсем, екінші хатшы ғана бар екен, ол менімен жөнді амандаспай, үлкен үстелдің ар жағынан қолының ұшын ғана ұстатты. Келесі күні біріншіге кіріп жағдайымды айттым. Ол өте ақжарқын, кең пейілді, келісті адам екен, туған бауырындай қарсы алып, сөйлесе бастады. Колхоз басқармасынан бастап әр түрлі қызмет ұсынды. Менің соғыста жүргенде отбасымның да орны жоғалған, күйеуге тиген апамнан басқа етжақыным да жоқ еді. Осыны айтып: «Елге барайын, есімді жинап, етегімді жабайын, шоңқалдың түбі болса да, отымды жағайын, маған бірер ай уақыт беріңіз»- дедім.

Бөлісу: 

Мәдениет

Мәдениет

Музей – асыл мұралар мекені

 

Ақ Жайық өңірі – тарихи жәдігерлерге бай қасиетті өлке. Біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықтарда осы далада көшпенділердің алғашқы тобы пайда болды. Батыс Қазақстан ғұндардың, печенегтердің, оғыздардың, қыпшақтардың, қимақтардың өмір сүріп, өзінің көне мәдениетінің ірге тасын қалаған жерлері болатын. Ал осы ұлы даланың тарихын, мәдениетін, халықтың тұрмыс-тіршілігін баяндап, мол мағлұмат беретін шежірелі орын – Батыс Қазақстан облыстық тарихи – өлкетану музейі.

 

«Қазып тапқан,

Жоғалған жүзден бірін,

Ғасыр өткен, ат-жөнін іздеу қиын.

Бұйымдар тұр музейде, иелері

Өмір сүрген сан ғасыр бізден бұрын» - деп ақын Ақұштап Бақтыгереева жыр арнаған бұл музей – сонау ерте заманнан ата-бабаларымыздан қалған мұраларды сақтап, зерттеп, зерделейтін, келешек ұрпаққа жеткізіп отыратын киелі қарашаңырақ.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі алғашында 1836 жылы Орал әскери училищесі жанында М.Курилин мен Г.С.Карелиннің қатысуымен құрылған. Музей әскери оқу орнында, кейінірек көркем және графикалық факультет, қазіргі уақытта «Пушкин» қонақ үйі ғимаратында орналасқан. 1870 жылы музей Оралдың реальдық оқу орны, қазіргі Ж.Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледж ғимаратына көшірілген. Кейіннен облыстық атқару комитетінің шешімімен музейге XІX ғасырдың соңында орыс-қырғыз мектебіне арнап салынған екі қабатты ғимарат берілді. 2004 жылы ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, зал экспозициялары қазіргі заман талабына сай жабдықталып, «Археология», «Қазақ хандығы және Бөкей хандығы құрылуының тарихы залы», «Қазақстан халқы Ассамблеясының залы», «Тәуелсіз Қазақстан» тарихи залдарымен толықтырылып ашылды. Өткен жылы «Тәуелсіз Қазақстан» залы «Елбасы және Тәуелсіздік» залы болып өзгертіліп, қайтадан жабдықталды.

Бөлісу: 

Мұрағат

Мұрағат

Ұлт һәм туған тіл

(Патшалық һәм бостандық заманында)

Русияда залым патшалар дәурен сүріп тұрған шағында, жалғыз славян ұлты, оның ішінде байлары ғана өзінің барлығын білдіріп, жасай алды. Байлардан шыққан жетіктер Русияда болған түрлі тілде сөйлеуші жүзден аса халықтың әрқайсысының да айырым (дербес – DK) ұлты, ұлтына қарай тұрмысы, білім, өнер барлығын баяндап, кең мағлұматтар таратса да, ғамалға қойылған уағында іс бүтіндей мұның керісінше болып шығып тұрды. Патша хүкметінің ұлттар тұрмысын құрып, оларды көгертіп-көркейтумен ісі болмады; ол әрдайым да халыққа көтере алмастай ауыр салғырттар (салық – DK) салып, оларды өзінің мейірімсіз тырнағында тілегенінше жаншумен болды. Һәм милиондаған халықты, әсіресе шет ұлттарды қалайша қараңғылық пен аңсыз надандықта – өз пайдаларын білместей меңіреу, керектерін сұрай алмастай мылқау етіп, сонымен ғана шұғылданды.

Бөлісу: 

Бастама

Бастама

 

Алаштың 100 жылдығы қалай өтпек?

 

Жақында Орал қаласында «Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай келер жылы Батыс Қазақстан облысында қандай шаралар ұйымдастыруға болады?» деген тақырыппен дөңгелек үстел мәжілісі өтті.

Шара «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің ұсынысымен өтті. Басқосуға тарихшы-ғалымдар, Батыс Қазақстан облыстық өлкетану музейі, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, тарих және археология орталығы, облыстық кітапхана басшылары келіп, өзара ой бөлісті.

- Біз осы кезге дейін редакция құрамында Алаш арыстары қызмет еткен «Қазақстан», «Ұран», «Хабар-Известия», «Қазақ дұрыстығы-Киргизская правда» газеттерін кітап етіп шығардық. 1919 жылы Ордада шығып тұрған «Дұрыстық жолы» газеті де араб әрпінен түгел аударып, жақында кітап болып басылып шығады. Ендігі мәселе – осы деректерді тарихи айналымға енгізу қажет. Өткен жылдары «Жайық Пресс» ЖШС-ның ұсынысымен облыс орталығының екі көшесіне Елеусін Бұйрин мен Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің есімі берілді. Былтыр көктемде сол қос көшеге тұлғалардың суретін, тарихи қызметін жазып бильборд орнаттық, сенбілік өткіздік. Бұл жұмыс алда да жалғасуы тиіс, - деді Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин.

Бөлісу: 

Тылсым

Әулие ана Мәдина

 

Ел арасында көріпкелдігімен, емшілігімен аймаққа атағы шыққан әулие-әмбиелер көп кездескен. Ұрпақ ауысқан сайын олардың есімі көмескіленіп, ұмытыла беретіні де анық. Ал бүгінгі әңгіме қанша заман өтсе де әулиелігі әлі күнге аңыз боп айтылып жүрген «Бір соғар кемпір» атанған – Мәдина әже хақында болмақ.

Әулие әже туралы ел ішіндегі әңгімелерді өлкемізге танымал күйші әрі өнертанушы, әженің шөпшегі Нұржан Сертековтің өз аузынан жазып алған едік.

- Біз шеркештің Жақау деген баласынан тараймыз. Жақаудан Айдабол–Еділбай-Ербол-Бекбол-Шүмбет тарайды. Мәдина әже сол Шүмбеттің кемпірі, Бекбол атамның келіні. Ал Шүмбеттен – Үмбет – Сертек, одан менің әкем Орынғали дүниеге келген.

Бекбол атамның бірінші кемпірінен Дүйсенбі, Сейсенбі, Сәрсенбі, Бейсенбі, Жұма, Сенбі, Жексенбі есімді жеті бала тараған. «Бекболдың жеті қасқыры» деп аталып кеткен әлгі жетеу шетінен ірі, апайтөс батыр болған деседі. Бай әулеттен шыққан атам үш рет қажылық сапарын өтеген үлкен діндар, емшілікпен де айналысқан. Оның ат баптайтын атбегі болғанын да, қыл қобыздың тілін шебер меңгергенін де әкемнің өз аузынан естігем.

Бөлісу: 

Мерейтой

Мерейтой

Таңдағын тапқан тарихтың

 

Қазақстанның батыс өңіріндегі баспасөз тарихын зерттеуші ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанынан құрылған З. Қабдолов атындағы ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Қылышбай Сүндетұлы 60 жасқа толып отыр.

 

2013 жылы Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері шыға бастағанына 95 жыл толуына орай «Жайық Пресс» ЖШС қызметкерлері газет тарихын шолып, оның ғасырға жуық ғұмырын қамтитын жинақ шығаруға бел байлады. Мекеме басшысы Жантас Сафуллиннің жетекшілігімен басылымның алғашқы сандарын табу үшін Мәскеу қаласына сапар шегіп, Ресей архивтерін ақтардық. Кейінірек «Жайық Пресс» ЖШС жанынан Батыс Қазақстан баспасөз тарихын зерттеу орталығын құрып, «Қос газеттің тарихы», «Қазақстан», «Ұран», «Хабар-Известия», «Қазақ дұрыстығы-Киргизская правда» атты кітаптар шығаруға ұласқан жүйелі жұмыс осылайша басталған еді.

Алғашқы кезде біз Қылышбай Сүндетұлын білмедік. Қылышбай ағамыздың Қазақстанның батыс өңіріндегі қазақ баспасөзінің дамуы, қалыптасуы туралы ғылыми еңбектері қолымызға тигенде, иығымыздағы ауыр жүк жеңілдеп сала бергені рас. Өйткені, дәл осы Батыс Қазақстан өңірінде баспасөздің тарихы жөнінде Қылышбай Сүндетұлының алдына шығатын ешбір ғалым жоқ.

- Газет тарихы – оны жасаушылардың тарихы ғана емес, ол сол өлкенің өз тарихы, ел тарихы, өлке адамдарының мәдени, рухани, әлеуметтік-саяси кемелдену тарихы, - дейді Қылышбай ағамыз.

Бөлісу: 

Кемпірқосақ

Кемпірқосақ

 

Мұрат Мансұров,

мүсінші:

 

«Арман мен мақсатың жүзеге асуы үшін еңбек ету керек»

 

Алматыдағы «Тәуелсіздік Монументі» авторлық шығармашылық топтың мүшесі, ҚР Жоғарғы Соты ғимаратындағы «Әділ сот Монументі», ҚР Жоғарғы Соты ғимаратындағы «Фемида» интерьері, Алматы қаласындағы «Фемида», Ақтау қаласындағы «Ынтымақ-Согласие», Астана қаласындағы ҚР Қаржы Полициясы ғимараты алдындағы «Барыс» мүсіні, Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Заң университеті ғимараты алдындағы «Фемида», Астана қаласындағы «Қазақ елі» монументі, Астана қаласындағы «Қазақ хандығының негізін салған Керей мен Жәнібек хан» монументі, Қарағанды қаласындағы «Қазыбек би» ескерткіші, Астана қаласындағы «Мәңгілік Ел салтанатты аркасы» мүсіні, Павлодар қаласындағы «Ш.Уәлиханов пен Г.Н. Потанин» ескерткіші, Астана қаласындағы ҚР Бас Прокуратурасы ғимараты алдындағы «Барыс» мүсіні, Астана қаласындағы «Қобызшы» және «Жетігенде ойнайтын бойжеткен» ескерткіші, Павлодар қаласындағы «Қалижан Бекхожин» ескерткіші, Тараз қаласындағы «Қазақ хандығына 550 жыл. Керей мен Жәнібек» ескерткіші, Астана қаласындағы ҚР Қорғаныс Министрлігінің Әскери-тарихи музейіндегі мүсін, Ресей Федерациясының астанасындағы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының Орталық музейінің» Даңқ залында орнатылған екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің қола мүсінінің авторы, елімізге танымал мүсінші Мұрат Амангелдіұлы Мансұровпен Мәскеу қаласында жолығысып, сұхбаттасудың сәті түсті.

Бөлісу: 

Құлпытас сырын ашайық!

Балықбай бейітіндегі құлпытас

 

Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы Тайпақ ауылдық округіне қарасты Шабдаржап ауылынан батысқа қарай 9 км жерде, Бағырлай өзенінің оң бетінде, «Айбар» шаруа қожалығының қыстауынан 500 метр жерде орналасқан Балықбай көне қорымында сақталған жалғыз құлпытас. Ескерткіш орта тұсынан сынып, құлаған. Тұтас күйіндегі өлшемі: 120х26х18см.

Құлпытастың үш қырына жазу жазылған. Жоғарғы бөлігі жүрек түрінде қашалып, оған қошқар мүйіз өрнек салынған. Мәтін жазуы шығыңқы.

 

«а» беті:

1.    Ұуақ руғының тана

2.    тайфасы Балықбай халалы

3.    Мінсіз Айдынбайқызы офат

4.    8... йашында 1877 йылда

5.    алуб қойды баласы Ақтан

6.    (ру таңбасы)

 

Оң жақ қыры:

1.    Келуб қабрін

2.    зиярат

3.    айдан

4.    ихуан

5.    Қылылар

6.    рухына фатиха

7.    ихсан

 

Сол жақ қыры:

1.    Лә илаһа

2.    Ил-Алла, Мухаммад расул

3.    Алла ...

4.    ...

5.    ...

Бөлісу: 

Құлпытас сырын ашайық!

Тайпақтағы көне қорым

 

Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылдық округіндегі көне қорым. Тайпақ (бұрынғы Калмыков) селосының оңтүстік-батыс бетінде, томпақ ауылына қарай орналасқан. Қорымды тауып, суретке түсіріп жолдаған – Тайпақ ауылының тұрғыны Асан Нұржанов.

 

№1 құлпытас

Тігінен тұрған, басы доғал құлпытас. Жоғары бөлігіне жаңа туған айдың суреті ойып салынған. Оның айналасындағы жазу оқылмайды. Одан төмен араб әріптерімен мынадай мәтін жазылған:

1.    Қазан губер-

2.    насы Алуғ-

3.    Жакар аулы

4.    Латифа

5.    Ахад қызы

6.    Исмағил

7.    жамағаты офат

8.    1922-нчі йыл

9.    19-нчы ағусы

10. ... (топырақ астында қалған)

 

Түсініктеме: Құлпытас татар ұлтына қойылған. Татар халқының дәстүрі бойынша, марқұмның руы емес, туған жері, мекені жазылады. Ахатқызы Ләтифа Исмаилқызы 1922 жылы 19-тамызда дүниеден өткен екен. Неше жаста болғаны топырақ астында қалса керек.

 

№2 құлпытас

Тігінен тұрған, басы доғал құлпытас. Сақталуы өте жақсы. Ескерткіштің ең жоғарғы бөлігінде өсімдік тектес ою-өрнек қашалған.

1.    Қазан уалаяты Лутши

2.    Закар аулының Ғали

3.    Ахмад Ғабдуллаһ

4.    ұғлының халал

5.    жафаты Куй-Жамал

6.    Исмағил қызы дара-

7.    л-фанадан дәрал-бақайа

8.    рихлат айлады

9.    49 йашында

 

Түсініктеме: Бұл құлпытас та татар әйеліне қойылған. Исмағилқызы Күй-Жамал Ғалиахмад Ғабдуллаұлының зайыбы 49 жасында өмірден өткен. «Дарал-фанадан дарал-бақайа рихлат айлады» дегеннің мағынасы – «уақытша өмірден мәңгі өмірге сапар шекті» дегенді білдіреді.

Бөлісу: