1 (25) 2016

Редактор бағаны

Ар ма, ағайын!

 

Міне, жаңа жылдың жаңа санын да қолымызға алып, қайта жүздесіп отырмыз. Мың-сан басылым, қызыл-жасыл газет-журнал арасынан бізді таңдап, бізге тоқтағаныңызға бек разымыз. Рахмет!

Бұдан бұрын уәде еткеніміздей, биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың 100 жылдығына арнайы айдар ашып, алғашқы мақаланы ұсынып отырмыз. Шынына келгенде бұл қозғалыс – ХХ ғасыр басында қазақ қоғамында әбден пісіп-жетілген азаттыққа, тәуелсіздікке ұмтылыстың басы еді. Осы жолда қаншама арыс қан төкті, Алаштың азаматтары басын бәйгіге тікті. Сол ардагерлердің ерлік жолын, азаматтық үлгісін әрдайым насихаттау – біздің басылымның басты мақсаты.

Биыл «DANAkaz» бетінде отбасы құндылықтарын насихаттайтын, салауатты өмір сүруге шақыратын мақалаларды да жүйелі жарияламақ ниеттеміз. Отбасы, шаңырақ – киелі ұғым, Отан отбасынан басталады, Үлкен Отан – шағын-шағын отбасылардан құралады. Сондықтан отбасы жарастығы, шаңырақ шаттығы – ұлан-ғайыр еліміздің де тыныштығы мен берекесі деген сөз. Ел ішінде, өз жаныңызда жүрген осындай ісі үлгі отбасыны көрсеңіз, бізге мақала жолдаңыз – жақсының жақсылығын жария етейік! 

Бөлісу: 

Болашақ

Болашақ

 

Нұрсұлтан Мәуленұлы,

Ардахан университетінің студенті,

Түркия Республикасы:

 

«Қазақ жастарына мүмкіндік көп!»

 

Бүгін Халықаралық «Меулана» грант бағдарламасы бойынша Түркия мемлекетінің Ардахан қаласында оқып жүрген жерлесіміз Нұрсұлтан Мәуленұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.

 

- Әңгімемізді танысудан бастасақ?

- Мен1996 жылы 10 сәуірде Ақтөбе қаласында дүниеге келдім. Әкем - Мәулен Идрисов, Ақтөбеде орман шаруашылығы бөлімінің жетекшісі, анам - Ақниет Ауханова, №45 жалпы орта білім беретін мектебінде математика пәнінің мұғалімі. Санжар есімді ағам өз отбасымен Алматы қаласында тұрады. Ал қарындасым Аружан - мектеп оқушысы. 2013 жылы жолым болып Орал қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-дың филология факультетіне оқуға түстім. 80 жылдан астам тарихы бар киелі білім ордасынан талай мықты, елге сыйлы, халыққа танымал тұлғалар түлеп ұшқаны бәрімізге белгілі. Қазіргі таңда «академиялық ұтқырлықтың» арқасында Түркияның Ардахан университетіне 1 семестрге ауысып кеп, түркі тілдері бөлімінің 3 сыныбында оқып жатырмын. Осы бағдарламамен оқуыма қол ұшын берген ұстазым Нұрсәуле Кәкімжанқызына алғысым шексіз.

Бөлісу: 

Өлкетану

Өлкетану

Үкі би және оның заманы

 

Жәнібек Аллаярұлы,

тарих ғылымдарының кандидаты

 

Отандық тарих ғылымын зерттеуде өлке тарихының орны ерекше. Себебі, біртұтас қазақ тарихының өзі өлке тарихын танудан бастау алады. Олай болса, өлкетанудың өзекті ұстанымдарын анықтап, оның ақтаңдақ беттеріне қалам тарту бүгінгі уақыт талабы. Соның ішінде осы өлке үшін, оны кейінгі ұрпағына мирас ету жолында жанкешті еңбек етіп, халқының талайлы тағдыры таразыға тартылғанда төрелік танытқан батыр бабаларымыздың, дана билеріміздің, абыз ақсақалдарымыздың, халқының қазығы болған ұлы хандарымыздың өнегелі өмір жолын, ел есінде сақталған ерлік һәм елдік істерін танып білу, оны бүгінгі ұрпаққа жеткізудің маңызы зор.

 

Сөз басы

Міне, осындай тұғырлы тұлғалар қатарында Үкі би есімін ерекше айтуға болады. Ол ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Кіші жүздің қоғамдық-саяси өмірінде көзге түсіп, ел істеріне белсенді араласқан, сол тұстағы мұрағат деректеріне есімі таңбаланған тұлға. Оның қызметі атақты Сырым батыр заманынан бастау алып, Айшуақ, Жантөре, Шерғазы, Бөкей хандардың, Қаратай, Орман, Арынғазы сұлтандардың ел басқару кезіндегі күрделі де қым-қуыт тарихи оқиғалармен байланыста дамыды. Осыған орай халық жадында әртүрлі аңыз-әңгімелерге өзек болып келген Үкі би тарихын қағазға басылған жазба құжаттар арқылы саралау, оның ғұмырнамасын бір арнаға түсіріп, саяси келбетін, бітім-болмысын ғылыми тұрғыдан тануға ықпал етеді.

Сонымен өлке тарихында өзіндік ізін қалдырып, есімі ел есінде сақталған Үкі би туралы не білеміз? Оның аты тарихта қалайша қалды?

Бөлісу: 

1916

1916

Елдің батысындағы көтерілістер

 

Тұяқбай РЫСБЕКОВ,

тарих ғылымының докторы, профессор,

Қазақстан гуманитарлық ғылымы академиясы академигі,

Қазақстан Жоғары мектеп академиясының корреспондент-мүшесі

 

1916 жылғы патша жарлығы мен оның отарлаушылық саясатына қарсы басқа «бұратана халықтар» сияқты қазақ халқы да жаппай көтерілгендіктен, бұл көтеріліс жалпыхалықтық ұлт-азаттық сипатқа ие болды. Қазақстанның барлық аймағындағы сияқты бұл көтерілістің ошақтары Батыс Қазақстан жерінде де орын алды. Сондықтан да кезінде жарияланып, бірақ әртүрлі жағдайлармен ескерілмеген, болмаса, ұмыт қалған материалдар мен архив документтеріне сүйене отырып, елдің батысындағы 1916 жылғы көтерілістің кейбір беймәлім беттерін ашқалы отырмыз. Жарияланып, ескерусіз қалған материалдар қатарына Бөкей ордасындағы көтерілістің ұйымдастырушыларының бірі – С.Меңдешовтің мақаласын («Екпінді құрылыс», 1936 жыл, 18 маусым); сол жердегі көтерілісті көріп, Ордадан қара жұмысқа алынып, Минск түбінде Ә. Бөкейхановпен кездескен Ғ.Сарыбаевтың («Екпінді құрылыс», 1936 жыл, 18 қыркүйек); Орал облысында болған көтерілісті көзімен көріп, қара жұмыстың тізіміне іліккен Қ.Байдосовтың («Екпінді құрылыс», 1936 жыл, 3-8 қыркүйек) және Батыс Қазақстан жеріндегі көтерілісті өз көзімен көргендер – Б.Қаратаев, Ә.Ипмағамбетов, Орал реалдық училищесі оқушыларының мақалаларын атауға болады.

Бөлісу: 

Өскен өлке

Өскен өлке

Есенаман тауы

 

«DANAkaz» журналы 2014-2015 жылдары оқырмандар арасында «Өскен өлке тарихы» атты байқау ұйымдастырып, өткен жылдың соңғы нөмірінде қорытындысын жариялаған еді. Бірақ байқау жалғасады, редакция өлкетанушылардың, жас оқырмандарымыздың туған жердің тарихына қатысты тың деректері бар мақалаларына әрдайым көңіл бөліп, төрден орын беруге даяр. Хат жазыңыздар, мақала жіберіңіздер!

DK

 

Балабақшаға барып жүрген бүлдіршін шағым. Тәрбиеші Меңдібике апай бізді құм үстінде ойнатқанда төрт түліктің ізі қалай түсетінін үйретіп, ертегі-әңгімелер айтып береді.

Ол сұқ және ортаңғы саусағын ортасынан бүге құмға батыра қойса, қойдың ізі пайда болғандай еді. Ал екі алақанын білекке жақын тұсынан жанастыра, саусақтарын доға пішінінде бүгіп басса, құм бетінен аумаған түйенің ізін көресіз.

Меңдібике апай жаздың жайма-шуақ бір күнінде «Бүгін Есенаман тауына барамыз. Түскілікті сонда, далада ішеміз» деп, біз үшін телпегімізді аспанға атқандай қуанышты хабар айтты. Сірә, «Есенаман тауы» деген атауды осы жолы алғаш рет естіген шығармын. Кідірмей балабақша жанына автобус келіп тоқтай қалды. Көлік толы бүлдіршін «Еліміз қандай көңілді, Жеріміз қандай көңілді, Жырлаймыз шаттық өмірді» деп қосыла шырқап, Есенаман тауын бетке алып, зырлай жөнелдік.

Бөлісу: 

Тағзым

Тағзым

Ұзақ күйшіге кесене тұрғызылды!

 

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Аққозы ауылдық округіне қарасты Ақтұлым мекенінде дәулескер күйші-композитор Ұзақ Мырзабайұлына кесене тұрғызылды.

«ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың ортасында өмір сүрген Ұзақ күйші төкпе күйлердің орындалу мәнерінің негізін қалаушылардың бірі. Күй атасы Құрманғазының ұстазы.Тегі Кіші жүз Байұлы бірлестігіне кіретін Сұлтансиық алаша руындағы Барамықтың Сырлыбайы. Ұзақ күйші Сағырбайдың үйінде болғанда кішкене Құрман 13-14 жаста болған дейді. Ұзақ өзінің «Ұзақ Ақжелең» күйін тартқанда жас Құрманғазы сол күйді аудармай тартып беріп, Ұзақтан бата алған. Кейін күйші ұстазына арнап «Ақжелең» күйін шығарған. Бізге жеткен «Ұзақ Ақжелең» күйінің авторы. А.Жұбанов бұл күйді нотаға Дина Нұрпейісованың тартуында түсіріп, «Құрманғазы» атты кітапқа енгізген. Ұзақтың зираты Қаратөбе ауданының Аққозы ауылдық округі аумағындағы Ақтұлым қорымында. Округ орталығы Қоржын ауылында ұрпақтары тұрады» делінген Қаратөбе ауданының тарихи-танымдық анықтамалығы кітабында.

Бөлісу: 

Алақай

 

Гүлнұр Әсетова – Орал қалалық жалпы білім беретін №12 орта мектебінде оқиды. Оқуда озат. Бос уақытында өлең жазуға талаптанып, қолөнермен айналысқанды ұнатады. Ол жақында әжесіне әдемі, жылы мойыншұлық тоқып берді.

 

Ақ мамама

Күнім менің, ақ мамам,

Жырым сізге арналар, –

Жырдың аты – Жан әжем!

 

Әжем менің – алтын ғой,

Сөзі әжемнің жарқын ғой, –

Ойлағаны асыл ой.

 

Ізгі қасиет бойында,

Жақсы ниет ойында, –

Шаттанады тойында.

 

Атама

Талай түсіп тағдырдың талқысына,

Келдің, ата, сексеннің алтысына.

Жастайыңнан айырылдың ата-анадан,

Соғыс пенен қиындық қатарлаған.

Армандаудан әрдайым жалықпадың,

Тайсалмадың, таймадың, қамықпадың.

Қиындықты жеңіп шыққан қақырата

Сен бізге мақтанышсың, батыр ата!

 

Расул ініме

Міне, бүгін туған күні інімнің,

Арнайыншы бір бөлшегін жырымның.

Бақытты бол, әрдайым да аман жүр,

Ата-анаңның ақ үмітін ақтап жүр.

От боп жанған көздерің,

Былдырлаған сөздерің,

Құлағыма жағады

Сыңғырлаған тәтті үнің.

Гүлнұр Әсетова,

5 сынып оқушысы

Бөлісу: 

Алақай

Алақай

Өнерлі өрендер

 

Нұрила Фархатқызы Орал қаласындағы № 44 жалпы білім беретін орта мектебінің З «д» сыныбында оқиды.

 

ОТАН

Отан – атамекенім,

Өмір сүрген жерлерім.

Бабалардың мирас қып

Ұрпағына бергені.

 

Мен Отанды сүйемін,

Отан деп отқа күйемін.

Байтақ жердің иесі

Халқыма бас иемін.

 

Адамның жүрегі

Өмір өтеді

Жылдар келеді.

Айлар мен күндер

Өтіп кетеді.

 

Адамның жүрегі

Дүрсілдеп жүреді.

Тіршілік ғұмырда

Көп нəрсе біледі.

Нұрила Беркін,

3 сынып оқушысы

Бөлісу: 

Алаштану

Алаштану

 

Мемлекет және қоғам қайраткері Мәжит Шомбаловты білеміз бе?

 

Альфия БайбОлсЫнова,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Айдана Дүзбасова,

тарих мамандығының 2 курс студенті,

Орал қаласы

 

Мәжит Шомбалов деген кім?

ХХ ғасырдағы 70 жыл үстемдік құрған Совет дәуірі кезеңінде денсаулық сақтау ісін ұйымдастырудың басында болған, халықтың саулығы үшін жан аямай еңбек сіңірген қоғам қайраткерінің бірі, бірегейі – Батыс Қазақстан өңірінің тумасы, қоғам қайраткері, білікті және қазақ даласындағы алғашқы дәрігерлердің бірі Мәжит Мұхамеджанұлы Шомбалов. ХХ ғасырдың басында европалық білім алған көкірегі ояу, зиялы азамат ел үшін қызмет жасап, мемлекеттік деңгейдегі лауазымды жауапты қызметтерді атқарып, кемелденген шағында 1930-40 жылдары саяси қуғын сүргіннің құрбанына айналды. Ол шыққан тегі, ауқатты әулетіне қарай, сонымен бірге ел ішіндегі өзге қазақ зиялылары, әсіресе, Алаш зиялыларымен қарым-қатынасы үшін сан түрлі жауапқа тартылды.

Мәжит Шомбалов - обаға қарсы күрескен алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Республикада дәріхана жүйесін қалыптастырудың негізін қалаушы [1, 531 б]. Қазақстанда Кеңес үкіметін орнатуға атсалысқан қайраткер. Балалық шағынан бастап білімге құштар азамат, бар өмірін халыққа қызмет етуге арнады. Бірақ, бір өкініштісі, оның өмір сүрген кезеңі қазақ зиялылары үшін ең ауыр жылдар еді. Ең қауіпті, жұқпалы аурулардың көзін жоюмен айналысқан, халықтың денсаулық жағдайы үшін бірнеше аурухана, дәріханалар жүйесін қалыптастырған, алғаш рет қазақ жерінде «Ана мен бала орталығын» ашқан, балабақшалар ашқан, еліміздің ірі медициналық оқу орындарының негізі қалануына үлес қосқан еңбегі бір-ақ сәтте теріс бағаланып шыға келді. Бірнеше рет тергеуге алынып, екі рет түрмеге отырды. Рухы мықты азамат өзінің кінәсіздігіне сеніп, ақталып шығарына кәміл сенген еді. Бірақ, түрмедегі ауыр жағдай оны қатты қажытты, денсаулығы сыр берді. Бізге жеткен мәлімет бойынша, Мәжит Мұхамеджанұлы шындық үшін қанша күресіп бақса да, сол кезеңдегі басқа да Алаш қайраткерлері сияқты жазықсыз айыпталған күйі 67 жасында Саратов түрмесінің ауруханасында көз жұмды [2,38 б]. Өкінішке орай, жерленген жері де әлі күнге белгісіз күйде қалып отыр. 

Бөлісу: 

Жаңа кітап

«Халық мұғалімі Абишев Даулетияр»

Өлкетанушы, ардагер журналист Қайыржан Хасанов ағамыз жаңа кітабын жарыққа шығарды.

 

Бұл жинақта Жымпиты өңірінде дүниеге келіп, балалық шағын Құлшық көлінің жағасында өткізген, еңбек жолын Батыс Қазақстан облысынан бастап, Қызылорда облысының Сырдария ауданы, бұрынғы Ленин атындағы колхозда (қазір Аманкелді ауылы) аяқтаған Дәулетияр Әбішев (1889-1959) пен оның ұрпақтары жайлы баяндалған. 

Бөлісу: 

Жаңа кітап

«Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны»

 

Өткен жылдың 29 желтоқсан күні Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық орталықтандырылған кітапханасында «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» атты кітаптың таныстырылымы болды.

2015 жылдың күзінде осы ауданда Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» атты ғылыми-танымдық конференция өткен болатын. Оралдағы «Полиграфсервис» ЖШС баспаханасынан жарық көрген аталмыш кітапқа осы конференцияның материалдары енгізілді. Атап айтқанда, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин, Ақжайық ауданының құрметті азаматы, өлкетанушы, зейнеткер Әленғали Керейтегі және басқалардың зерттеулері мен ой-толғамдары орын алған.

Аудан әкімі Әділ Жоламановтың тапсырмасы бойынша бұл кітап аудан көлеміндегі барлық кітапхаға және барлық мектепке таратылатын болды. 

Бөлісу: 

Жаңа кітап

Жаңа кітап

 

«Алаш автономиясының әскері»

 

Алаш қозғалысы тарихын бірнеше жылдан бері зерттеп жүрген журналист Болат Мүрсәлім жақында «Алаш автономиясының әскері» атты кітаптың тұсауын кесті. Кітап 1000 дана тиражбен Алматы қаласындағы «Баспа-сөз» баспасынан жарыққа шыққан.

 

Жаңа кітапта Алашорда үкіметінің 1917-1920 жыл аралығында большевиктердің бүліншілігінен қазақ халқын қорғау үшін әскер құрғанын, бастапқыда 13500 адамнан тұратын милиция болады деп жоспарланған құрылымның азамат соғысы жылдарында тұрақты атты әскер полктеріне айналғаны жазылған. Басылымда бұрын көпшілікке таныс бола қоймаған жаңа суреттер жарияланған.

Бөлісу: 

Жаңа журнал

«Исатай-Махамбет» журналы жарық көрді

 

2015 жылдың соңында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен «Исатай-Махамбет» ғылыми-педагогикалық, тарихи-әдеби, ақпараттық-танымдық журналдың тұсауы кесілді.

 

Журналдың бас редакторы - М. Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры, п.ғ.д., академик Асхат Иманғалиев. Басылым жылына үш рет жарық көрмек. Журналдың ақылдастар алқасының құрамына жергілікті ғалымдармен қоса, жақын және алыс шет елдерден де ғалымдар тартылды.

«Исатай-Махамбет» журналын шығарушылардың басты мақсаты – бабаларымыз жөнінде кейінге ұрпаққа мейлінше мол мәлімет көздерін ұсыну, ақиқатқа жүгіне отырып, барынша көбірек дәйекті деректер беру. Қабыл алыңыз! Баршамызға Исатай, Махамбет бабалар рухы жар болғай!», - деп тұжырады.

Журналдың алғашқы санында ақын А.Бақтыгерееваның «Махамбет жайлы ойлансаң,..» медицина ғылымдарының докторы, профессор Қ.Ә.Әбисатовтың «Махамбет ғұмырнамасының беймәлім беттері», Ардахан университетінің профессоры Сөйлемез Орхонның «Махамбет өлеңдеріне қатысты кейбір пікірлер», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, т.ғ.д. А. Ахметтің «Исатай мен Махамбетті Жайықтан өткізген Құрақ Маябасов хақында», ф.ғ.д., профессор М.Б.Сабырдың «Махамбет жырлары – тарихи лексиканың дерек көзі», Жәңгір хан атындағы БҚАТУ профессоры, филос. ғ.д. Т.Х. Рысқалиевтің «Махамбет жырларының философияға қатысы», т.б. ғылыми-танымдық мақалалар ұсынылған. 

Бөлісу: 

Қандастар

Қандастар

Ноғайлының елінде

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

журналист

 

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Залимхан аға бізге – қазақ бауырларына құрметтің ең үлкенін ойластырғанға ұқсайды. Жан-жақтан жиналып жатқан көмекшілеріне түрлі тапсырма беріліп жатты. Көп кешікпей бірнеше көлікке бөлініп отырып, ауылдың сыртына бет алдық. Сөйтсек, әсем табиғат аясында әдемі оюлы киіз үйді арнайы тігіп қойған екен.

 

Термедегі йыр

Тереклі Мектеб ауылының табиғаты керемет екен. Жаздың соңы болса да жап-жасыл болып жайқалып тұр. Біз бірнеше көлікпен, барар жерімізге әлдебір судың басын айналып жеттік.

Киіз үйді ноғайлар «терме» деп атайды екен. Қазақы үйден айырмашылық байқамадық. Киіздің сыртынан қошқар мүйізді қызыл-жасыл оюлы ақ матамен қапталған. Алыстан әдемі көрінгенімен, киіз үйдің сүйегі де, киізі де әбден тозғаны байқалды. Оның үстіне үй құрушылардың шалағайлығынан шығар, шаңырағы дәл ортаға түспей, бір жағына қисайып кетіпті. Дегенмен, ноғай бауырлар бізге ерекше құрмет көрсетті. Арнайы қой сойыпты. Киіз үйдің айналасында адам қарасы көп болса да, ішке, құрметті дастархан басына тек йасикондар ғана келді.

Тереклі Мектебке келгеннен-ақ: «Ноғайда жыр айту дәстүрі сақталған ба? Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз жыраулардың шығармаларын домбыраға қосып айтатын адамдар бар ма?» деп сұрағанбыз. Залимхан аға: «Жыршымыз бар. Азырақ сырқаттанып, ауруханаға түсіп қалыпты. Бірақ бұл жерге еңбектесем де келемін деп уәде берді» деп қуантқан. Сондықтан табиғат аясына тігілген ноғай термесінің сыйлы меймандары – қазақ бауырлар болса, біздің, қазақтардың күткеніміз – ноғай жыршысы еді.  

Бөлісу: 

Құнды мұра

Ақтөбенің құнды мұрасы

 

«Ақтөбе өңірінің музыкалық мұрасы» атты аудиожинақ жарыққа шықты. Алғысөзін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жазған жинаққа Ақтөбе жерінде туған, өмір сүрген белгілі ақындар мен халық композиторларының шығармалары енген. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай шығарылған ән мен күй жиынтығында 12 СD диск бар. Оған 213 шығарма енгізілген.

Ақтөбе облысы әкімдігінің, Ақтөбе облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның тапсырысы бойынша шығарылған жинаққа енгізілген туындылар кемінде үш ғасырды қамтиды. Антологияны шығарушы продюсер, мәдениеттанушы Альберт Сафуллиннің айтуынша, бұл жинақты шығару үшін екі жылдай уақыт кеткен.

Ақтөбе өңірі музыкалық мұраға аса бай. Дәулескер күйші Қазанғаптан бастап, Батақтың Сарысы, Қызыл Тұрдалыұлы, Сарышолақ шайыр, Боғда Қараұлы, Үсен төре, Таразы Кәленқызы, осы жерде ізі қалған Асан қайғы, Мөңке Тілеуұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Ақтан Керейұлы, Әбубәкір Кердері, Тәңірберген Молдабай, Наурызбек, Тілеумағамбет жыраулар, Нұрпейіс Байғанин сынды әнші-жыраулар мен халық композиторларының, кейінгі Ахмет Жұбанов, Бәкір Тәжібаев, Ғазиза Жұбанова, Бақыт Басығараев, Қадірәлі Ержанов, Сәдуақас Балмағамбетов сынды композиторлардың шығармалары, Қуандық Шаңғытбаев, Сағи Жиенбаев, Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Қайырғали Қожанбаев, Бейбіт Оралұлы, Абдулхамит Райымбергенов, Жайлау Асылханов сынды ақындар, композиторлар мен күйшілердің шығармалары осы жергілікті рухани мұраның бөлшектері.

Бөлісу: 

Тылсым

Тылсым

Теріс оқу пайдалы ма?

 

«Теріс оқу» деп қазақ дуа оқуын айтқан. «Нақу бітірген молда пері ұстапты» деген сияқты ертегіге бергісіз әңгімелер ел ішінде әлі айтылады. Біздің төртінші атамыз Тілеубайдың үлкен ұлы Сыдиық ғұлама ишан атанған адам. 1937 жылғы қызылдардың қырғынында Қарагөбен деген ағамыз ишан атамыздан қалған бір сандық кітапты көмбек болады. Байдың ұрпағы, молданың тұқымы болсаң бүйідей тиіп, қырып-жойып жатқан заман. Қарагөбен де ескіше білімді, «Молдаға» атанған кісі екен. Тайсойған құмындағы аталарымыздан қалған ескі қыстауға келіпті. Жанына Құттымұрат ақамызды ертеді. «Ал, балам, мынау ғұлама, сұпы аталарыңнан қалған мұра. Болашақта ескіні жоқтайтын заман болса бір қажетіңе жарар. Жадыңнан шығарма» дейді.

«Қоржынға теңдеп әкелген кітаптарды сандыққа салмас бұрын Молда ақам қыстаудың іргесінен 2-3 тасын алып, орын әзірледі. Мен әуесқойлығым ұстап, кітаптарды ашып қарай бастадым. Бір үлкен кітапты ашқанымда ішінде үлкен төртбұрыш сызылған екен. Төртбұрыштың іші-сырты қарама-қарсы орналасқан үшбұрыштар. Әр үшбұрышқа арабша жазу жазылған. «Осындай да кітап болады екен?» деп қызықтап парақтап отырғанымда Молдағам көріп қалып, түсі бұзылып кетті.

– Құттымұратжан, қалай қорықпай ұстап отырсың? Бұл дуа кітабы ғой! - деді.

Шошып кетіп жаба салдым. Сасқанымнан:

– Сіз болғасын қорықпай отырмын ғой, Молдаға, - деппін.

Молдағам кітаптарды сандыққа мұқияттап салып, сыртын құрым киізбен орап қуысқа тығып еді» деп есіне алатын кейін Құттымұрат ақам.

Осы жерде Шапағат Хабибуллин ақсақалдың да әңгімесін келтіре кетейік.

Бөлісу: 

Бастама

Бастама

Абзал ҚҰСПАН:

«Отбасы хрестоматиясы» - ата-бабадан қалған ғибрат!

 

Айдана ХАМИДУЛЛИНА,

журналист,

Орал қаласы

 

Интернет арқылы 80 000 кітап ұсынып, Орталық Азиядағы ең үлкен кітап сату жүйесін қалыптастырған «Книжный город» интернет-дүкені жақында оқырмандардың ең көп сұранысына ие болған шығармалардың рейтингін ұсынды. Сөйтсе, қазақстандық бестселлер кітаптардың тізімінде №1 орынға – «Әлдиден эпосқа дейін», №2 орынға – «Сияр Шәріп» кітаптары шығыпты. «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен жарық көрген бұл кітаптар соңғы жылдары әлеуметтік желілерде ең көп насихатталатын, ең көп сатылатын дүниеге айналған.

 

Идея қалай туды?

Бір қызығы, қазақстандық оқырман қауымды елең еткізген бұл жобаның тууына мұрындық болған – оралдық заңгер Абзал Құспан екен. Қазақстанда қоғамдық пікір туғызған түрлі сот процестеріне қорғаушы болып қатысқан, мемлекеттік тілдің жанашыры ретінде де жақсы танымал Абзал Темірғалиұлы былай дейді:

- Өзім ауылдың баласымын. Бірақ балаларым қалада өсіп жатыр. Олар мен көрген ауылдық тәрбиені көрген жоқ. Олардың болашақта қандай адам болары мені алаң қылды. Баланың қазақы бітім-болмысын қалыптастыратын бір кітап болса ғой деп жүретінмін. Санжар Керімбай деген азаматқа осы ойымды айтқанымда, ол сәл ойланып, келісті. Жанына Әділбек Нәби мен Мұхит Төлеген есімді жігіттерді алып, іске кірісті. Мен ол жігіттерге шығармашылық еркіндік бердім. Нәтижесінде, бесік жырынан басталып, батырлар жырымен аяқталатын ғажап кітап дүниеге келді...

Бөлісу: 

Кемпірқосақ

Кемпірқосақ

Сумароко Василий Антонович

 

1939 жылы 15 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Долинное ауылында туған. Кескіндемеші. 2013 жылдан бастап Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі.

5-ші сыныптан бастап Пионерлер үйі жанындағы бейнелеу өнері үйірмесіне барады, алғашқы акварелдік жұмыстарын сонда жазады. Табиғатынан бар талантты, акварелдің қыр-сырын меңгерген ұстазы Гольдштейн ұштайды. «Оқытушымыз табиғат аясына пленэрлік жұмыстар жазуға бізбен бірге шығатын, салған жұмыстарының өзіне көрнекілік құрал есебінде қарайтынбыз, ол кісіден көп үйрендік»,-деп еске алады Василий Антонович.

Әскери міндетін өтегеннен кейін, 1962 жылдан бастап кескіндемемен тұрақты айналысады, 1963 жылдан қалалық, облыстық, республикалық деңгейде өткізілген барлық сурет көрмелеріне қатысқан. Кескіндеме техникасын жақсы меңгерген - акварелдік, майлы бояумен салынған суреттерінен үлкен кәсібилік көрінеді.

Бөлісу: 

Құлпытас сырын ашайық!

Құлпытас сырын ашайық!

Нұрлан Құлбаев,

Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» ММ директоры

 

Ескерткіштер – ел мұрасы

 

Маңғыстаулық ғалым әріптесіміз Нұрлан Құлбаев – біраз жылдан бері Батыс Қазақстан өңіріндегі эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеп жүрген білікті маман. Жақында ғана Алматы қаласындағы «Бабамұра» баспасынан Нұрлан Абызұлының «Арал-Каспий тарихи-мәдени ескерткіштеріндегі араб графикалы мәтіндердің анықтамалығы» атты кітабы жарыққа шықты. Жинақта Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстары аумағында жатқан араб жазулы құлпытастардың қазіргі әліпбиге аударылған мәтіні берілген. Біз төменде жаңа кітаптан шағын үзінді ұсынып отырмыз.

 

 

Қазақ даласында да әлемді таңғалдыратын небір тарихи орындар мен ескерткіштер бар. Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы бойынша республикалық дәрежеде 5, жергілікті маңызы бар, мемлекеттік тізімге енген 60 тарихи-мәдени мұра нысаны бар. Оның 146-сы – жергілікті маңызы бар ескерткіш.

Жергілікті маңызы бар тарихи ескерткіштер қатарына ғасырлардан жеткен, көп жыл бұрын тұрғызылып, қазіргі уақытқа дейін сақталған мешіттер, сағанатам, күмбезтам тағы басқалары кіреді. Мемлекеттік тізімге енген барлық тарихи-мәдени нысан ауылдық, селолық округтердің есебінде. Ескерткіштер жергілікті мекемелердің шефтік көмегімен күтіліп, қорғалады. Жыл сайын жай жөндеуден өтіп, күтіледі. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы көлемінде көптеген тарихи-ескерткіш жаңа құрылыс нысандары мен ірі компаниялар аумағында қалуына байланысты жойылып жатыр. Құдайға шүкір, Түпқараған ауданында мұндай оқиға әзірге кездескен жоқ. Төменде Жамбауыл қорымы ескерткішінің эпитафиясын ұсынамыз.

Бөлісу: