1916

1916

Әкемнің әңгімесі

 

Киікбай Молдағалиұлы,

Алматы қаласы

 

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ресей өкіметі қазақ сияқты бұратана халықтарды солдатқа алмай, оның орнына окоп қазу немесе басқа да жұмыс қолы қажетті деген кәсіпорындарға қара жұмысқа жеккені аян. Жас бозбала кезінде сол қара жұмыстың бар ауыртпашылығын ересектермен бірдей атқарып қиыншылығын көзімен көрген әкем Молдағали Ерболатұлының айтқан әңгімесін жазып отырмын.

 

Біз Тана тайпасының Асан руына оның Тілеу бөліміне жатамыз. Тілеу бабамыз атадан жалғыз екен, оның баласы Жанмырза да жалғыз. Ал Жанмырзадан үш ұл – Есенгелді, Итемген және Сүтемген тараған. Бөкей ордадан кезінде Байұлының бас биі болған үлкен атамыз Есенгелді тархан 1819 жылдары 1611 үй таналарды ішкі Бөкей беттен Жайықтың далалық жағына өткізіп, Жайық өзенінің бойындағы бұрынғы Тайпақ ауданына қарасты Қыдырбай төбесі деп аталатын ауылдан Қадырғұл елді мекеніне дейінгі жерге, одан әрі Өлеңті, Аңқаты, одан солтүстікке қарай бір шеті Шыңғырлауға дейін созылып жатқан жерді жайлаған екен. Осы деректер «DANAkaz» журналында басылған тарихшы Жәнібек Исмурзин жариялаған құжаттарда анық келтірілген.

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан кейін біздің әулет кедейленіп, Итемген, Сүтемген ұрпақтары түгелдей және Есенгелдіден біразы ғана Жайықтың шығыс бетін (нақтысы бұрынғы Котельный – Жаманқала және Круглый – Қырық арба елді мекендеріне қарсы бет) тұрақты қоныс етіп отырған.

Атақты «Дала низамына» қарсы шығып, патша өкіметінің қазақтардың шұрайлы жерлерін казактар мен қарашекпендерге тартып алып беруіне белсенді қарсылық көрсеткендердің ішінде Жанмырза ұрпақтары да болған. Мысалы, Шонан баласы Сейітбай атамыз туыстарымен көтерілісшілер сапында болған екен. Патша әскерінен қатты қысымшылық көрген көтерілісшілердің біразы шет мемлекеттерге қоныс аударуға мәжбүр болған. Солардың бірі - Асан тана Жалмұқан палуан бастаған қырық азамат үй-ішімен патша жендеттерімен шайқаса отырып шет ел ауып кеткен. Олардың көші талай-талай қиыншылықты бастан кеше отырып Сирияның орталығы Дамаск шахарының маңына барып қоныстанған. Оларды қажылыққа барған Меңдіқыз деген апамыз 1911 жылы тауып, өз көзімен көріп қайтқан екен. Ондағы қазақтар елден кеткендеріне елу жыл болса да арабтармен араласпай, өз алдына бір ауыл болып отыр екен деп айтып келіпті.

Әкем Молдағали Жалмұқан палуан бастаған көштің Сирияға жеткенше жолда көрген қиыншылығын бізге айтып кеткен болатын. Бала кезімізде ол оқиғаларды ертегідей көретінбіз. Шынында ол болған жайттар екен. Ол аса жария етілмейтін. Осыдан кейін Жанмырза әулеті патша әкімдерінің қырына мықтап іліккен тұқым есебінде танылған. Жанмырза ұрпағының Совет үкіметінен де шеккен азабы жетерлік. Мысалы, Бисен атамыздың патша кезінде жоғары оқу орнын бітірген екі ұлы – жоғары білімді ауыл шаруашылық маманы Ізни мен адам дәрігері Бақтығали (Бақыш) 1937 жылдары атылып кетті. Ал Бисеннің үлкен баласы Нұрғали атамыздың үй-іші ХХ ғасырдың орта шенінде Солтүстік Қазақстанға жер аударылды.

Сөз басындағы оқиғаға оралсақ, 1916 жыл келіп, қазақтарды қара жұмысқа алғанда, біздің әулеттен біраз адам сол жұмысқа айдалған. Олар Бұйра баласы Мұханбетжан атам, Аманғали деген немере ағайынымыз інісімен және басқалар. Әкем Молдағали сол кезде 16 жаста екен. Атам Ерболат оған: «Сенің бойың ірі, үйленген ағаларыңның орнына сен барасың» депті. Сөйтіп, Молдағалидың жасын 19-да деп жаздырып жіберсе керек. Қара жұмысқа атам Ерболаттың туған құдасы руы Алаша Олжай Қонақбай ұлы Иманғали да кіші баласы Құмармен бірге барған. Сол кезде Иманғали құданың жасы 51-де, ал Құмардың жасы 18-де болыпты. Екінші Николай патшаның 1916 жылғы 25 маусым жарлығы бойынша қара жұмысқа 19 бен 43 жастың аралығындағылар алынған ғой. Бұл қалай десек, мұның мәнісі – Иманғали 21 жастағы баласы Омарға әкемнің туған қарындасы Бибіжанды жастай атастырып, әрі қалыңын төлеп қойған екен. «Егер екі балам қара жұмыстан келмей қалса, ұрпағым үзіліп қалады» деген оймен құдамыз кіші баласы Құмар екеуі кетіпті. Келер жылы көктемде патша тақтан құлап, елде аласапыран басталғанда жігіттер елге жаяу жалпылап қайтқан. Жолда Иманғали қатты науқастанып, жүре алмай, баласы Құмар оны бағып қалыпты. Иманғали ақыры қайтыс болған. Ал Құмар содан хабар-ошарсыз кеткен. Мұны айтушы – Иманғали шөбересі, Тайпақ ауылының тұрғыны Серік Омаров. Бұрынғы Қадырғұл, Құбаша, Базартөбе ауылдарының алаша руларынан да көптеген адамдар қара жұмысқа ілініпті. Мысалы, Алаша Сабаз Оразбек, Сәлім, Жанғали, Бадрақов Сәрсенғали т.б.

Қара жұмысқа алынғандарды қараша айының аяғы мен желтоқсанның бас кезінде нағыз қара суықта жаяу-жалпы Жайық бойындағы ауылдардың үстімен айдапты. Бұларды айдап апара жатқан солдаттар көлікте. Қазақтар аш-жалаңаш, өңшең жоқ-жітік кедейлер. Шаршап-шалдыққандар легі бір-екі шақырымға дейін шұбатылып кетеді екен. Ішетін тамақ та жартусыз, қонаға жеткен жолдағы үйлер қондырмайды, тонайды деп қорқады екен. Шынында аш адамдар жолдағы кездескен үйлердің шоландарын бұзып, тамақтарын тартып алып жеп келе жатады. Жолда аштықтан, суықтан өлгендер болыпты. Бұларды жаяу Астраханға дейін айдап апарыпты. Біздің бұрынғы үшінші ауылдан (Бәлніс төбесі) Астраханға дейін шамамен есептегенде кемінде 600-700 шақырым болар деймін. Астраханда бәрін балық зауытына жұмысқа салыпты. Аш келгендер балық зауытына іліккен соң тойынып, жағдайы түзеліпті. Мұханбетжан атам ағаш шебері еді. Ол зауытта бөшке жасаумен айналысыпты. Әкем басқалармен бірдей кемелерден балық түсіру, оны сою, тұздап бөшкелерге салу жұмысында болыпты. Астрахан зауытындағы қара жұмыста Кавказдан ингуштер және басқа халықтар да болған көрінеді. Ингуштер – кілең ірі жас жігіттер, тамақтары тойынған соң, күш қуаты бойына сыймай, қазақтар жататын терезесі сығырайған барактардың терезесін күн көзінен тасалап отырып алады екен. «Егер бізбен күреспесеңдер сіздерге күннің көзін көрсетпейміз» дейді екен. Қазақтар жағы жүрексініп, ешкім шыға қоймапты. Қарттар жағы «бұлай қараңғыда отыра алмаспыз, сен бала, күресуге икемің бар сияқты, сен не де болса күреске шық» деп менің әкемді ортаға шығарыпты. Алғашында жас шамасы өзінен үлкен ингушпен күресіп, оны алып ұрып, басынан аттапты. Содан олар намыстанып, әлгі жігіттен де мықты күресетінін шығарған екен. Ол да әкемен жығылыпты. Содан ингуштер өзара шуылдасып, «Османды әкеліңдер» деп соған біреуін жұмсап, шақыртып алыпты. Әкем айтатын: «әлгі Осман дегені – бойы үлектей, жауырыны қақпақтай зор кісі екен» деп. Енді не де болса шегінуге болмайды деп екеуіміз ұстаса кеттік дейді. Мен жас болдым да, әкемнің қалай күресетінін көргенім жоқ, бірақ үлкендердің, әкемнің құрдастарының айтуынша, өте мықты палуан болыпты. Ерекшелігі – аса шапшаң, шалт қимылдайтын, әдісқой екен. «Османмен ұстаса кеткенде шапшаң қимылдап, белден қапсыра құшақтап, іштен орап, шалып жықтым» дейтін. Бойы зор адам кескен теректей гүрс етіп құлапты. Көз ілеспес мезетте болғаннан жұрт не болғанын да аңғара алмай, тек Османның жерде сұлап жатқанын бір көрсе керек. «Осыдан кейін біздің көзіміз ашылды. Барағымызға күннің сәулесі түсетін болды. Ингуштармен достасып араласып кеттік» дейтін.

Балық зауытында жүргенде және бір татар палуанымен күрескенін айтып еді. «Кілең жігіттер ермек қылып, күнде күресіп жатамыз. Бір күні маған қарсы бойы аласа, денесі шағындау бір татар жігіті шықты. Әлгіні онша менсініңкіремей, ұстасқан бойда иықтан асыра лақтырып жіберсем, ол аяғымен жерге дік ете түседі. Қайта ұстаса кетіп, тағы лақтырсам, тағы да аяғымен түседі және әр лақтырған сайын менің екі бүйірімнен терімді жыртып, жарақаттап кете береді. Сүйтсе, ол белге байлаған арқанмен бірге менің терімді қоса қысып ұстайды екен. «Енді үшінші рет ұстасуға шыққанымда бір қарт айқайлады – сен оны енді лақтырма, қапсырып тыпыр еткізбей құшақта да үстіне құлай кет,- деді. Солай етіп астыма басып жықтым» дейтін.

Әкем атақты тана Жүсіп палуанды «нағашым» дейтін еді. Менің әжем, яғни әкемнің анасы Сыпайы – Жүсіптің қарындасы болса керек.

Астраханда болғанда кездескен тағы бір ерекше нәрсе – жаңбыр қатты жауғанда жағада жатқан үлкендігі аударылған қайықтай балықтың кепкен қаңқасының ішіне бірнеше адам тығылатынбыз деп. Ол қандай балық екені белгісіз.

Әкеміз қара жұмыстан елге келер жылы көктемде қайтыпты. Холера, іш сүзегі аурулары шығып, жолай талай адам қайтыс болыпты. Иманғали құда мен баласы Құмардан басқа біздің немере ағайынымыз Аманғали да інісімен бірге осы жолдан оралмаса керек. «Қара жұмысқа» алыну батыс қазақтарының басынан өткерген алапат қиыншылақтың бастамасы сияқты. Осыдан соң «орыс босқан», 1921 және 1926 жылғы елді жайлаған аштық жылдары, 1928 кәмпескелеу дегендер бірінен соң бірі жалғаса берген. Осы күнгі өсіп келе жатқан ұрпағымыз осындай қиыншылықтардан аман болса екен дейміз.

Бөлісу: